• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2010

ЕЛГЕ – АБЫРОЙ, ЕРГЕ – МЕРЕЙ

775 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуропадан Америка Құрама Штаттарына ұласқан үлкен сапары сәтті басталды. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сенбі күні кеш әлетінде Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обаманың ядролық қауіпсіздік мәселесіне арналған жаһандық саммитке арнайы шақыруы бойынша осы елдің астанасы Вашингтонға келді. Жексенбі күні Елбасы Барак Обамамен кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың келелі мәселелерін талқылады. Ал бүгін Барак Обаманың ерекше күш-жігер танытуы бойынша қырықтан астам мемлекеттер басшыларының қатысуымен әлем тарихында алғаш рет ауқымды түрде өткелі отырған ядролық қаруларды және оның сынақтарын шектеу жөніндегі ұлы дүбірлі жиын басталмақ. Жалпы, ядролық қаруларды жою мәселесі – әлемдегі ең күрделі де күрмеулі мәселелердің бірі. Мұны өз болашағы үшін алаңдаған адамзаттың асыл армандарының бірі деуге болады. Жеті басты айдаһардай барған сайын белең ала түскен осы қатерлі құбылыс жер-жаһанның әміршісі биігіне көтерілген адам ақыл-ойының ғажайыптығының ғана көрінісі емес, сонымен қатар, оның өзі тудырған тажалдың алдында барған сайын дәрменсіз бола түскендігін білдіретіндей. Біздің қазақ халқы мұндай жағдайды “өзі сұрап алған аурудың емі жоқ” деп астарлаған. Барак Обаманың құрметі мен бағасы Ядролық қауіпсіздік мәселесіне арналған бұл жиынның мәні зор. Барак Обама оған әлем елдерінің арасынан ядролық қауіпсіздік мә­селесінде әсері бар деп танылатын елдердің басшыларын шақырып отыр. Біздің естуімізше, оған 44 елдің мемлекет басшылары қатыс­пақ. Барак Обаманың осыншама елдің саяси лидерлерінің бәрімен бірдей жеке кездесулер өткізе бер­мейтіндігі белгілі. Мәселенің саяси астары өз алдына, бұған тіпті уақыт­тың жетпейтіндігі де анық. Қалай болғанда да, Барак Обама үлкен жиынның алдында бір күн бұрын және ең бір жақсы уақытта Қазақстан Республика­сының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевты жеке қабылдауға уақыт белгілепті. Кездесу 11 сәуір күні АҚШ уақыты бойынша күндізгі сағат 15.00-де басталып, 45 минөтке со­зылды. Мұны алып ел басшысы­ның Қазақстан Президентіне көр­сеткен үлкен құрметі деп айтсақ, бұл да жеткіліксіз болып шыққан болар еді. Мұнда құрмет те, салмақ та, еңбек те, саясат пен нәтиже де, Елбасының өз елінде және халық­аралық деңгей­де атқарып отырған рөлі мен тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі әлемдік қоғамдастықта алып отырған орны да, елдің бола­шаққа қоса алар үлесі де – қыс­қа­сы, бәрі бар. Екі ел арасындағы қарым-қаты­нас 1991 жылдың 25 желтоқ­са­нын­да Америка Құрама Штаттарының Қазақстанның мемлекеттік тәуел­сіз­дігін тану оқиғасынан бастау алды. Содан бергі аралықта ынты­мақтастық аясы уақыт өткен сайын кеңи және жан-жақты дами оты­рып, стратегиялық әріптестік си­па­тына д­ейін көтерілді. Мемлекеттер арасында шарттық-құқықтық қаты­настардың берік негізі қалып­тасқан. Осы ретте Елбасының Құрама Штаттарға әр сапарының жақсы нә­тижелерге қол жеткізгендігін айт­сақ, 2006 жылдың 26-29 қыр­күйегі аралығында Вашингтонға жасаған сапары барынша жемісті болғандығын атап көрсеткен жөн. Осы сапар барысында тараптар екі елдің жан-жақты ынтымақтастық аясын одан әрі