Осыдан тура бір жыл бұрын 2 қыркүйекте Парламенттің бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын арнаған болатын. Жолдауда Қ.Тоқаев: «Елімізде азық-түлік пен киім-кешектен бастап, түрлі қызметтерге дейін бағаның жоғары екені жасырын емес. Мысалы, сұранысы жоғары бағдарлар бойынша негізгі әуе тасымалдаушы белгілейтін билеттердің құны неге сонша қымбат?! Оның бағасы Еуропаға қарағанда 30 пайызға артық. Біздің әуежайда көрсетілетін қызметтер құнының салыстырмалы түрде жоғары болуын қалай түсіндіруге болады?» дей келіп, соның салдарынан Қазақстан авиациясы халықаралық бәсекеге қабілеттілігінен айрылып, транзиттік әлеуеті төмендеп кеткенін тілге тиек еткен-ді. Содан бері әуе тасымалы саласында да бірнеше өзгерістер болды.
Былтыр күздің басында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі билет бағасын арзандату шаралары қабылданатыны туралы хабарлады, ал 1 қарашадан бастап еліміздегі ең ірі деген 11 әуежайда «ашық аспан» режімі іске қосылды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында рейстердің санын шектеу алынып тасталды.
Қазақстандық тасымалдаушылар ұшпайтын бағыттар бойынша шетелдік компанияларға V дәрежелі «аспан еркіндігін» ұсыну қарастырылған «ашық аспан» режімі енгізілді. Шетелдік әуе компанияларының Қазақстандағы ірі қалаларға жасайтын маршруттарын кеңейте түсетін режім 3 жыл мерзімді қамтиды. Одан кейін де ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Соның нәтижесінде ұшу бағыттары мен оны жүзеге асыратын компаниялардың қатары көбейіп, отандық әуе тасымалы нарығында бәсекелестік күшейіп, билет бағасы да арзандауға тиіс.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің деректері бойынша Оманның авиациялық билігімен келіссөздер жүргізуінің нәтижесінде Salam Air авиакомпаниясы Маскаттан Алматыға дейін әуе дәлізін ашуды жоспарлауда. Қазақстандық Air Astana болса, биылдан бастап Жиддаға аптасына 3 рет қатынай бастамақ. SCAT авиакомпаниясы 30 қарашадан бастап Жидда мен Мәдинаға аптасына екі рейс орындайды.
Азаматтық авиация комитеті Азиядағы ірі лоукостер саналатын Малайзияның Air Asia компаниясымен, дүние жүзіндегі ең ірі әуе компанияларының бірі, сингапурлық Singapore Airlines-пен, Ресейдің «Уральские Авиалинии» компаниясымен келіссөздер жүргізді. Польшаның LOT компаниясымен келісім жасалып, ол биылдан бастап Варшавадан Нұр-Сұлтанға жасалатын рейс санын аптасына 7 мәртеге дейін арттыратын болды. Оған қоса LOT 2021 жылдан бастап Алматы бағытында рейс ашады. Қазақстандық бюджеттік тасымалдаушы Fly Arystan елордадан Мәскеуге күн сайын рейс орындайтынын да айта кету керек. Әрине, коронавирус пандемиясына байланысты ерте көктемнен бері халықаралық әуе рейстеріне түгелге жуық шектеулер қойылды. Шектеулер алынып тасталғаннан кейін бұл әуе қатынастарының барлығы қайта жанданады деп күтілуде.
«Ашық аспан» режімі еліміздің әуе тасымалы нарығына жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға, сөйтіп бұл нарықта бәсекелестік орнатуға ықпал етуге тиіс. Жаңа халықаралық маршруттар ашылып, авиабилеттердің құны төмендеп, әуе көлігінің халыққа қолжетімділігін арттырады, сонымен қатар туризмнің дамуына оң ықпал етеді. Шетелдік компаниялардың Қазақстан әуежайлары арқылы басқа елдерге ұшуы еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтады деп күтілуде.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.