• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Қыркүйек, 2020

«Жайлаукөл кештері-ай...»

1209 рет
көрсетілді

Қарқаралы. 2011 жыл. Кеңес Одағының кезінде цензураның әлегінен жанартаудай буырқана қайнаған жыр тасқынын атқылай алмай іште кеткен ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдығына орай, туған жерінде өз атындағы ауылдың іргесіндегі тау баурайында дүбірлеп өткен республикалық мерейтойдың аяғы ән-жырмен жалғасты. Әсіресе еліміздің әр түпкірінен келген дәстүрлі ән шеберлері сағынышпен қауышып кешкі астан кейін Арқаның алтын тәжі Қарқаралы етегіндегі айдын көлдің жағасында орналасқан «Тасбұлақ» демалыс үйінің жанындағы тау етегіндегі алаңқайға алқақотан жайғасып сырласа отырып, ән бастап кеткелі қаншама уақыт болды.

Таңертең басталған мерейтой бағдарла­ма­сынан шаршаған қонақтар ендігі ұйқыға да кеткен шығар. Жоқ, мен қателесіппін. Ешкім де ұйықтамапты... Айлы түнде тау бөктерін қалықтай әуелеген тәтті ән, көлдің бетін дірілдетіп, күндізгі шаршағандарын самалдай серпілте ұйқыларын қашырып гүлге үймелеген арадай көңілдерін ән базарына ұйылта қалған, көздері ұйқыда болғанымен көңілдері әнде. Семейліктер Абай әндерін шырқап, керекуліктер Естай әндерімен базарын тарқатса, Қараөткел, Көкше әншілері Ақан, Біржан әндерін әуелетіп, айлы түннің жанарын әнмен көркемдеп шырайын шабыттандырып шықты. Бір кезде қазақтың қадірлі әншісі Мейірхан Адамбеков «Шайтан көл аққулар мекенін» самаладай шырқай жө­нелгенде, ұйқыларын серпіп тастап кей­бірі балконға, енді бірі асығыс киініп дала­ға атып шықты. Не ұйқыны қимай, не ән ләззатын үзе алмай жатқан мен де да­лаға шығып көл жағасындағы ән ба­зарына жақындадым. Ән сүйер қауым қаптап тұр. Шабыттанған әншілер бірі­нен бірі әнді қағып алып жалғастырып әке­тіп жатыр. Мейірхан Н.Тілендиевтің жүрекжарды «Сағындым ғой...» әнін боз­датып бітіргенде қасындағы жан досы Жақанға бұрылып: «Кезек сенікі» де­гендей көз жанарымен белгі бергенде, ән дегенде қамшы салдырмайтын Жа­қан осы әншілер тобының ортасында томағасы сыпырылған қырандай ерекше сер­піліспен үкілі Ыбырайдың «Қызыл асығын» әуелете жөнелгенде қалғыған тау да ұйқысы ашылғандай жаңғырып қоя берді. Демалыс үйінің балконында тұрған, көлдің қарсы бетіндегі жағалауда отырған демалушылар ән әсерінен деле­бе­лері қозып: «беу...әуелет....шіркін нет­кен дауыс» деп шабыттанып кетті. Тыңдаушылардың қолпаштауымен денесі қызған сәйгүліктей қамшы салдырмастан Біржан салдың «Айбозым» әнін жүректі қозғай безілдетіп қоя берді. Сағыныш пен қимастықтың алысқа кеткен сарыны біраз тыңдаушының мейірін қандырып, жүрек түбіндегі айнымас сезімінің пердесін шерткендей күрсініп өтті. Айналасындағы әріптестері мен тыңдаушыларының ерекше тебіреністерін сезген Жақан Ақан серінің «Балқадишасын» сырлы сезіммен сыздата, жүректі қозғай жөнелді.

