• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Тамыз, 2020

Вальс королі

1091 рет
көрсетілді

Оның әндері – әр қазақтың жүрек төрінде мәңгілік салтанат құратын ғұмырлы әуендер! Ол – ән арқылы Отанына қорған болған қайраткер. Ол – өнер арқылы ұлтты тұтастырғысы келген бірегей тұлға!

Шәмші әндері – қазақтың өзін­дей қарапайым, қазақтың өзіндей дана.

Бір ғана «Менің Қазақстаным» маршы – жер бетінің әр түкпі­рін­дегі жүрегі қазақ деп соққан қа­ра­көз қан­дастарымызды бірік­тіре­тін ұлы күшке айналды! Әннің Ән­ұранға айналуы – сазгер ба­қыты. Шәм­шінің шынайы болмысы өзінің өлмес мұраларында ғасырлардан ғасыр­ларға жалғасып ғұмыр кеше береді.

Еліміздің көк байрағы биікке көтеріл­генде қоса шырқалатын азат­тық жыры осы әуен – «Менің Қазақстаным!».

Шәмші азаматтық лирика мен махаббат сазын қатар тербе­ген қайталанбас композитор. Оның т­амырында тулап аққан ұлы сарындар сонау көне заманалардан да, өзі өмір сүрген дәуірден де қол бұлғап жатады!

Шәмші әндері – өзі өмір сүрген әдеби-мәдени ортаның да тыныс-тіршілігінен, қоғам келбетінен, се­зім суреттерінен ұдайы сыр шер­тіп тұратынымен құнды.

Үш жүзге тарта әннің авторы ретінде қазақ даласын әнге бөлеген Шәмші құбы­лысы жаңа буынға әрдайым темірқазық жұлдызындай жарығын шашып келеді.

Сазгер Шәмшінің небір қы­зық­тарын қатар кешкен ақын Тұман­бай Молдағалиев:

«Шәмшінің әні, Шәмшінің әні – әніміз,

Біраздан кейін Шәмші боп кет­тік бәріміз» депті.

Қалай дәл тауып айтылған сәтті сөз, сазгерге деген ұлы сағынышты оятатын тамаша тіркес!

Қалдаяқовтың қайталанбас өнер туындыларының қайыр­ма­сына қосылып отырып-ақ өзіміздің де қай уақытта Шәмшіге айналып кеткенімізді аңғармай қалған кездеріміз аз емес.

Шәмші әндері шаттықтан сың­ғыр­лаған дауыстарда, қуа­ныштан балбұл жанған көздерде, сағынысқан ыстық құшақтарда өмір сүреді!

Шәмшінің әндері – өмірдің өзіндей әсем, адам жанындай сұлу!

Шәмшінің шедеврлері әлбетте қазақтың классик ақындарымен ай­рықша. Оның әндерінен әлбетте Мұқа­ғали Мақатаевтың, Қадыр Мырза Әлінің, Жұме­кен Нәжімеденовтің, Төлеген Ай­бер­геновтің, Тұманбай Молдағалиевтің қолтаңбасын кездестірмей өтпейсіз.

«Шәмшіге айт,

Тағы да бір таңдандырсын,

Жындандырсын жүректі, жандандырсын!

Мәңгі өлмес Махаббатым айта жүрер,

Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын!» дейді Мұқаң, Мұ­қағали Мақатаев. Осы бір ауыз өлеңнің өзінен-ақ біздің көз ал­дымызға ұлы махаббатты сиқырлы сазға бөлеген Шәмші образы ай­қын келеді.

Шәмші әндерінде дала өмірі мен қала өркениеті астасып жатады. Қол ұстасқан ғашық жас та, қырмандағы еңбекқор егде де Шәмші әнімен тыныстайды.

Қазақ руханиятын байытқан үркердей топтың ішінде Шәмші феномені әрқашан сонысымен дараланып тұрады.

Шәмші – қазақтың кең-байтақ сахарасын ән-құшағына басқан дегдар.

Шәмшіні вальс королі дегені­мізбен, оның жігерлі, қайратты, рухты әндері үнемі қазақтың асқақ мінезін танытар еді.

Жүректі шымырлата бойды билеген ғажайып туындылар – қазақтың жаны десек те артық айтқандық емес.

Қазақ руханиятындағы Шәмші шы­ра­ғы әрдайым жарқырап тұра берсе дейміз!