• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Тамыз, 2020

Құлқын һәм құлдық

629 рет
көрсетілді

Келмеске кеткен Кеңес Одағының жер-жебіріне жетіп, игілігімізді рұқсатсыз иемденген мәскеулік ұлықтарды жеті атасына дейін қарғап-сілеп, бар кінәні де, бар күнәні де солардан көріп, жанымызды жұбатып келгенімізге де отыз жылға жуықтапты. Яғни тәуелсіздік алғанымызға осыншама жыл. Бұрынғыдай бар байлығыңды тартып алатын орталық жоқ, кадрлық саясатқа да Мәскеу араласа алмайды. Қысқаша қа­йыр­ғанда, төл мемлекетіңе өзің би, өзің қожасың...

Құдайға шүкір, еліміз тәуелсіздік алғалы ортамыз толыса түсті, халқымыздың саны да біртіндеп артып келеді. Атажұртқа бет бұрған көш-керуеннің арқасында алыстан келген ағайындар айбынымызды асырып, алаш ұрпағының саны Қазақстанда 70 пайыз­дан асты. Ширек ғасыр ішінде тілдік орта да оң өзгеріске ұшырап, ана тілін ардақ­тайтындардың есебінен қазақ тіліндегі мектептер көбейіп, колледждер мен жоғары оқу орындары мемлекеттік тілде «сөйлей бастады». Соған сәйкес ұлттық кадрлар да билік тізгініне ие бола бастады. Қазақ елін қазақтар ғана басқарады: басшысынан қосшысына дейін. Олай болса, мемлекеттің тасы неге өрге домалап, халықтың қыруар байлығын елдің өз игілігіне жаратуға не кедергі болып отыр? Жерінің асты-үсті байлыққа толы мемлекетті дәулетті, демократиялық елдер қатарына қосу үшін отыз жыл аз мерзім бе? Аз мерзім дейін десең, басқаларға қарайсың да таңғаласың. Кеше ғана бір Одақтың шаңырағы астында болған Балтық бойы елдері бізден оқ бойы озық кетіпті. Соншалықты байлығы болмаса да. Алақандай Грузия да еңсесін тіктеп, басқаларға алақан жаюдан құтылуға таяу көрінеді. Қазақ елінің жан-жақты өрістеуіне, байлығын тиімді қажетіне жаратуына кедергі болып отырған не сонда? Жемқорлық!!!

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңды бұрынғы кеңестік кеңістік аумағында алғаш­қылардың қатарында қабылдадық деп қа­лың көпшіліктен сүйінші сұрады билік­тегілер. Сөйтсе, мәселе заңды қабылдау­мен іс бітпейтін көрінеді. Заң жұмыс істеуі керек екен. Біздің заң солқылдақ болып шықты. Орындалуы нашар. Азусыз. Заң қабылданғаннан бері ерегіскендей сыбайлас жемқорлық үдей түскен тәрізді. Әу басында 5 мың теңгеден басталған «құл­қынның құны» бүгінде миллиардқа ұласты.

Кеңестік кездегідей елге жаны ашымайтын сырттан келген кадрлар емес, билік басында осы жерде туған, өсіп-өнген жандар ғой. Олардың туған халқына, төл мемлекетіне жаны ашыса керек-ті. «Елдегі жемқорлар ұлт жағынан кім десек – қазақтар. Шын мәнісінде, біз бүгін өзін-өзі ұрлап, тонайтын ұлтқа айналып барамыз. Басқа ұлттың өкілдері: «Қазақстанда тұратын қазақтар, сендер бірінші жемқорсыңдар, билікке ұлтың үшін, халқың үшін келген жоқсыңдар, баю үшін келдіңдер!» десе, бұл сөздің жаны бар» деген еді ұлт қайраткері Амангелді Айталы. Ащы да болса ақиқат. Құқық қорғау орган­дарының қоржынындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты деректер қайраткердің осы тұжырымын айғақтай түсетіні сөзсіз. «Сенген ерім сен болсаң» деген осы да...

Қазақ болмысын шебер бейнелейтін жазушы Бейімбет Майлинше сөз қайырар болсақ, соңғы кездері «Өз құлқыны үшін қандай болса да сатып кете беретін жігіт» қатары көбейіп барады. Көбейгені соншалық, ендігі жерде құлқыны зорлар миллиондарды қойып миллиард­тарды қиналмай жұтатын болды.

Әлемдегі сыбайлас жемқорлықты елеп-екшеп отыратын The Corruption Perceptions Index атты ұйым бар. Іргелі ұйымның индекс шкаласы 0-ден (жемқорлықтың ең жоғары деңгейі) басталып, 100-ге (жемқорлықтың ең төменгі деңгейі) мемлекеттік сектордағы жемқорлық деңгейінің қанат жаюы негізінде есептеледі. Ұйымның 2019 жылы жүргізген зерттеуінің нәтижесіне ден қояр болсақ, билігі жемқорлықтан ада елдердің көш басында Дания мен Жаңа Зеландия тұр (87). Одан кейінгі орында Финляндия (86). Мемлекеттік органдары жемқорлық жайлаған елдер арасында Қазақстан 180 мемлекеттің ішінде 114-орында (34). Біз жоғарыда тілге тиек еткен бұрынғы одақтас республикалар Литва (37-орын), Грузия (46-орын), Латвия (47-орын). Осылайша озық 30 елдің қатарынан көрінуге ұмтылған Қазақстан керенау кеңселерде жемқорлық белең алғандардың ортасынан ойып тұрып орын алыпты. Жемқорлықты ауыз­дықтамай, «отыздыққа» енудің ауылы алыс екені белгілі.

Кеңестік кезеңде коммунизм идеясына құлшылық еткендердің орнын бүгінде, еліміз азаттық алған тұста құлқынға құлшы­лық жасайтындар иеленді. Құлқынға емес, Аллаға құлшылық жасайтын болса, Пайғам­барымыздың (с.ғ.с.) «Уаллаһи, сіздерден біреуіңіз алуға ақысы жоқ бола тұра бір нәрсені (пара) алса, қиямет күні Алланың алдына соны жүктеп барады» дегенін жадына тоқыр еді ғой...