Биыл қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның мерейтойын атап өту туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Сондай-ақ Президент "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында "Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты", деген еді. Ал, жуырда ғана Мемлекет тарапынан 10 тамыз – еліміз бойынша Абай күні болып белгіленді.
Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласында да Абай күні лайықты деңгейде аталып өтті. Тараз қаласының әкімдігі тарапынан облыс орталығындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, келушілер ұлы ақын рухына тағзым етті. Сондай-ақ Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Абай ескерткішінің маңында ақын шығармаларынан радиоконцерт қойылды. Мұнда ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Ал, облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасы Абай әлеміне қатысты кітаптардан көрме ұйымдастырды. Көрмеде бірқатар тілдерге аударылған Абайдың өлеңдері мен қарасөздері және Абай туралы жазылған кітаптар бар. Ағымдағы жылы бұл бағытта аталған кітапхана қорына 67 атаудан тұратын 200-ден астам кітап сатып алынған. Абай күніне орай, республикалық "Ежелгі Тараз ескерткіштері" тарихи-мәдени қорық-музейінің ұжымы көпшілікке ұлы ақынның бейнесі салынған түрлі картиналарды таныстырды.
Сонымен қатар "Жастар" қабілет орталығында "Ғылым таппай мақтанба" атты Абай шығармашылығына арналған конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов көпшілікті еліміз үшін маңызы зор рухани мереке – Абай күнімен құттықтаса, "Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігінің төрағасы Арман Әубәкір ұлы Абай шығармашылығына тоқталды. Сондай-ақ бұл күні облыстық ішкі саясат басқармасы жариялаған "Мәңгілік ел алыптары" атты эссе байқауының да жүлдегерлері анықталды.
Жамбыл облысы