• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 28 Тамыз, 2020

Қауіпсіз білім беру қағидасы

497 рет
көрсетілді

Қазақстанның білім беру тарихында алғаш рет жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталғалы отыр. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметі алаңында жан-жақты мағлұмат берілді.

Конференцияда сөз алған Бі­лім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұрынғыдан бөлек­теу жаңа оқу жылында ең бас­ты­сы балалар мен педагогтердің қауіп­сіздігіне айрықша мән берілгенін жеткізді.

– Біз жаңа оқу жылын Ден­саулық сақтау министрлігі бе­кіт­кен санитарлық-эпидемиялық талап­тарға сай ұйымдастыруды қолға алдық. 1 қыркүйек – Білім күні. Мектептерде оқу жылының басталуына арналған онлайн жиындар өтеді. Балалар мектепке келмейді, жиынға қолжетімді құ­рыл­ғылар мен байланыс құрал­дары арқылы қатысады. Оқы­туды ұйымдастыруға келсек, 1-4 сыныптардың ата-аналарына таң­дау еркіндігі беріліп отыр. Ата-аналар бастауыш сыныпта оқитын балаларының қай форматта оқи­ты­нын өзі таңдайды. Егер ата-аналар баласының дәстүрлі форматта оқығанын қаласа, онда мектепте кезекші сыныптар ашылады. Кезекші сыныптарда үзіліс әртүрлі уақытта болады. Сабақ ұзақтығы 40 минутқа дейін. Балалар бір кабинетте оқытылады. Әр күн сайын дезинфекциялық шаралар жүргізіледі. Өткен «төтенше» IV тоқсандағы тәжірибеге сүйеніп, шалғай ауылдардағы шағын жи­нақ­талған мектептерге дәстүрлі фор­матта оқытуға рұқсат беріліп отыр. Мұнда да сол өңірдегі пан­де­мияның жағдайы есепке алынуы тиіс. Ал қалған сыныптар қа­шық­тан оқыту форматында оқыты­лады. Бұл жағдайда арнайы 8 интернет-платформа бар. Осы жазда мек­тептер, қалалық, аудандық білім бөлімдері платформаларды таң­дап, жұмыс істеу бойынша әріп­тестік орнатуға шешім қабыл­дап, қол қойды. Екіншіден, қашық­тан оқытуды теледидар бойын­ша берілетін сабақтар арқылы жал­ғас­тырамыз. Телеарналардан бері­летін бейнесабақтарды «Хабар» агенттігі түсірді. Жаңа оқу жылында осы сабақтар «Еларна» және «Балапан» телеарналары арқылы арнайы кес­теге сай көрсетіледі. Аталған екі арнада сабақтарға 9 сағатқа дейін эфир беріліп отыр, – деді ведомство басшысы.

Министрдің мәлімдеуінше, жалпы оқушылардың 80%-ы (2,6 млн оқушы) қашықтан оқытылады. Тамыз айының соңындағы деректерге сәйкес оқушылардың 15%-ы (ата-аналар өтініштері бойын­ша), яғни 530 мыңы кезекші сынып­тарға барады. Ал еліміздегі орта білім алушылардың небәрі 5%-ы ғана, яғни шағын жинақты мектеп­тер­дегі 202 мың оқушы дәстүрлі форматта оқымақ.

– Жаңа бағытта жұмыс жүргі­зу үшін мұғалімдерді даярлау ма­ңыз­ды болды. 323 мың мұға­лім осы уақытқа дейін қашық­тан оқы­ту форматы бойынша курс­тар­дан өтті. Бұл курстар негізі­нен кибер­қауіпсіздік пен компью­тер­лік сауаттылыққа бағытталды. Яғ­ни қандай интернет-платформаны қалай, қай жолмен тиімді пайда­лануға болады? Немесе син­­хронды, асинхронды оқыту деген не? Қашықтан оқытуда баға­­лау қалай болады? Тікелей эфир­де қалай сабақ өтуге болады? Міне, аталған курстар осындай ма­ңызды сұрақтарға жауап бере­­тін шеберлік сағаттары есебін­­де ұйымдастырылды. Бұдан бөлек ата-аналарды оқыту­ды да көз­дедік. Өйткені өткен тоқ­сан­да біз тұрмыстық зорлық-зом­­бы­лық жағдайларының көбей­­ге­ніне көз жеткіздік. Осы ретте ата-аналарға арналған курс­тар үйде балалардың оқуына жағ­дай жасау, интернет арқылы оқыған­дық­тан киберқауіпсіздікті қалай қамтамасыз етуге болатыны, пси­хо­логиялық кеңестер төңі­регін­де өткізілді, – деді А.Ай­ма­ғамбетов.

