• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 20 Тамыз, 2020

Денешынықтыру пәніне дұрыс көзқарас қажет

2751 рет
көрсетілді

Гаджеттер өмірімізге дендеп енбей тұрғанда ауладағы ойынның қызығына батқан балаларды ата-аналары қараңғы түссе де үйге кіргізе алмай жүретін. Ал «телефонмен туған» бүгінгінің балдырғандарын әке-шешелері үйден далаға шығара алмай әлек болады.

Қасаң ойдан арылу керек

Әне-міне дегенше жазғы дем­алыстың соңғы айы да тәмам­далуға таяу. Ата-ана, мұғалім, оқушы, жалпы қоғам болып жаңа оқу жылын қашықтан оқыту форматында бастауға да­йын­далып жатыр. Енді сабақ оқу үшін техникаға телміретін бала­ның денсаулығын сақтауға сеп­тесетін, бірақ маңызды пән­дер­дің қатарына кірмейтін дене­шынықтыру сабағының жайы не болмақ?

Мектепте «менсінбейтін» денешынықтыру пәні студент атан­ған шақта ең маңызды, тіпті ең қиын пәнге айналғаны бар. Кейбір курстастарымыз бір ғана осы пәннен 3-ке қоры­тыл­ғанның кесірінен шәкіртақыдан қағылды. Сонда студенттердің басым бөлігі мектепте денешы­нықтыру сабағына тиіп-қашып қатысқанын, аталған пәннің сынып журналында оқушыларды түгендеумен ғана оқытылғанын ашық айтатын.

Шәкіртақыдан айырылған бір курстасымыздың: «Дене­шынықтыру деген мектепте ұлдар доп тебетін, қыздар солардың әрі-бері жүгіргеніне шемішке шағып қарап отыратын сабақ еді. Жыл бойы оқулықтың бір бетін ашпастан мектеп кітапханасына кері қайтаратынбыз. Енді міне, баскетболдың ережесінен емтихан тапсыратын күйге түстік», деп қынжылғаны есімізде. Шын мәнінде оқушыға дене тәрбиесі пәні болашақта стипендиядан қағылмас үшін яки үздік аттестатпен бітіруге ғана керек пе еді? Бұл пәнге деген қасаң көзқарасты қалай өзгертуге болады?

Гүлназ Айтжанқызы оқушы кезінен денешынықтыру пәнінің мұғалімі болуды қалапты. Бірақ ата-анасы қыз балаға ерсі деп таңдауына қолдау көрсетпеген көрінеді. Соған қарамастан кейіп­керіміз араға 4-5 жыл салып өзі таңдаған мамандыққа грант ұтып алған екен. 20 жылға жуық мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келе жатқан Г.Айт­жанқызы сабағы бір рет өтпей қалса, оқушыларының жылап көрісетінін айтады.

– Кез келген пәнге оң көз­қарас­ты қалыптастыру – сол пән­нен сабақ беретін мұғалімнің қолын­да. Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, кере­мет мұғалім көрсетеді, ал ұлы мұғалім шабыттандырады. Ең қиын пән денешынықтыру саба­ғы дер едім. Себебі бұл жерде ба­ланың өмірі, денсаулығы бірін­ші орында тұр. Шебер педагог кез келген жағдайда білім бере алады. Қашықтан оқыту фор­матына көшкен кезде де са­бағымыз уақтылы, жоспар бо­йынша жүріп отырды. Өткен IV тоқ­санда денені қыздыруға арнал­ған қимыл-қозғалыс жат­тығу­ларын әріптестерімізбен бірлесе видеоға түсіріп, әзірлеген роликтерді оқушыларға жіберіп тұрдық. Мен міндеттемесем де қызығушылықпен жаттығуларды жасаған сәттерін видеоға түсіріп, маған жолдаған оқушыларым болды, – дейді бүгінде Ақтау қаласындағы №3 орта мектепте жұмыс істейтін Г.Айтжанқызы.

 

Денені қашықтан қалай шынықтырады?

