Жуырда Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында ірі табиғи өрт оқиғасы орын алған болатын. Оқиға аудан орталығы Мойынқұм ауылынан 180 шақырым қашықтықта болып, тілсіз жаудың салдарынан құрғақ шөп пен сексеуіл жанған. Айтып келмейтін апатты ауыздықтауға өңірдегі тиісті мекемелерден адам күші, техника түгел жұмылдырылған.
Алайда соған қарамастан «Мойынқұм орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аумағындағы құмды жердегі құрғақ шөп пен сексеуілдің жануын сөндіру шаралары төрт күнге дейін созылған. Тілсіз жау мұнымен қоймай, Ақкөл, Жамбыл, Меркі, Ұланбел және Қосқұдық орман шаруашылықтарының аумағына дейін таралған. Абырой болғанда, елдімекендерге қауіп төнген жоқ. Дегенмен де табиғи байлықтардың отқа оранып, әп-сәтте күлге айналып кетуі алаңдатарлық жағдай.
Әрине қай күні қай жерден тілсіз жаудың тап беретінін ешкім де білмейді. Бірақ Мойынқұм даласындағы өрт мұндай жағдайда тиісті мекемелердің өзара әрекеттесуінің әлсіздігін көрсетті. Яғни өңір өртті дер кезінде сөндіруге дайын болмай шықты. Тиісті басшылардың тілсіз жауды тоқтатуда қауқарсыз екені көрінді. Мәлімет бойынша, тұтқиылдан лап берген қызыл жалынды ауыздықтауға барлығы 291 адам күші, 61 техника және 1 тікұшақ жұмылдырылған. Сондай-ақ бұл іске облыстық төтенше жағдайлар департаменті, Мойынқұм, Байзақ, Меркі, Қосқұдық, Қордай, Жуалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерінің адам күштері мен құралдары, Мойынқұм ауданының ерікті өрт сөндіру құрамалары, сондай-ақ «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік кәсіпорны да атсалысқан.
Бірақ тілсіз жау төрт күн дегенде әрең тоқтатылды. Бұл орайда облыстық әкімдік тарапынан табиғи өрттің бірнеше тәулік бойы сөндірілмеуіне тиісті құрылымдардың әлсіз жұмысы салдарынан жол берілгендігі айтылуда. Сонымен қатар, бүгінде өңірде орман және дала өрттерінің алдын алу, оларды жою мәселелері де күн тәртібінде тұр. Ал аталған мәселеге қатысты Жамбыл облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков өртті құмда сөндіру өте қиынға соққанын, оған қоса қатты жел өрт сөндіруге кері әсерін тигізгенін айтты. Дегенмен аталған басқарма басшысы тиісті қызметтердің әлсіздігін де мойындады. Енді бұл орайдағы мәселелерді шешу үшін ол жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жедел топтарды рациямен қамтамасыз етуді ұсынуда. Орман қорының жай-күйі туралы барлық жедел ақпарат көрсетілетін мобильді қосымша әзірлеп, арнайы киімдер сатып алу қажеттігі де маңызды мәселенің бірі болып отыр. Егер аталған ұсыныстар қабылданатын болса, бұдан былай өңірде өрт сөндіру мәселесінде мұндай кедергілер туындамауы мүмкін. Алайда жүздеген адам күші мен техникалардың өзі тілсіз жауды дер шағында тоқтатуға сеп бола алмағанда, енді қабылданатын шаралардың да нәтижелі болуы екіталай.
Мыңдаған гектар аумақты қызыл жалын шарпығанмен, өрттен зардап шеккен адамдар жоқ. Дегенмен болары болып, бояуы сіңіп болған соң ғана осындай өзекті мәселелердің көтерілуі тиісті басшылардың жұмысына сын. Жауапты адамдардың өз жұмысына немқұрайды қарауы да тілсіз жаудың тез арада тоқтамағанын көрсетеді. Әрине қызыл жалынның құрсауында аждаһамен алысқандай болып жүріп өрт сөндіру де оңай шаруа емес. Тіпті мұндайда адамның өз басын бәйгеге тігетін кезі де аз болмайды. Бірақ өрт шығуы ықтимал аумақтардың дер кезінде қадағаланбауы, нақты бір өзара әрекеттесудің тетігінің болмағандығы осындай жағдайда аяқ астынан абдыратып-ақ тастайды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Мақсат Қосыбаевтың айтуынша, осы жылдың басынан бері облыс аумағында 241,5 гектар аумақта 31 өрт, 44 632 гектар алқапта 14 орман өрті, сондай-ақ 14 гектар алқапта 3 дала өрті оқиғасы орын алған. Жеті айдың ішінде бұл аз шығын емес. Аталған орман өрттері сөз жоқ экологияға да үлкен зиян келтіруде. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та мұндай жағдайлар дер кезінде анықталса, онымен күресу оңай болатынын айтқан еді. Сонымен қатар бұл мәселеге жауапкершілікпен қарау және болмашы сылтауларды іздемеу керегін де ескерткен. Енді бұл сыннан жауапты басшылардың нәтиже шығаруы да уақыттың еншісінде.
Шіліңгір шілденің ішінде тағы да Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылынынан 100 шақырым жерде, яғни «Луговой» орман шаруашылығының аумағында құмды жерде құрғақ шөптің жану оқиғасы орын алған болатын. Бұл өрт көрші Меркі ауданының «Сарықоба» орман шаруашылығының аумағына өтіп кеткен. Мәлімет бойынша, тілсіз жау 8 мың гектар аумақты қамтыған. Апат айтып келмейді десек те, сол апатты ауыздықтау үшін бүгінде өңірдегі табиғат қорғау мекемелерінде барлық мүмкіндік бар екен. Орман қорының жерлерінде 30-дан астам өртке қарсы мұнара мен 61 бекет орнатылған. Ал облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының арсеналында 20-ға жуық автокөлік, 66 соқалы трактор, 10-нан астам үш тонналық әмбебап цистерна-тіркемелер бар. Сонымен қатар ғарыштық мониторинг өрттің пайда болу ошақтарын есептеуге мүмкіндік береді. Өрт сөндіру жасақтарында бүгінде 557 адам жұмыс істейді. Дегенмен аталған басқарма қолда бар мүмкіндіктерді ұтымды пайдалана алмауда. Жер және су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша жұмыстар да жүргізілмеген. Егер бұл жұмыстардың бәрі де бір жүйеге түсіп, аталған ұсыныстар қабылданатын болса, бәлкім қызыл жалынның әлегі тәуліктеп созыла қоймас...
Жамбыл облысы