• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Парламент 21 Тамыз, 2020

Медициналық қызмет көрсету мәселелеріне назар аударды

145 рет
көрсетілді

Сенаторлар Н.Төреғалиев Батыс Қазақстан облысына сапары аясында Қаратөбе ауданында болды.

Ол орталық аудандық аурухана мен жергілікті дәріханаларда пандемиямен күресу үшін дәрі-дәрмектердің бар-жоғын тексерді. Аталған ауданда коронавирус жұқтырған науқастардың барлығы емделіп шыққанын атап өткен жөн. Сондай-ақ сенатор Қаратөбе ауылындағы 67 тұрғын үйдің құрылысын тексерді. Қолжетімді тұрғын үй мемлекеттік бағдарлама бойынша салынуда және бұл мұнда қолға алынған жалғыз ғана жоба емес. Әкімдік тағы 83 жеке үйден тұратын тұрғын алабының құрылысын мақұлдады. Қазіргі таңда жұмысшылар мұнда инженерлік желілерді тартуда. Сенатор мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын қоғамдық бақылаудың маңыздылығын және пандемия кезінде азаматтардың өзекті әлеуметтік проблемаларын жедел шешу қажеттігін атап өтті.

 * * *

Сенат депутаттары Н.Жүсіп пен Д.Нөкетаева Алматы облысының бірқатар ауданына барды. Олар көппәтерлі үйлердің құрылысы, автомобиль жолдары, мектептерді жөндеу, тарихи ескерткіштер мен мәдениет нысандарын қалпына келтіру жұмыстарын тексеруде.

Райымбек ауданының әкімі сенаторларға «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан үйлердің құрылысы туралы айтып берді. Сонымен қатар депутаттар келесі жылы 90 жылдық мерейтойы атап өтілетін атақты ақын Мұқағали Мақатаевтың кіші Отаны – Қарасаз ауылында болып, шекара заставасына да барып, өткен сессиядағы заңнамалық өзгерістер мен сенаторлардың заңнамалық бастамалары туралы ақпарат берді.

Депутаттар Мемлекет басшысының тапсырма­ларын заңнамалық қамтамасыз ету жұмыстары тура­лы айтып, азаматтармен коронавирус инфек­циясының таралуына жол бермеу бағытындағы Үкімет қабылдаған шаралардың және халықтың осал топ­тарын қолдау тетіктерінің тиімділігін талқыла­ды. Сенаторлар қазіргідей жауапты уақытта мемлекет­тік органдар жұртшылықтың қатысуымен дәрі-дәрмек­тердің, азық-түлік өнімдерінің бағасын қатаң бақылап, КВИ-мен күресуге бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалауы қажет екенін атап өтті.

* * *

Сенат депутаттары Н.Бекназаров пен А.Қап­барова Шымкент қаласындағы фарма­цевтикалық компанияның өкілдерімен кездесті.

Іс-шара барысында олар медициналық меке­мелердің және провизорлық орталықтардың қызметкерлерін дәрі-дәрмекпен, сондай-ақ қорғану бұйымдарымен қамтамасыз ету мәселесін талқылады. Депутаттар өңірдегі ахуалға мониторинг жүргізу кезінде Шымкент қаласындағы 60 медициналық мекеменің дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға тапсырыс беру мақсатымен осы жыл үшін 465 келісімшарт жасасқаны анықталды. Оның жалпы құны қосымша өтініштерді бірге есептегенде 6,9 млрд теңгені құрайды. Қазірдің өзінде жеткізуші тарап 4,15 млрд теңгенің медикаментін жеткізген.

Осыған орай сенаторлар фармацевтикалық хабтың қоймасын арнайы барып тексерді. Бұл жерден дәрі-дәрмектер Шымкент шаһарымен бірге Түркістан, Қызылорда және Тараз қалаларына да жет­кізіледі. Тексеріс кезінде депутаттар қоймада меди­циналық препараттар мен басқа да қажетті бұйым­дардың екі айлық қоры бар екеніне көз жеткізді. Қыркүйек айында тағы да қосымша медикаменттер жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

Фармацевт мамандар сенаторларға осы саладағы түйткілдер жөнінде айтып, Шымкентте Ұлттық медициналық өнімдер мен қызметтерді сараптау және сертификаттау орталығының филиалын ашу мәселесін көтерді. Қазіргі таңда олар сараптама жүргізу үшін өзге қалалардағы мамандарға жүгінуге мәжбүр. Мұның өзі айтарлықтай уақыт алатыны белгілі. Соның салдарынан пандемия кезінде дәрі-дәрмек жеткізуде мәселелер туындаған. Осыған орай шымкенттік фармацевтер аталған орталық қаланың өзінде болса, сараптауларды жедел жүргізуге және қажетті препараттармен қысқа мерзімде қамтамасыз етуге жол ашылатынын жеткізді.

Сонымен қатар сенаторлар Қоғамдық кеңес­тің өкілдерімен кездесіп, Шымқалада медицина саласының дамуына тың серпін беретін басым­дық­тарды пысықтады.