Көктемгі «төтенше тоқсан» көп нәрсеге көзімізді жеткіз­ді және мемлекет мәртебесін көтеру­ге құлықты педагог қауым мен жауапкершілік жүгі ауыр­лай түскен, әсіресе қит етсе мұға­лім­ді кінәлай жөнелетін ата-ана­ларға үлкен сабақ болды. Алдағы жаңа оқу жылы тағы қашықтан оқыту форматында басталмақ. Онсыз да барлық оқу ошағында бірдей өз деңгейінде өтпейтін денешынықтыру пәні қашықтан қалай оқытылады?

Халықаралық мектеп спорты федерациясының президенті Петринка Лоран Ұлттық ғылы­ми-практикалық дене тәрбиесі орталығы ұйымдастырған конференцияда қашықтан оқыту кезінде де денешынықтыру сабағына оқушыларды белсенді қатыстыру керегін атап өтті.

– Бүгінде балалар мен жасөс­пірімдер қимыл-қозғалыстың аз­дығынан түрлі ауруға жиі шал­дығады. Бұл сөзімізге жет­кілік­ті дәлел келтіруге болады. Коро­на­вирус инфекциясының әлемге жайылып, пандемияның өршіп кетуі бұған дейін де күн тәртібінде тұрған осы бір өзекті мәселені одан сайын ушық­тыр­ды. Біз Қазақстандағы Білім және ғылым министрлігінің каран­тиндік шектеулер кезінде түрлі онлайн спорт шараларын өткізіп отырғанынан хабардармыз. Осы үрдісті үздіксіз жалғас­тырған жөн. Пандемия бізге ден­сау­лықтың қадірін, со­ның ішінде спорттың адам өмі­ріне қан­шалықты маңызды еке­нін ұғындырды. Әсіресе балаларды қауіпті індеттен қорғау үшін олардың иммунитетін көтеретін денешынықтыру жаттығу­лары­ның маңызы зор, – деді П.Лоран.

Халықаралық сарапшының сөзіне қарағанда, вирусты жеңіп, әлемдік ахуал қал­пына келіп, оқушылар оқу ошақ­тарына орал­ғанда мектеп­терде дене­шы­нық­тыру пәнін оқытудың жаңа жү­йе­с­ін әзірлеп, бұрынғы мән бер­ме­ген кем-кетіктер ескерілген зама­науи әдістеме әзірленгені аб­зал. Бұл жұмыс балаларға дене­шынықтыру пәнінің маңыз­ды­лығын түсіндіруге, қызығу­шы­лы­ғын арт­тыруға бағытталуы қажет.

Ал Ұлттық ғылыми-практика­лық дене тәрбиесі орталығының ма­маны, педагогика ғылымдары­ның кандидаты Меруерт Тұяқ­баева ізденістегі педагог үшін қа­шық­­­тан оқытуға арналған заманауи контенттің көп екенін жет­кізді. Дегенмен дәл денешынықтыру пәнін қашықтан оқыту біз­дің педа­гогтерге ғана емес, осы пән­нен сабақ беретін шетел­дік мұ­ға­­лімдерге де жаңа сынақ болды.

– Байқасаңыз, математика, физика, химия, биология секілді барлық елдерде міндетті түрде оқытылатын негізгі пәндердің кез келген форматтағы оқу про­цесін ұйымдастырудың үлгі­лері бар. Интернеттің заманын­да бейнесабақтардың түр-түрін табуға болады. Еліміз­дегі мек­теп­тер қашықтан оқы­ту­ға көш­кенде бірден денешынықтыру пәнін жаңа форматта қалай ұйымдастыруға бо­ла­ты­­­­нын зерттеуді бастадым. Әлем ел­дерінің 79 пайызында нақ осы пән мектепте міндетті түр­де бағ­дар­ламаға енгізілген екен. Пан­демия кезінде осыншама елдің денешынықтыру пә­ні­­нің мұғалімдері тосын жағ­дай­ға тап келді. Себебі мұндай прак­­ти­калық пәннің қашықтан оқытуға арналған дайын видео дә­ріс­тері түгілі арнайы нұс­қау­лығы да болмады, – дейді М.Тұяқбаева.

