• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Медицина 25 Тамыз, 2020

Соңғы сырқат жұқпалы аурулар бөлімшесінен шықты

409 рет
көрсетілді

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабар­лауынша, №4 қалалық клиникалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінен індетке шалдыққан соңғы науқас емделіп үйіне қайтты.

Аталған ауруханада COVID-19 бен пневмония диагнозы қойылған бірде-бір науқас қалмады. Енді №4 қалалық клиникалық ауру­ханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ аурухананың медициналық қыз­меткерлері екі апта бойы оқшау­ланып, содан кейін өздерінің бейінді бөлімшелеріне – бұрынғы жұмыстарына оралады.

«Бір апта бойы температурам 39,8°C-қа дейін көтеріліп, кеу­де тұсымды қатты ауырсындым. Ауа жетіспеушілігі, құрғақ жөтел, әлсіздік пен ентігу болды. Ауру­ханаға өздігімнен қабылдау бөл­месіне келіп, тексерілгенімде де­реу КТ жасап, ауруханаға жат­қыз­ды. Маған екі жақты полисег­мент­тік пневмония диагнозы қойылды. Дәрігерлер қамқорлық танытып, инъекциялар мен аспа уколдарды өте мұқият қойды. Екі аптадан кейін қайтадан иіс сезе бастадым», дейді «Төрттік» стационарында емделген Жұмаділ Әкімбеков.

Биыл 24 маусымда Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау депар­таментінің бірлескен бұй­рығы негізінде №4 ҚКА-да 25 төсектік орын бар жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылды. Сол кезде жоспарлы медициналық көмек көрсету тоқтатылды, физиотерапия және оңалту бөлімшесін қайта бейіндеу есебінен ковидтік бөлімше құрылды. Клиниканың еріктілері қатарынан 44 адамнан тұратын медициналық қыз­меткерлер алынды.

«Жаңа жұқпалы аурулар бөлім­шесіне жұмысқа қабылдау ту­ралы хабарламадан соң көпшілігі ойланбастан өтініш берді. Бастап­қыда 14 дәрігер жұмыс істеді, оның ішінде 4 реаниматолог, қалған 10 дәрігер құрама команда: травматолог, инфекционист, терапевт, реабилитолог дәрігер, ФГДС дәрігері, УДЗ диагностикасы бар. Қалғаны медбикелер мен сани­тарлар, сондай-ақ еріктілер. Бөлім­шеде 25 төсектік орынға және 5 реанимациялық орынға есеп­телген, ауру өршіген шақта шын­дығында 70-ке дейін ауыр науқас жатты», дейді жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Байбахов.

Пандемия дәрігердің өмірін «дейін» және «кейін» деп бөлді. Нұржан Нұрмұханбетұлы – білікті травматолог-ортопед, хирург, эндопротездеу бөлімшесінде жұмыс істейді, буындарды эндопротездеу маманы. Жұқпалы аурулар бөлімшесінің қызметкерлері отбасынан оқшауланып, қонақүйге көшті. Алғы шепте жұмыс істейтін дәрігерлерді жұмысқа апарып, алып қайту, рестораторлар клубынан ыстық тамақ, демеушілерден азық-түлік себеттері беріліп, ерекше жағдай жасалды.

Осы уақыт ішінде бөлімшеде 126 адам емделді. Қалалық клини­калық ауруханаға пневмония­мен ауырған ауыр науқастар жат­қызылды. Реанимация, анесте­зиоло­гия және қарқынды терапия бөлімшесінің аға медбикесі Ай­жан Омарованың дағдысы мен тә­жі­рибесі инфекциялық бөлім­шеде жұмыс істеуде өз пайдасын тигізді, ол да еріктілер қатарында болды. Соңғы науқас шыққан күні Айжан осы уақытқа дейін тапсырған барлық ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткенін атап өтті.

«Осы уақыт аралығында бізге өте қиын болды. Пациенттердің басым бөлігі тыныс алуы қиын­даған, ауыр халде болды, бар­лығы қабылдау бөлімшесі арқы­лы келіп түсті. Өте ауыр жағ­дай­дағы науқастар дереу реанимация бөліміне жатқызылды, ауырлығы орташа және ПТР тесті оң болғандар біздің жұқпалы аурулар бөлімшесіне жіберілді. Қызметкерлерге үлкен психоэмоциональды ауырлық түсті, науқастар моральдық тұрғыдан шаршап, байбалам салғандар да болды, кейбірінде емдеу процесі өте қиын жағдайда өтті. Біз оларды тыныштандырып, бір-бірімізді жігерлендіріп, бақылап жүрдік. Кейінірек, инфекция төмендеген кезде, жеңістің жақындағанын тү­сін­дік. Енді қалыпты өмірге қайта оралып жатырмыз», деді №4 ҚКА жұқпалы аурулар бөлім­шесі­нің аға медбикесі Айжан Омарова.

Соңғы науқасты шығарғаннан кейін жұқпалы аурулар бөлім­шесінің медициналық қызмет­керлері қорғаныс костюмдерін шешіп, дәрігерлер екі апталық өзін өзі оқшаулауға кетеді, адам­дар­дың өмірі үшін қызу күрестен кейінгі демалыс уақыты келді. Карантиннен кейін ПТР тестін міндетті түрде тапсыру қажет, егер теріс нәтиже болса, олар өздерінің мамандандырылған бөлімшелеріне бұрынғы жұмысына оралады.

Айта кетейік, коронавирус ин­фек­­циясының таралу қаупі жағ­дайында Алматы қаласының меди­циналық ұйымдары эпиде­мия­ға қарсы қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, карантин ре­жімінде жұмыс істеуді жалға­стырып отыр.

 

АЛМАТЫ