кеңіте түсуге ықы­ласты екендіктерін тағы бір дәлел­деді. Екі мемлекет басшылары энер­гетика, әскери ынтымақтас­тық, сауда, инвестиция және қо­ғам­ды демократияландыру салала­ры бойынша стратегиялық ынты­мақ­тастықты нығайтуға бағыттал­ған Бірлескен мәлімдеме қабыл­да­ды. Мәлімдемеде айтылған ой-ниет жүзеге асу үстінде. Қазақстанның әлемдегі төр­тін­ші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, Семей атом полигонын жа­буын жоғары бағалаған АҚШ жап­пай қырып-жою қаруын тарат­пау жөніндегі шаралар аясында КСРО-дан қалған бұрынғы әскери әлеуетті еліміздің ғылыми, ауыл шаруашы­лығы және денсаулық сақтау сала­ларында қолдануына, яғни бейбіт мақсатта пайдалануына жәрдем­десуін жалғастыратындығын білдірді. Елбасы 2008 жылғы 18 қара­шада АҚШ-тың жаңа сайланған Президенті Барак Обаманы теле­фон арқылы құттықтап, сөйлескен кезінде мемлекеттердің басшылары екі жақты стратегиялық ынтымақ­тастықтың жай-күйі мен болашақ көкжиектерін талқылаған еді. 2009 жылдың 7 сәуірінде Қазақ­стан Парламенті Сенатының Төр­ағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ыс­там­бұл қаласында өткен Өркениет­тер альянсы­ның ІІ форумы шең­берінде АҚШ Президенті Барак Обамамен жүздесіп, АҚШ басшы­сын Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың Қазақстан аумағында бейбіт мақ­сатта пай­да­лану үшін Халық­аралық атом энер­гиясы жөніндегі агенттігінің бақылауын­да­ғы ядролық отын банкін орналас­ты­руға дайындығы жөніндегі мә­лім­демесі туралы хабардар етті. Со­ны­мен қатар, Барак Обамаға Елба­сы­ның елімізге ресми сапармен келу туралы шақыруын тапсырды. “АҚШ-тың Қазақстанмен қарым-қатынастары стратегиялық сипат­та” екендігін тағы бір қуаттаған Барак Обама өзінің Орталық Азия аймағы­на сапармен шығуды жос­пар­лап отырғандығын, сол са­пар­да ал­дымен “АҚШ-тың досы мен сенімді әріптесі” саналатын Қа­зақстанға келетіндігін жеткізген болатын. Мұнан кейін 2009 жылдың 3-5 мамыры аралығында еліміздің сол кездегі Сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің АҚШ-қа сапары болып, оның шеңберінде М.Тәжин АҚШ Мемлекеттік хатшысы Х.Клин­­тонмен, басқа да ресми тұл­ғалармен кездесулер өткізді. Та­рап­тар Қазақстан мен АҚШ арасын­дағы екі жақты және аймақтық мә­селелер жөніндегі ынтымақтасты­ғының көкжиектері, соның ішінде жаппай қырып-жою қаруын тарат­пау, Ауғанстандағы ахуал, эконо­мика және энергетика салаларын­дағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, сапар барысында М.Тәжин АҚШ-тың беделді ғылыми-зерттеу орталығы саналатын “Сыртқы саясат жөнін­дегі кеңесінде” баяндама жасады. 2009 жылдың 9-10 маусым ара­лығында Астана қаласына АҚШ Мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары У.Бернс бастаған америкалық де­ле­гация келді. У.Бернс Елбасы Н.На­зарбаевпен, Премьер-Министр К.Мәсімовпен және Сыртқы істер министрі М.Тәжинмен кездесулер өткізді. Америка тарабы АҚШ Президенті Б.