Міне, осы әдістемелік нұсқау­лықты сарапшы М.Тұяқ­баева Ұлттық ғылыми-прак­тика­­лық дене тәр­биесі орталы­ғының өзі бас­шылық ететін зерт­х­ана­сын­­да дайындап шық­ты. Ға­лым-педагог әзірлеген нұс­қау­­лық­тың мәні «көбіне прак­тика­лық әре­кеттермен ұйымдас­тырылатын денешынықтыру пәнін қашықтан оқытатын мұ­ғалім өз мақсаты­на жету үшін оқушының білім алуын бақы­лауға айрықша көңіл бөлуі керек» дегенге саяды. Бірақ бұл тексеру де, бағалау да емес, бар болғаны кері байланыс орнату. Айталық, анкета жүргізіп, оқушылардан онлайн сұхбат алуға, шағын конкурстық жобалар ұйымдастырып, мониторинг жасауға, білім алушылар арасында қызықты эстафеталар жолдау­ды ұсынып, оқушыға өзін-өзі бағалау күнделігін толтыруды үйретуге болады. Мұның бәрі баланы өз бетінше білім алуға, өзін-өзі тәрбиелеуге, ересек­тер­дің итер­мелеуінсіз ізденуіне бастайды. Қашықтан оқытудың мақсаты да осы, яғни ата-ана – баланың білім алуына қолайлы жағдай жасаушы, ал педагог – оқушыға бағыт беруші.

 

Бала денсаулығына бейжаймыз ба?

Бір оқушының үй тапсырмасын әлеуметтік желідегі от­басылық чатта бүкіл әулет болып орындайтын үйде дене­шынықтыру пәні бар мен жоқтың ара­сындағы сабақ саналатыны түсінікті. «ЮНЕСКО» Клас­терлік бюросының Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар сек­­торының жетекшісі Мясоед Арина қашықтан оқыту жағда­йын­да денешынықтыру саба­ғы­ның жүйелі және нәтижелі ұйым­дастырылуы ата-аналарға тікелей байланысты болатынын айтады.

– Денешынықтыру – тәрбие­нің бір түрі. Ал бала ең алдымен отбасында тәрбиеленеді. Егер ата-ана үйде денешынықтыру пәні­нің аса маңызды, қажетті еке­нін ескертіп, құлағына сіңі­ріп отырса, өзі де спортпен шұ­ғыл­­данса, бала ең жақын әрі қым­­бат ақылшысының айтқа­нын бұл­жытпай тыңдайды және істегенін істейді. Денешынықтырудан беретін мұғалімінің тапсырмаларына ыждағатпен қарайды. Пан­демия кезінде жүргізген зерт­теулердің нәтижесінде біз ата-ана­лардың «төтенше тоқ­санға» дайын болмағанына көз жет­­кіз­дік. Олардың көбі тіпті ба­ла­­лары­ның физиологиялық ерек­шелігін ескеріп физикалық тұр­ғыда тұл­ғаны қалай дамыту керегін білмейді. Қай жаста қан­ша уақыт спорттық жаттығу жасау қажет? Үй жағдайында қандай қимылды ойын ойнауға болады? Мінеки, осындай қара­пайым сұрақтардың жауа­бын айта алмайды, – деген М.Арина мәселенің төркінін түсін­дірген­дей болды.

«Денсаулық болса, бәрі болады, бұл – бірінші байлық», дейміз. Бірақ баласының дені сау болғанда ғана кез келген қиын пәнді игеріп кете алатынын біле тұра денесін шынықтыратын негіз­­гі пәнге немқұрайды қарай­тын ата-ана көп. Оған қоса өзінің пікі­рі­мен, ұстанымымен баланың да пәнге деген теріс көзқарасын қалып­тас­тыруға ықпал ететіндер де бар. Мұны жоғарыдағы кейіп­кері­міз, денешынықтыру пәнінің мұға­лімі Г.Айтжанқызы да растайды.

– Бәрі демеймін, бірақ баға жағынан және сабақтан сұранар кезде «жібере салсаңызшы, дене­шы­нықтыру ғой» деген ата-аналар да, мұғалімдер де болды, – дейді мұғалім. Байқадыңыз ба, пән мұғалімі айтқандай, ата-ана­лар ғана емес, өзге (мектептер­де негізгі пәндерден сабақ бере­тін­­дер, қолқа салғыш сынып жетек­­шілері) педагогтер де қажет­ті пәнді қажетсіз көреді. Ал дене­шынықтыру пәніне атүсті қарау – баланың денсаулығына, түптеп келгенде өміріне немқұрайды қарау деген сөз ғой...