Әлем жұртшылығын әбігерге салған індеттің толастайтын түрі көрінбейді. Күрестің бір парасы – адам өмірін сақтап қалуға жұмылса, екінші бір аса маңыздысы – дерттің алдын алатын вакцина жасау ісі. Дүние жүзі ғалымдарының ізденістері арқылы бүгінде ДДҰ-да қолдануға үміткер-вакциналардың тізімі жасалды. Соның бірі – қазақстандық ғалымдар қолынан шыққан вакцина. Біз вакцинаны даярлап жатқан еліміздің Ғылым комитетіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры Күнсұлу ЗӘКӘРИЯМЕН сөйлескен едік.
– Білуімізше, бірнеше ғалым әріптестеріңізбен бірге өз қолдарыңыздан шыққан вакцинаны қабылдап көрген екенсіздер. Әзірге қандай да бір қорытынды жасауға бола ма? Ауру белгілері пайда болды ма, анти дене түзілуі қалай?
– Иә, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның бір түрін әзірледі. Бұл препарат инактивтелген вакцина деп аталады. Құрамындағы ауру қоздырушысы вирустың уыттылық қасиетін инактивант қолданып жою жолымен алынды. Аталған вакцинаның технологиясына бірнеше кезеңдегі зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы қол жеткізілді.
Жалпы, кез келген биологиялық препаратты бірден дайындап шығару мүмкін емес. Алдымен наурызда тіркелген алғашқы науқастардан COVID-19-дың тірі штаммы құрамынан вирус бөлініп алынды. Алғашқы кезеңде КВИ қоздырушысын жасуша өсіндерінде бейімдеп өсіру барысында, вирустың биологиялық қасиеттері зерттелді. Кейіннен инактивантпен ауру қоздырушысының уыттылығы жойылды, содан кейін ағзаға еккенде иммунитетті (ауруға қарсы тұрушылық күш-әлуетті) қосымша күшейту мақсатында вакцина құрамына адъювант қосылып, содан кейін ғана вакцинаның иммунды-биологиялық қасиеттері тексеріледі.Жалпы алғанда кез келген вакцинаны аурудың арнайы алдын алу мақсатында қолданады. Сондықтан да, вакциналық препаратты қолданғанда ешқандай аурудың белгісі болмауы керек, керісінше ауруды болдырмауы қарастырылады. Вакцина ағзаға түскенде антиген ретінде сол аурудың қоздырушысына қарсы антиденелер түзіледі, осылайша ауруға қарсы иммунитет қалыптасады. Қазіргі көрсеткіш көңіл көншітерлік дәрежеде.
– Отандық вакцинаны жасауда қандай әдіске жүгіндіңіздер? Жоғарыда айтқан адьюванттарды қалай қолдандыңыздар?
– Жоғарыда келтіргендей, вакцинамен аурудың алдын алу үшін дауалау кезінде ағзадағы иммунитетті қосымша күшейту үшін инактивтелген препараттың құрамына адъювант қосылады. Бұл да өте маңызды және жіті қарауды талап ететін дүние. Оны бірден алып вакцинаға қоса салмайды, сол үшін осы мақсатта табиғи немесе синтетикалық жолмен алынған бірнеше адъювант сынақтан өткізілді. Олардың вакцина құрамына қосылатын түрлері, мөлшері, тағы да басқа параметрлері бірнеше қайталанған ғылыми тәжірибелер барысында анықталып, соңғы нақты нәтиже алынғанда ғана биологиялық препарат құрамына қосылды.
– ДДҰ-ға кандидат ретінде тіркелген басқа вакциналардан қазақстандық өнімнің қандай айырмашылығы бар?
– КВИ-ға қарсы отандық вакциналық биопрепаратты әзірлеу барысы Білім және ғылым министрлігі қаржыландыратын Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында орындалып жатқан ғылыми-техникалық бағдарлама шеңберінде жүргізілуде. Бұл бағдарлама барысында COVID-19-ға қарсы бес түрлі биопрепаратты әзірлеу технологиясына қол жеткізу жоспарланған, олар: инактивтелген, суббірліктік, екі векторлық және тірі вакциналар болып жіктеледі. Қазіргі кезде осылардың ішінде ғалымдарымыздың жан-жақты жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері ретінде инактивтелген және суббірліктік вакциналары кандидат ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеліп бекітілді. Ғалымдарымыз вакциналарды алу барысында отандық және шетелдік ғалымдардың озық нәтижелері, сонымен қатар биологиялық препараттарды өндірудегі институтымыздың өзіндік жоғары нәтижелерін ескеріп, оны сұрыптап, ішіндегі оңтайлы және тиімді технологияларын таңдап алды. Ал барлық зерттеулер салыстырмалы түрде бірнеше рет қайталанып жүзеге асырылады.
– Вакцина инактивті екенін айтып өттіңіз, ал өзге елдерде гендік және векторлы вакциналар жасалуда. Дәл осы жолды таңдау себебі неде?
– Ғылыми деректерде тұмау вирусы сияқты КВИ ауру қоздырушысының мутациялық өзгеріске ұшырауы туралы мәліметтер жиі кездеседі. Әрине, ғалымдарымыз бұл жағын да қарастыруда, сондықтан ауру қоздырушы вирус штаммына гендік деңгейде молекулалық-биологиялық тереңдетілген зерттеулер жүргізілуде. Осындай жан-жақты зерттеулерді жүргізуде институттың ғылыми-техникалық базасы мен мол тәжірибелі ғалымдардың толық мүмкіндігі бар және зерттеу нәтижелері болашақ вакциналық препаратты алу технологиясын әзірлеу барысында ескеріледі.
– КВИ-дің мутацияға ұшырауы вакцина жасаудың жолын бөгемей ме? Бәлкім, үнемі жаңа штамдарының пайда бола беруіне байланысты вирусологияда онымен күрестің басқа да баламалы жолдарын қарастыру керек болар? Вакцина жасаудағы жұмыста қандай да бір туындаған қиындықтар кездесті ме?
– Негізі ғылым дегеніміз – проблемасы қатар жүретін сала. Ғылым сол үшін де ғылым, ол алда тұрған мақсатты проблемаларды шешуге бағытталады. Сол себепті таңдалған бағытта тер төгіп, толыққанды ізденістер жүргізу арқылы оң шешімдер шығарылады. Бұл орайда, институтымызда орындалып жатқан ғылыми-техникалық бағдарлама шеңберіндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарымыздың толық нәтижесі ретінде КВИ-ға қарсы отандық вакциналық препараттарды алу барысында тек уақтылы қаржыландыру мәселесі шешіліп отыруы маңызды. Біздің ғалымдардың межелі мақсаттарға жетуге мүмкіндіктері өте зор. Оған ғалымдардың ғылыми әлеуеті жеткілікті.
– Вакцинаның клиникалық сынақтан өтуі жайында не айтасыз?
– 18 жастан 50 жасқа дейінгі 44 еріктінің қатысуымен клиникалық сынақтардың бірінші кезеңі басталады деп жоспарланып отыр. Ерікті жандар вакцина салғаннан кейін 42 күн бойы бақылауда болады. Қазан айының ортасында клиникалық сынақтардың екінші кезеңін бастау жоспарланған, бұл 2020 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс. Ал кандидаттық вакциналардың клиникалық сынақтары оң нәтиже берген жағдайда Жамбыл облысы Отар кентіндегі Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жанынан салынып жатқан биофармацевтикалық зауыт базасында вакциналар өндірілетін болады.
Әңгімелескен
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»