Шымбұлақ тау курортында туризм саласындағы қоғамдық және мемлекеттік ұйымдар басшыларының кездесуі өтті. Айта кету керек, мұндай кездесу алғаш рет осындай шырқау биіктікте өтіп отыр (теңіз деңгейінен 3200 м).
Кездесуді Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев ашып, бірінші кезекте биылғыдай күрделі жағдайда нарықты нығайта отыра бизнес пен мемлекет арасында сындарлы диалог құру қажеттілігін алға тартты.
Бұл басқосудың басты тақырыбы таудағы 2020-2021 қысқы маусымға дайындық және ұлттық парктерде экотуризмді дамыту болды.
Шымбұлақтағы жыл бойғы тау курорты тұсаукесерлері барысында компанияның бас директоры Ринат Әбдірахманов туроператорлармен бірге пакеттік ұсыныстарды қалыптастыруға ерекше назар аударып, туристік қауымдастықтар басшыларымен курортты одан әрі дамытуды талқылады.
«Тау шаңғысы демалысын ұйымдастыру Қазақстанда келешегі бар бизнес, өйткені шетелдік туристердің біздің тауларымызға деген қызығушылығы және біздің туристеріміздің Еуропаның немесе Орталық Азия елдерінің шетелдік тау шаңғы курорттарына деген сұранысы да бар», – дейді Turan Asia LLP директоры Гүлғайша Қасенханқызы.
Айта кету керек, статистикаға сәйкес, тау шаңғысы турисі өз демалысы үшін күніне орташа есеппен 250 доллар жұмсайды, ал салыстырмалы түрде жағажайға баратын турист тек 50 доллар жұмсайды.
Кездесудің екінші бөлімі толығымен экотуризм және туристердің экологиялық сауаттылығын арттыру мәселелеріне арналды.
«Тамыр» жабайы табиғатта болу мектебінің идеялық жетекшісі Әсел Исанова туристерді қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үйрету жоспарлары туралы айтып берді.
«Біз жұртшылыққа таудағы жүріс-тұрыс ережелерін қоғамдық дәрістер, ақпараттық турлар, білім беру және шабыттандыратын медиа контент арқылы таныстыратын боламыз. Біздің басты мақсатымыз – адамның табиғатта қауіпсіз болуын, сондай-ақ табиғатты адамның зиянды әрекеттерінен қорғауды қамтамасыз ету», деді Әсел Исанова.
Әрі қарай спикер мектеп жанынан эко-волонтерлік қозғалыс құрылатынын, оған бір айда 600-ден астам адам тіркелгенін хабарлады. Қозғалысқа қатысушылар арасында мектеп оқушылары мен студенттерден басқа, кәсіби еріктілер, шығармашылық адамдары, экологтар, биологтар, ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар және басқа да мамандандырылған тұлғалар бар.
«Мен бірлескен іс-әрекеттердің нәтижесінде парктің ластануы, флора мен фаунаның жойылуы, туристік ағындарды реттеу және тағы басқа маңызды мәселелерді шешуге үлкен үлес қоса алатынымызға сенімдімін», деді Әсел Исанова.
АЛМАТЫ