Ел өміріне киліккен COVID-19 індетімен күресу еш елге оңай тиген жоқ – жұмылған күш, бірлескен ақыл-кеңестердің нәтижесінде көктемде екпіндей келген пандемияның беті қайтты.
Талай отандасты ортамыздан алып кеткен індетті еңсеру жолындағы қат-қабат жұмыстар бастауына елін сүйген жүректер мен қуатын халық игілігіне жұмсаған құрыш білектер тоғысты. Дәрігерлер мен кәсіпкерлер, еріктілердің еңбегін ел жоғары бағалауда, ал тағдырдың жазуымен темір тордың арғы бетінде тірлік етіп жатқандардың да бұл аласапыран шақта қалыс қалмай, ел денсаулығын сақтауға өз үлестерін қоса алғаны жан жадыратады.
Әдетте сотталғандарға тіксіне қарап, олар туралы оңайлықпен жылы қабылдай алмай қалатынымыз рас, алайда әртүрлі жағдайда бостандығынан айырылған олардың да ел басына күн туған қиын шақта жай қарап қала алмайтынын ұғындық.
ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Маңғыстау облысы бойынша департаментіне қарасты ГМ 172/6 түзеу мекемесінде шағын цех құрылған. Пандемияға дейін арнайы киімдер тігіп, жиһаз жасаумен айналысқан цех карантин енгізілген ауыр шақта жағдайға тез бейімделіп, өзге өндірістерді жауып, тек дәрігерлерге, өзге де сұраныс бергендерге арналған қорғаныш киімдерін, бетперделерді тігуге жұмылдырылды. Қолдан пішілген сапасы санитарлық талаптарға сай қорғаныш киімдерін тігумен «Рамит-Актау» ЖШС мен «Еңбек-Атырау» мекемесіндегі 32 жазасын өтеуші айналысып, аз уақыт ішінде 50 мың бірреттік қолданысқа жарамды қорғаныш киімдерін, 60 мың бетперде тігіп, сондай-ақ 4 дезинфекциялық тоннел дайындап шығарды.
– Жалпы, вирустық инфекциядан қорғану костюмдерін қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер Маңғыстау өңірінде карантин режімі жарияланғанға дейін тіге бастаған болатын. 32 сотталушы жұмыс кестесіне сай тәулігіне бірнеше костюм пішіп шығаруда. Олар заң жүзінде тұрақты қызметке тартылған. Еңбегі үшін айына 42 500 теңге көлемінде жалақы алады деген болатын аталған мекеменің қызметкері Роман Теленьков. Оның айтуынша, Ақтауда пішіліп шығарылған қорғаныш киімдері бірінші кезекте жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері үшін жеке қорғаныш құралы есебінде сатылған және дәрігерлерден бөлек қызметкерлерінің қауіпсіздігін ойлаған басқа да мекемелер сұраныс берген. Бірреттік қорғаныш киімдерінің нарықтағы құны 1 500 теңгеге бағаланған.
«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дегендей, Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов карантин кезінде ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сол арқылы індеттің одан әрі таралмауына өз үлестерін қосқан сотталушыларды алғыс хатпен марапаттады.
Аймақ басшысы сотталғандарға құттықтау лебізінде коронавируспен күрестің барлық ел үшін маңызды сынақ болғанын, бас бостандығынан айырылғандардың да қиын кезде күрестің алдыңғы шебінде жүргендері үшін арнайы қорғаныш киімдерін дайындап үлкен үлестерін қосқандарын атап өтті.
– Сотталғандар да – қоғамның мүшесі, еліміздің азаматы. Сондықтан олардың ел өміріне, отандастарымыз тап болған қиын жағдайға бейжай қарай алмайтыны анық. Мыңдаған киімдер тігіп, қолжетімді бағамен ұсынған олардың еңбегі жоғары бағалауға лайық. Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Өтелгенұлының алғыс хаты жазасын өтеушілер үшін бейбіт, азаматтық өмірге деген көзқарастарының түзелуіне, оң тәрбие сапасын бойына сіңіріп, өзін өзі түзеуіне өз әсерін бермек. Сонымен қатар сот орындары оларды мерзімінен бұрын босату кезінде аталған алғыс хатты назарына алатын болады, дейді ІІМ ҚАЖ комитеті Маңғыстау облысы бойынша департаменті бастығы орынбасарының міндетін атқарушы әділет подполковнигі, заң ғылымдарының магистрі Қанат Жарылғапов.
Еңбектері еленіп, аймақ басшысының алғысына бөленген жазасын өтеушілер ел үшін еңбек етуге мүмкіндік берген мекеме әкімшілігіне ризашылықтарын жеткізді. Кеше жаза басқанымен, бүгін жұртына жақсылық еткен олардың қуанышты сәттеріне қарап еркіндікке шыққан соң да талай жақсылықтардың жаршысы болса ғой деген тілекте болдық.
Маңғыстау облысы