Обаманың Мәскеуге (6-8 шілде 2009 ж.) сапарының, соның ішінде Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен кездесуінің қорытындылары туралы хабардар етіп, Қазақстан-Америка қатынас­тарының көкжиектері, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ядро­лық қаруды таратпау, 2010 жылы Қа­зақстанның ЕҚЫҰ-дағы төраға­лы­ғы және басқа да мәселелерді талқылады. Енді экономикалық ынтымақ­тас­тық мәселелері туралы әңгіме қозғайтын болсақ, Америка Құрама Штаттары Қазақстанның ірі сауда әріптестерінің бірі. 2009 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2 миллиард АҚШ долларын құрады (экспорт – 612,6 миллион, импорт – 1,4 миллиард дол­лар), бұл Қазақстанның жалпы тауар айналымының 3,3 пайызына тең. Сауда айналымының 2008 жыл­мен салыстырғанда 500 мил­лион АҚШ долларына төмендеуі дүниежүзілік экономикалық дағда­рыс салдары екені түсінікті. АҚШ-пен сауда-экономикалық ынтымақтастықта Қазақстан үшін инвестиция тартудың маңызы зор. Бұл фактор елдің тұрақты және қарқынды дамуына себепші және қазақстандық көп қырлы саясатты тиімділікпен пайдалануда жемісті қызмет етеді. Мәселен, 1993 жыл­дың маусымынан бері АҚШ-тың Қа­зақстанға салған тікелей инвес­тицияларының жалпы көлемі 30 миллиард долларға жеткен екен.  Өткен жылдың 9 айында ғана осы елден 1,5 мил­лиард доллардың тікелей инвес­тициясы келген. Бұл 2008 жылдың осы мерзіміндегіден 6,3 пайызға артық. Қазақстанда АҚШ капиталы­ның қатысуымен 350-ден астам кә­сіпорындар жұмыс істейді. Аталған кәсіпорын негізінен шикі мұнай мен ілеспе газ өндіру, құрылыс, фармацевтикалық тауарлар сату, қонақ үйлерге қызмет ұсыну, көлік-экспедициялық қызмет көрсету, геологиялық барлау мен іздеу (ғылыми зерттеулерсіз) жұмыстарын және басқа да салаларды қамтиды. “ШевронТексако”, “Эксон­Мо­бил”, “КонокоФиллипс”, “Орикс/КеррМакГи” сияқты америкалық компаниялар еліміз экономикасы­ның дамуына үлкен үлес қосып, алдыңғы орындарды иеленуде. Аме­рикалықтардың қатысуымен құрылған “Теңізшевройл”, “Аджип ККО”, “Каспий тұрба құбыры кон­сорциумы”, “Қарашығанақ инте­гра­циялық ұйымы” сияқты ком­па­ниялар мен бірлескен кәсіпорын­дар еліміздегі ірі жобаларды жүзеге асыруға белсене үлес қосып келеді. Сонымен қатар, энергетика саласындағы Қазақстан мен АҚШ әріптестігі жөніндегі арнаулы ко­мис­сия жеті-сегіз жылдан бері жұ­мыс істеп келе жатыр. Осы уақытқа дейін бұл комиссия алты отырыс өткізіп, оларда мұнай-газ, электр энергетикасы, атом энер­гетикасы, ядролық технологияларды таратпау, қоршаған ортаны қорғау секілді маңызды мәселелердегі әріптестік қатынастарды одан әрі дамытудың жолдары қаралды. Екі ел арасындағы әріптестіктің тағы бір қыры ретінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік саласында Қазақстан мен АҚШ-тың бірлескен бағдарламасының жүзеге асырыла бастағандығын атап өтуге болады. Бағдарламаның мақсаты осы мәселедегі әріптестікті тереңдетудің сенімді де тиімді негіздерін әзірлеп, қалыптастыру болып табылады. Ал екі ел арасындағы қорғаныс пен қауіпсіздік салаларындағы ын­ты­мақтастық Қазақстанда әскери реформаларды қолдауда бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруды қам­тиды. ІMET және FMF бағдарла­малары шеңберінде қазақстандық офицерлер мен сержанттар Қазақ­станда және АҚШ-та дайындықтан өтеді. Сондай-ақ еліміз әскери күш­­тері жеке бөлімдерінің амери­калық техникамен және сайман­дар­мен жаб­дықталуы жүзеге асы­рылады. Ше­караны сақтау және экстре­мизм­ге қарсы күрес бағдар­ламала­ры бойынша жұмыс жалғас­тырылуда. 2008 жылдың 1 ақпанында АҚШ Қорғаныс министрінің кө­мекшісі М.