Сенат депутаты Рысқали Әбдікеровтің Қарағанды облысына сапары Нұра ауданымен жалғасты, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері сенаторға өңірде кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Өз кәсібін ашқан тұрғындар «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларының игілігін көріп отыр.
Аталған жол картасы аясында аудан бойынша жиырмаға жуық жоба қолға алынған. Олардың жалпы құны бір жарым миллиард теңгені құрайды. Соның ішінде 15 жоба инфрақұрылым саласына тиесілі болса, қалғаны инвестициялық бастамалар. Қазіргі таңда ауданда мектеп құрылысы және жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ көшелерге жарық шамдары орнатылып жатыр.
Сапар барысында Сенат депутаты коронавирус індетіне қатысты аймақтағы ахуалға ерекше көңіл бөліп, Орталық аудандық ауруханаға арнайы барды. Жергілікті мамандардың айтуынша, пандемия басталғалы бері ауданның 1700-ге жуық азаматынан сынама алынған. Соның 246-сынан дерт жұқтырғаны анықталған. Дегенмен, бүгінде науқастардың 90 пайызы емделіп шыққан.
Өз кезегінде сенатор емдеумен бірге, ауруды анықтау, алдын алу шараларын үнемі басты назарда ұстау керектігін айтты. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасымен науқастардың үйлеріне барып медициналық қызмет көрсететін екі бірдей мобильді бригада құрылғанын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар сенатор аудандық прокуратураның қызметкерлерімен кездесті. Соның барысында Рысқали Әбдікеров азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру үшін Үкіметтің арнайы бағдарламаны қолға алғанын және Парламент осы мақсатпен бірқатар заң қабылдағанын жеткізді. Депутат Парламенттің Қылмыстық кодекске түзетулер енгізгенін де тілге тиек етіп, мұндай шаралар ауылдық жерлерде қылмысты азайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.