Ведомство басшысының айтуынша, интернеті, техникалық құралдары жоқ студенттер жатақ­ханаларға барып, оқуын сол жерде қашықтан жалғастыра алады. Университеттер білім алушыларын жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етеді. Олар үшін жеке бағдарламалар мен жатақхана қабырғасында өмір сүру­дің арнайы мүмкіндіктері қарастырылмақ.

Ал жаңа оқу жылындағы сани­тар­лық талаптар туралы туындаған журналистердің сұрақтарына елі­міздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова жауап берді.

– Қоғам арасында түрлі қауе­сет­тер немесе қате пікірлер тарап жүр. Айталық, кейбір мектептер балалар мен мұғалімдерден ПТР тесттің қорытындысын неме­се антидененің бар-жоғын анық­тайтын тесттің нәтижесімен сабаққа келуді талап етіп жатқаны жөнінде әңгімелер айтылды. Бұл – қате пікір. Біз білім беру ұйым­дарына мұндай талап қойған жоқ­пыз. Ал санитарлық ережелер­де «штаттық режімде жұмыс істей­тін мектептердегі санитарлық талап­тардың сақталуына жауапты адам анықталуы керек» деген тармақтың бар екені рас. Бекі­тіл­ген адам мектептің өзіне, мек­теп­тегі дезинфекциялық режім­нің ен­гізілуіне, мектеп ұжымы­на, мек­тепке баратын балалар­ға, оқу процесіне жауап бе­реді. Осы ба­ғыттардың барлы­ғына жауап­ты тұлғаға заң бұзушы­лықтар анық­талған кезде шаралар қолданы­лады. Барлығы қандай та­лаптарға, қан­дай санат бұзыла­тынына байла­нысты болады, – деді бас санитар.

Енді арнайы білім беретін ұйым­­дардың оқу процесін ұйым­дас­тыру жағдайына тоқта­лайық. Білім және және ғылым ми­нистрлігі бұдан бұрын хабарла­ғандай, елімізде жалпы 420 арнайы білім беру ұйымы бар, оның ішінде 195 психологиялық-педа­гогикалық түзету кабинеті, 98 арнайы мектеп, 14 оңалту орталығы және 38 арнайы мектепке дейінгі ұйым, 75 психологиялық-меди­ци­налық-педагогикалық консультация (ПМПК) жұмыс істейді. Пси­­хологиялық-педагогикалық тү­­зету кабинеттері мен оңалту ор­та­лықтарында 24 503 бала қолдау алады, 2415 бала білім беру ұйымдарына бармайды.

Мектепке дейінгі және орта білім комитеті басшысының орын­басары Әйгерім Күдеринова осыған дейін ұйымдастырылған бри­фингте жаңа оқу жылы қар­саңында ерекше білім беру қажет­тіліктері бар оқушылар мен ата-аналарға арналған әдістемелік ұсыныстар дайындалғанын айтқан еді. Сондай-ақ Түзету педаго­ги­касының ұлттық ғылыми-прак­ти­калық орталығының ресми сайтында ерекше білім беру қажет­тіліктері бар балаларға арналған оқулықтардың электрондық нұс­­қалары мен бейнесабақтар орна­ластырылған. Жаңа 2020-2021 оқу жылында тиісті аумақтардың бас мемлекеттік санитарлық дәрі­гер­лерінің келісімі бойынша арнайы білім беру ұйымдарына қашықтан, штаттық, сондай-ақ жабық режімде жұмыс істеуге мүм­кіндік беріледі. Арнайы білім беру ұйымдары оқыту форматын ата-аналармен келісе отырып өзде­рі таңдайды.

Сөз соңында маңызды мәлі­мет­ті қоса кетейік. Өткен «төтенше» тоқсандағы қашықтан оқыту кезінде білім беру интернет-ресурстарын кез келген азамат тегін пайдаланды. Бұл тәжірибе жаңа оқу жылында да жалғасады. Айта кетерлігі, әр қала немесе облыс білім беру платформасын өзі таңдады. Отандық білім беру ресурстарын пайдалану барысында ұялы байланыс пайдаланушыларынан мегабайт алынбайды.