Шиверстің елімізге жасаған сапары аясында Қазақстан мен АҚШ арасындағы кезекті бесжылдық әскери ынтымақтастық жос­парына қол қойылғандығы бел­гілі. Бұл жоспар 2012 жылға дей­інгі кезеңдік шараларды қамтиды. Міне, ресми дерек көздерінен алынған қазіргі Қазақстан-Аме­рика қарым-қатынастарының бір парасы осындай. Ресми деректер­дің қашан да болсын тілге сараң, сезімге шорқақ келетіні белгілі ғой. Егер осы деректерді журналистік тілмен сөйлетсек, көп нәрсені айтуға бо­лар еді. Мәселен, КСРО-ның құ­лай­тындығын күні бұрын бол­жауы­мен сұңғыла саясаткер деген аты шыққан, Рейганның тұ­сында АҚШ Президентінің қауіп­сіздік мәселелері жөніндегі кеңес­шісі болып қызмет атқарған З.Бже­­зинскийдің Кеңес Одағы ыдырап тынған соң Американың бірден-бір әлемдік держава ретіндегі гегемондығын арттыру ісінде осы елдің кейінгі президенттері мен сыртқы саясатын жүзеге асырушы тұлғаларына ақыл қосу мақсатында “Ұлы шахмат тақтасы” деп атала­тын кітап жазып, онда әр елдің және өңірлердің болашағын бағам­дағаны белгілі. Міне, осы кіта­бында Бжезинский ендігі кезекте Орталық Азияның АҚШ сыртқы саясатын жүргізуде елеулі маңызы бар өңірге айналатындығын айта келіп, осы өңірден стратегиялық әріптес қарастырған тұста бірінші ке­зекте Өзбекстанды атаған бола­тын. Өзбекстанның осыған дейінгі тарихи орны, халқының көптігі мен біртектілігі, адам және табиғи ресурстары кәнігі саясатшының назарына ілігеді. “Алайда, дейді Бжезинский, болашақта эконо­микалық даму жағынан Қазақстан алға шығып кетуі мүмкін, ондай жағдайда бізге стратегиялық әріп­тесті таңдау мәселесінде Қазақ­станға қарай көбірек көңіл бөлуге тура келеді”. Бжезинскийдің бірінші бол­жамы келе қоймағанымен, шүкір­шілік, Қазақстан туралы айтқаны шындыққа айналды. Қазақстан­ның соңғы жылдарғы экономи­калық дамуы әлем назарына ілікті. АҚШ Қазақстанды ТМД елдері арасында нарық жолына түсе алған бірінші ел ретінде мойындады. Оның үстіне Елбасының көреген басшылығының арқасында еліміз халықаралық қарым-қатынас мәсе­ле­сінде де көп алға кетті. Көп қыр­лы саясат өз жемісін берді. Қазақ­стан бүгінде мұсылман әлемінің және ТМД елдерінің тарихында бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Әлем елдерінің арасында оның салмағы жылдан жылға арта түсуде. Шамасы, Құрама Штаттар­дың қазіргі басшысы Барак Обаманың уақытының соншама тығыздығына қарамастан, біздің Мемлекет басшысымен кездесуге 45 минөт уақыт бөлуінің бір сыры осы ма дейміз. Мұндай құрмет көп елдің мемлекет басшыларына көрсетіле қойған жоқ. АҚШ Президентінің “Блэр хаус” ресми резиденциясында өт­кен кездесу барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің шақырылуы, Ресеймен арада стратегиялық қару-жарақ жөніндегі жаңа шартқа қол қойылуы, АҚШ-тың жаңа ядро­лық стратегиясының қабылдануы Барак Обаманың халықаралық қауіпсіздік саласындағы белсенді­лігі мен жетістігінің айқын көрінісі болып табылатындығын атап көр­сетті. Мұның өзі ядролық қарусыз әлем құру жолындағы аса үлкен қадам болып табылады. Еліміздің Президенті Қазақ­стан-Америка қарым-қаты­нас­тары­ның деңгейіне қанағат­тана­тындығын білдірді. “АҚШ Қазақстанның жетекші экономикалық және инвести­ция­лық әріптесі болып табылады. Елі­міздің энергетикалық секторында АҚШ-тың ең ірі компаниялары жұ­мыс істейді. Қазіргі күнге дейін Қазақстанға тартылған 80 мил­лиард доллардан астам шетелдік ті­келей инвестициялардың 30 мил­лиард доллары америкалық ком­панияларға тиесілі”, деді Елбасы. Мемлекет басшылары Қазақ­стан мен АҚШ-тың көпжоспарлы