• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Білім 25 Тамыз, 2020

Қашықтан оқытудың қамы

878 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылында қашықтан оқыту тағы да жалғасқалы отыр. Ал оған Атырауда қандай дайындық қамы жасалды? Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәлім етуінше, 196 мектепте 131 900 оқушы білім алғалы отыр. Осыған орай мұғалімдер мен оқушылардың интернетке қолжетімділігіне алдын ала жасалған сараптама нені көрсетті?

 

Біріншіден, компьютерге мұқ­таждық мұғалімдерде де, оқу­шы­ларда да бар. Мәселен, жас ұрпақ­ты білім нәрімен сусын­датуға білігін арнайтын мұғалім­дердің 355-іне компьютер ауадай қажет. Сол себептен оларға мек­теп компьютерлерін беру көз­деліпті. Ұстаздардың мектепке келіп, жұмыс істеуіне де жағдай жа­салады. Сондай-ақ 16 693 оқу­шыға компьютер қажет.

– Біздің басты міндетіміз – оқу­шылардың сапалы білім алуына барынша қолайлы жағдай жасау. Сондықтан бірінші кезекте көпбалалы және әлеуметтік тұр­­мысы төмен отбасылар есепке алынып отыр, – дейді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов. – Жа­ңа оқу жылы басталғанға дейін оқушыларға мектептердегі 15 246 компьютер қайтарымды келі­сіммен таратылып беріледі.

Әкімнің айтуына қарағанда, көктемде оқушыларды қашықтан оқытуға 1 400 компьютер сатып алыныпты. Енді жергілікті бюд­­­жеттен қазіргі дәуірдің озық тех­­нологиясының бірі – 1 611 ноут­­букты сатып алу үшін 282 млн теңге бөлінген. Сон­дай-ақ мектептерді жан басына қаржыландыру мақсатында республикалық бюджеттен қарас­тырылған қаржының 250 млн теңгесіне 1 389 ноутбук сатып алу жос­парланыпты. Жал­пы, жыл соңына дейін 18 510 компьютер сатып алынбақ.

Екіншіден, интернеттің қолже­тімдігіне сараптама жүр­гізілді. Өңірдегі 3 мың оқушыға интернет желісі қажеттігі айқындалды. Аудандарда интернет игілігін пай­далана алмай отырған отбасылар бар. Мәселен, Қызылқоғада – 194, Исатайда – 187, Мақатта – 298, Махамбетте – 433, Индер ауданында 295 отбасын интернет желісіне қосуды «Қазақтелеком» АҚ-ның өңірлік филиалы қолға алды. Бұдан өзге мобильді байланыс операторларымен келіс­сөздер жүргізіліпті. Сөйтіп, жал­пыға міндетті оқу қорынан қай­тарымсыз негізде 3 мың роутер сатып алынады. Бірақ 47 мектеп­те интернеттің жылдамдығы төмен. Демек, бұл мәселе оң ше­шілмесе, қашықтан оқытудың қиындайтыны анық. Сол себептен, 31 мектепте интернеттің жыл­­­дамдығын көтеру үшін нақты ша­ралар қарастырылып жатыр.

Үшіншіден, отбасылардың бәрі бірдей балаларын қашықтан оқытуға мүмкіндігі болмауы мүмкін. Міне, сол себептен, әкесі де, шешесі де жұмыс істейтін отбасылардағы бастауыш сынып оқушылары үшін 170 мектепте

1 446 кезекші сынып ашу көзделді. Мұндай сыныпта оқитын оқу­шының ата-анасының екеуінен де анықтама талап етіледі. Қазір кезекші сыныпта оқитын 21 637 оқушының ата-анасынан өтініш түсті. Осыған орай кезекші сыныптар ашылатын мектептерде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, санитарлық жұмыстар жүргі­зілуде. Білім ордалары залалсыздандыру құралдарымен толық қамтылыпты. 

Төртіншіден, өңір мектеп­терінде әлі де 472 педагог жетіс­пейді. Оның ішінде бастауыш сы­ныпқа 74 мұғалім қажет. Әрине бұл көп жылдан бері күрделенген мәселе болғандықтан, биыл то­лық шешімін табады деу қиын. Дегенмен биылғы жаңа оқу жылында 101 жас маман алғашқы еңбек жолын Атыраудың білім саласында бастауға ниет білдіріп отыр. Олардың арасында бастауыш сыныптың 20 мұғалімі бар. Сонымен бірге «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен 20 жас маман аудандарға барады.

– Ұстаздардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін әлеуметтік жағдайына баса мән береміз. Бұл – жалақы, тұрғын үй мәселесі. Жас мамандарды қолдау мақсатында 4,5 млн теңгеге дейін қаржы беріледі. Сонымен бірге биыл облыс әкім­­дігінен педагог мамандығына бө­­лінетін грант саны артып отыр, – дейді М.Досмұхамбетов.

Бесіншіден, оқушыларға қа­жеттінің бірі – жаңартылған, қай­та басылған оқулық. Бұл мә­селе де жіті назарда. Мектеп­терді оқулықпен қамтуға жергілікті қазынадан 1 млрд 257 млн теңге бөлінді. Еліміздегі 19 баспадан оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды сатып алу үшін 110 келісімшарт жасалды. Баспалар­дан оқулықтарды білім ұяларына тасымалдау үшін 14 млн теңге қаралды. Оқулықтар 10 тамыздан бері жеткізіліп жатыр.

Алтыншыдан, өңірде үш ауысыммен білім беретін 12 мектеп бар. Бұл мектептерде 23 992 оқушы дәріс алады. Әрине бұл мұғалімге де, оқушыға да оңай емес. Білім сапасына кері әсерін тигізетіні анық. «Сол себептен, аталған мәселені шешу үшін 3 мың орындық төрт мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге 1 800 орын­дық үш білім ордасын салу жос­парланып отыр. Биыл апатты жағдайдағы мектептің орнына біреуі пайдалануға беріледі. Осындай екі мектептің құрылысы 2022 жылы аяқталмақ. Бұған қоса тағы екі мектептің құрылысы жос­парлануда», деді облыс әкімі.

Жетіншіден, өңір тұрғын­дарының бәрі бірдей бақуатты емес. Тұрмысы осал отбасылар, сондай-ақ жетім және ерекше күтімді қажет ететін балалар кездеседі. Қазір қолдауға мұқтаж 11 187 оқушы бар. Оларды қата­рынан қалыс қалдыруға бола ма? Сол үшін «Мектепке жол» акциясы арқылы көмек беру бас­талды. Бұл акция Atamekenim.kz порталы арқылы жүзеге асыры­луда. Порталға әлеуметтік тұр­мысы төмен топқа жататын от­ба­­сылардың балалары туралы мәліметтер енгізіліп, 9 607 оқу­­шы анықталды. Сондай-ақ әлеу­меттік жағдайы төмен, жетім, ерекше білімді қажет ететін 11 187 оқушының 3641-іне киім-кешек пен қаржылай қолдау көр­се­тілді. Қазан айына дейін 8 100 ба­лаға көмек беру жоспарланып отыр.

 

Атырау облысы