қимыл-әрекетін кеңейту мәселесін талқылай келе, осы мәселемен тұрақты айналысатын жұмыс ко­миссиясын құру туралы келісімге келді. Бұл комиссияға екі ел сыртқы саясат ведомстволары бас­шыларының орынбасарлары жетек­шілік ететін болады. Кездесу барысында Ауған­стандағы жағдай, Орталық Азия мен Еуразиялық кеңістіктегі оқи­ғалар барысы туралы нақты әң­гі­мелер болды. Бұл әңгіме Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы төңірегінде де өрбіді. АҚШ Президенті Қазақстан­ның өңірлік тұрақтылық пен қауіп­сіздікті қамтамасыз ету жө­нін­дегі күш-жігері мен жүргізіп жат­қан жұмыстарына қолдау білдірді. Елбасы Барак Обаманы Аста­нада үстіміздегі жылдың қараша айында өтеді деп жоспарланып отырған ЕҚЫҰ саммитіне қаты­суға шақырды. Қазақстан мен АҚШ президент­тері екі жақты қарым-қатынастың бас­қа да өзекті мәселелерін тал­қылады. Еуропа төрінде Қазақстан Мемлекет басшы­сы­ның Америка сапарының ал­дында ғана бүгінгі таңда Еуро­паның бейресми астанасы ретінде таныла бастаған Брюссельге (себебі, мұнда Еуропарламент, Еурокомиссия, Еуропа Кеңесінен бастап, кәрі құрлықтың бірқатар орталық құ­ры­лымдары орна­ласқан) ат шал­дырып, Бельгия жерінде де ма­ңыз­ды кездесулер жасағандығы белгілі. Осындай алғашқы кездесу Еуропалық инвестициялық банктің президенті және Еуропалық инвес­тициялық қор директорлар кеңе­сінің төрағасы Филипп Майштадт­пен болып өтті. Еуропалық инвестициялық банк Еуропа Одағы аясында осы одақтың теңгерілімді дамуын ын­та­ландыру, инвестициялық жоба­ларды қаржы­лан­дыру мақсатында құрылған дербес банк болып та­былады. Ол Еуропалық қауымдас­тықты құру жөніндегі Рим келісім-шартын жү­зеге асырудың маңызды тетіктерінің бірі ретінде және ке­лісім-шартының 129-шы тармағы­на сәйкес 1958 жылы құрылған. Бас­тапқы құрыл­тайшылары – Гер­мания, Франция, Италия, Бель­гия, Голландия, Люксембург елдері. Кейіннен оларға Дания, Ирландия, Грекия, Испания, Португалия келіп қосылды. Қазір банк одақ тарапынан қаржылан­дырылмайтын тәуелсіз қаржы институты болып табылады. Сөйтіп, банк Еуропалық Одақ­тың құрылуына және дамуына қызмет ете отырып, соңғы кездері өз әрекет аясын барған сайын ке­ңейтіп келеді. Мұны қаржылан­дыру тәсілінің әртараптандырыла түсуінен, банк несиелер беретін елдер санының артуынан және берілетін несиелер көлемінің ұлғаюынан байқауға болады. Кездесу бары­сын­да Қазақстан басшысы Еуропалық инвестиция­лық банктің Қазақстан­мен ынты­мақтастықты дамытуға дайын екен­дігін жоғары бағалады. ЕИБ-ның Қазақстан экономи­ка­сы­на инвестиция салу мәселе­лерінде негізгі серіктес ретінде қарасты­рылатыны атап өтілді. – Қазақстан Республикасы мен Еуропалық инвестициялық банк арасында қол қойылатын Негіздемелік келісім болашақтағы өзара тиімді ынтымақтастыққа не­гіз қалауы тиіс. Бұл Қазақстан үшін ең бірінші кезекте инфра­құрылымдық жобаларға ұзақ мерзімді және салыстырмалы түрде онша қымбат емес кредиттік ресурстар тартуға мүмкіндік береді, – деп атап көрсетті Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан мен ЕИБ арасындағы ынты­мақ­тастықтың “Жол картасын” жасау туралы ұсыныс айтты. Онда орта және ұзақ мерзімді келешекке жоспарланған нақты перспек­тивалық жобаларды көрсеткен маңызды. Кездесуде айтылғандай, Кеден одағының құрылуы қазақ­стандық нарықты еуропалық инвестициялар үшін тек мұнай-газ және энергетика салаларында ғана емес, сонымен бірге транзиттік-көліктік инфрақұрылым, ауыл ша­руашылығы және индустриялық-инновациялық салалар бойынша тартымды инвестициялық алаңға айналдырмақ. Қазақстан, сонымен қатар, ЕИБ-ны жаңартылатын энергия көз­дерін дамыту, өндірісте эколо­гиялық тұрғыдан таза серпінді және энергия сақтаушылық техно­логияларды пайдалану арқылы су ресурстарын басқару жобаларына тартуға мүдделі. Мемлекет басшысы Ф.Май­штадт­­ты ағымдағы жылдың мау­сым айында Алматыда өтетін Шет­ел инвесторлары кеңесінің ке­зек­ті отырысына қатысуға шақырды. Келіссөз соңында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық инвестициялық банктің арасында осы банктің Қазақстандағы қызме­тін реттеу мәселелері жөніндегі келісімге қол қойылды. Келісімге Қазақстан жағынан Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік хат­шысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Еуропалық инвестициялық банк жағынан банк басшысы Филипп Майштадт қолдарын қойды. “­Еуропалық Одақтың басшы­лық органдары біздің банктің Қа­зақстандағы жобаларды қаржылан­дыруына рұқсатын берген еді. Өйткені қазіргі уақытта Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық әлеуетінің үлкен екендігі байқалады және ол жан-жақты даму үстінде. Еуропалық одақ Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді стратегиялық әріптесі деп есептейді. Ал біздің банкке келетін болсақ, біз қазір әлемде жақсы даму қарқынын көр­сеткен елдермен тиімді әріптестік орнату саясатын ұстап отырмыз. Қазақстан әлемдік дағдарыстан жақсы жағдайда шығып келеді. Төлем қабілеті мығым әрі шет елдерден инвестициялар тартуға мән беріп, осы бағытта бизнеске қолайлы жағдай туғызып отырған мұндай елмен жұмыс істеу банк үшін де тиімді болуға тиіс. Қысқа­сын айтқанда, Қазақстан мен банк арасында мүдде сәйкес­тігі бар. Бүгінгі қол қойылған құ­жат бізге қазақстандық нақты жо­баларды қаржыландыруға мүмкін­діктер береді”, деді Филипп Май­ш­тадт Елбасымен кездесуінен кейін бізге берген шағын сұхба­тында. Мұнан кейін Қазақстан басшы­сы Еуропалық Кеңестің бірінші президенті Херман Ван Ромпей­мен кездесті. Еуропа Кеңесі Еуропа Одағының ең жоғарғы сая­си органы болып табылады. Еуро­палық Одаққа біріккен елдердің мемлекет пен үкімет басшылары осы кеңесте бас қосады және кеңестің мүшесі болып табылады. Яғни, Еуропалық Одаққа қатысты және бүкіл әлемдік үдерістерге ықпал ете алатын ең маңызды шешімдер осы жерде қабылданады. Кеңестің қазіргі басшысы Хер­ман Ван Ромпей — Бельгия Ко­роль­­дігінің Мемлекеттік ми­нистрі, Парламенттегі Аймақтық өкілдер палатасының төрағасы, Премьер-министрі секілді қызметтер атқар­ған беделді адам. Үстіміздегі жыл­дың бірінші қаңтарынан бастап Еуропа Кеңесінің президенті. Бұл кездесу Елбасының Еуропа жеріне келуінің құрметіне Еуро­палық Кеңес тарапынан ұсыныл­ған түстік қонақасы түрінде өтті. Кәрі құрлықтағылардың және бір­тұтас Еуропаның ең жоғарғы саяси органы – Еуропа Кеңесінің кез келген мемлекет басшысына мұн­дай құрмет көрсете бермейтіндігі белгілі. Осыған қарап-ақ біздің Елбасының халықаралық деңгейде беделі жоғары, әлем таныған қай­раткер екендігін байқауға болады. Түстік қонақасыға Елбасымен бірге Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі елшісі Ерік Өтем­баев және Елбасының көмекшісі Қайрат Сарыбай қатысты. Мемлекет басшысы Х.В.Ром­пейді Лиссабон шартына сәйкес құрылған Еуропа Кеңесінің президенті қызметіне сайлануымен құттықтады. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Еуропа Одағының же­тек­ші мемлекеттерінің Қазақстан­ның экономикалық тұрғыдан жаң­ғыру үдерісіне белсене қатысқан­дығын атап өтіп, Ван Ромпейді елдің әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерімен таныстырды. – Еуропа Одағы Қазақстанның әлемдегі басты сауда серіктесі бо­лып саналады. Біздің тауар айна­лы­мымыз 2009 жылы 28,8 мил­лиард долларды құрады. Еуро­одақтың үлесі біздің елдің жалпы тауар айналымында 40 пайызды құрайды, – деп атап өтті Мем­лекет басшысы. Еуроодақ – Қазақстанның жетекші инвестициялық серіктесі. Шамамен 56 миллиард доллардай қаражат (шетелдік капиталдың жал­пы мөлшерінің үштен бірінен астамы) Қазақстан экономика­сын­да ЕО мемлекеттерінің инвес­ти­циясына тиесілі. Өз кезегінде Қа­зақ­стан ЕО елдерінің экономика­сына 10 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазақстан – еуропалық елдер­мен технологиялық және иннова­циялық ынтымақтастықты дамыту­дың институттық негізі болып отырған “Еуропаға жол” бағдар­лама­сын қабылдаған өңірдегі бір­ден-бір ел. Нұрсұлтан Назарбаев ЕО үшін еліміздің Орталық Азияға ашылған “қақпа” болуға дайын екенін атап өтті. Ел өңірлік технологиялық хаб құруға және өнімдерін Ресей, Қы­тай, Орталық Азия нарықтарына экспорттауға бағдарланған өндіріс­терді дамытуға қажетті барлық шарт­тарға, табиғи және жер ре­сурстарына ие. Қазақстан мен Еуропа Одағы­ның арасында энергетикалық сала­дағы ынтымақтастықты тереңдету­дің мәні зор. – Біздің еліміз ОПЕК-ке мүше елдерден Еуропаға энергия та­сымалдаушыларды жеткізетін үшін­ші ірі ел саналады. ЕО-ның бір­қатарында қазақстандық мұнай­дың үлесі едәуір мол. Мәселен, Румы­нияда ол – 30 пайызды, Авс­трияда 25 пайызды құраса, Швей­царияда біз 2-ші орын аламыз. Тұтастай алғанда, Қазақстан ЕО-ға шығары­латын энергия тасымал­дау­шылар им­портының жалпы мөлшерінің 20 пайызына дейін қамтамасыз етеді, – деді Нұрсұл­тан Назар­баев. Қазақстан Президенті Хеман Ван Ромпейге биылғы жылдың қазан айында Еуропа Одағының штаб-пәтеріне ресми сапармен келіп қайтуға шақырғаны үшін алғысын айтты. Ол Брюссельге жасалатын сапардың Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынастарда жаңа бет ашарына сенімін білдірді. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Еуропа Кеңесінің Президентін оған қолайлы уақытта Қазақстан Рес­публикасына ресми сапармен келіп қайтуға шақырды. Ұсыныс ри­зашылықпен қабылданды. Содан кейін Елбасының ұшағы әлемдік мұхиттың арғы жағында жатқан алып ел – Америка Құрама Штаттарын бетке алған болатын. Бір күннің кездесулері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президентімен кездесуден кейін Вашингтонға ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке қатысуға келген бірқатар елдердің басшыларымен кездесті. Үндістан Премьер-министрі Манмохан Сингхпен кездесу барысында Қазақстан-Үндістан қатынастарының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, өткелі отырған жаһандық саммиттің күн тәртібіне енгізілген мәселелер жайы және АӨСШК мен басқа да өңірлік ұйымдар аясында екі елдің өзара ықпалдасу мәселелері талқыланды. Үндістан Үкіметінің басшысы Қазақстанмен ауыл шаруашылығы, энергетика салаларындағы әріп­тес­тікке қанағаттанатындығын айтты. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға жетек­ші­лік ете отырып, әлемдік саясатта үлкен рөл ойнайтындығын ерекше атап көрсетті. Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы, Абу-Даби мұрагер ханзадасы Мұ­хаммед бен Зайед әл Нахайянмен кез­десуде Қазақстан мен БАӘ қа­рым-қатынастарын дамыту жайы сөз болды. Елбасы Американың аса ірі ком­панияларының басшылары “КонокоФилипс” компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Дж. Малвамен және “Хэлли­бер­тон” компаниясының президенті Д.Лезармен кездесулер өткізді. Бұл кездесулерде америкалық биз­нес­тің қазақстандық кәсіпкерлік құ­рылымдармен инвестиция жөнін­дегі әріптестігін кеңейту мәселе­лері талқыланды. Сондай-ақ осы күні Елба­сы­ның АҚШ-қа жасаған сапары ая­сында Қазақстан Үкіметі мен Аме­рика Құрама Штаттары Үкіметі арасындағы ғылыми-техникалық ын­тымақтастық жөніндегі келісім­ге қол қойылды. Оған Қазақстан жа­ғынан Сыртқы істер министрі­нің орынбасары Қайрат Омаров, АҚШ жағынан Мемлекеттік хат­шы­ның Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі көмекшісі Роберт Блейк қолдарын қойды. – Екі ел арасында осы мақ­сат­тағы келіссөздер 2003 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ақыры, міне, алғашқы нәтижеге де қол жетті. Бұл келісім бізге білім, денсаулық сақтау, биотехнология, энергетика, сейсмикалық зерт­теулер, су ре­сурстарын басқару, ақпараттық тех­нологиялар, инжиниринг және қоршаған ортаны қорғау сала­ла­рында бірлесіп шаралар өткізу мүм­кіндігін береді, ғылым сала­сын­дағы ғылыми-техникалық әріп­тестікті нығайтады. Осы арқы­лы аталған мәселелердегі АҚШ жетістіктерін елімізге тартудың жағымды жағдайына ие боламыз, – деді Қайрат Омаров бізге берген шағын сұхбатында. Мұнан кейін “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ президенті Асқар Мамин мен “Дженерал Электрик Транспортэйшн” компаниясының президенті Л.Симонелли ТМД бой­ынша маневрлік тепловоз бағ­дарламасы жөніндегі өзара түсі­ніс­тік туралы меморандумға қол қой­ды. Бұл құжат екі ком­панияның Астана қаласында бір­лесіп жүзеге асырған локомотив құрастыру жө­ніндегі жобасын одан әрі тереңдете түсетін болады. Енді Астанада “Дже­нерал Электрик” маркасын­да­ғы маневр­лік тепловоздар өн­ді­рі­сін жолға қою жоспарланып отыр. Мұндай тепловоздар тек Қа­зақстан үшін ғана емес, бүкіл ТМД бойынша да қажет болып отыр. Сөйтіп бұл құжат Қазақ­стан­ның “Дженерал Электриктің” бүкіл әлемге белгілі брэндін шы­ғарып қана қоймай, оны өңір бой­ынша экспроттаушы ретіндегі рө­лін күшейтуге қызмет ететін болады. Осыған қосымша Қазақстан­ның ұлттық әуе тасымалдаушысы “Эйр Астана” компаниясы мен АҚШ-тың Флорида штатындағы ұшқыштар дайындау колледжінің арасында жасалған келісімге сәй­кес Қазақстанның 18 бен 29 жас аралығындағы жастарын кәсіпқой ұшқыштыққа әзірлеу жөніндегі жаңа бағдарламаның іске қосыл­ған­дығының куәсі болдық. Қа­зір­дің өзінде Флоридадағы аталған колледжде қанатқақты жоба ре­тін­де 22 қазақстандық курсант оқы­тылу үстінде екен. Олар күні ертең еліміздің жоғары сыныпты ұш­қыштары қатарын толықтыратын болады. Бүгін екі жақты кездесулер одан әрі жалғасады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ – Вашингтоннан. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.