Ай қанша жарық болғанымен әуелеген дауысы болмаса, бет пердесі көрінбеген соң, орындаушының ішкі жан дүниесін көзінен көруге мүмкіндік болмады. Бірақ­ Ақан серінің Балқадишаға деген аяныш­ сезімі, қимастығы, ең бастысы сүйіс­пен­шілігі тыңдаушылардың жүрегіне же­тіп жатты. Кейбірінің көз алдына көр­некті жазушы С.Жүнісовтың «Ақан сері» романындағы ғажайып суреттелген осы көрінісі келіп тебіренткен шығар. Өйт­кені сол Қарқаралы етегіндегі айлы түнде көл жағасында естіген «Балқадиша» әні ме­нің есімде С.Жүнісовтың «Ақан сері»­ романындағы суреттеумен Жа­қан (Жақсыгелді Кемаловтың) орын­да­ған әнімен қабысып мәңгі есімде қалды. «Балқадишаны» кім орындаса да ме­нің көз алдыма сол көрініс келе қа­лады. Бұл әншінің ерен шеберлігі! Ән ләззатына балқып тұрып бозбала Жақан­ның өсу кезеңі, әншілік жолының сүрлеуден басталып, құштарлығы мен табан­ды­лы­ғының арқасында әнші Жақсыгелді Кемалов болып абыройға жетуі көз алдымнан өтіп жатты.

Мен Жақсыгелді Кемаловты сахнадан көп көріп тыңдадым. Әр көрген сайын диапазонының кеңдігіне репертуар таңдаудағы талғампаздығына әсіресе сахнадағы мол мәдениетіне таң қаламын. Сахнаға ұлттық киіммен домбырасын ұстап нық басып шығып келе жатқанда, қазақтың ұланғайыр даласын қайсарлықпен билеп, ән-жырымен тайсалдырған нағыз бабалардың рухы шыққандай мақтаныш билейді. Ал әуелете бетқаратпас жүрегінен күмбір­лей ән бастағанда бабаларымыз – Мәди, Иман Жүсіп, Балуан Шолақтар осындай тегеурінді болған екен ғой деп ой­лайсың, нағыз ұлттық колоритті сақ­таған дауыл­паз әнші. Сахнада қандай кел­бетті болса, өмірде де мінезге өте бай, достыққа адал жан. Жан-жағын қор­шаған дос-жолдастары көп болса да ішкі сы­рын кез келгенге аша бермейтін берік. Сту­дент кезінен, 1980 жылдардан біл­геніммен өмірдегі Жақан мен сахна­дағы Жақсыгелді Кемаловтың арасында үлкен айырмашылық бар. Өмірде кел­бетті бойшаң бозбала, топ ортасында ескен желдей жылдамдылығымен өзінің өжет­тілігі мен қатқан қайсарлығымен, отты көз жанарымен көп сөйлемей-ақ, ішкі жан-дүниесін ақтарады. Көшедегі мінезі мен жүріс-тұрысын қасиетті сах­наға алып шықпайды. Киелі сахнаны, асыл өнерді ерекше құрметтейді. Және­ де кейбір әншілер сияқты көше әнде­рін орындамайды, тіпті үйренбейді де. Қа­зір өзінің талғампаз қасиеті мен орын­дау­шылық шеберлігін шәкірттеріне үйретуде. Шәкірттерінің алды елімізге танымал өнер майталмандары. Өзі өнерге қандай адал болса, ең алдымен шәкірттерінен жү­рек тазалығын талап ететін парасатты ұстаз, мәдениетті жан. Адалдығы мен аза­маттығы қанына біткен тектілігінен. Ал та­ланттылығы Құдай берген асыл маржан болса, соны еңбегімен байытып, білімімен ұштап, мәпелеп жүрген өзінің өнерге деген махаббаты, бабалардан қалған киелі дәстүрлі әнге деген құрметі.

Студенттік бозбала кезінде-ақ дос­тары­ның арасынан оза шыққан сәй­гүліктей ерекшелеткен сұңғақ бойы, нағыз жігітке тән келбеті, бет қаратпайтын отты көз­дері емес, қасиетті домбырамен әуелете салған әні еді. Сол қазақтың құдіретті қара домбырасымен ауыл балаларының ерекше салған әндері Қарағанды көшесінің әр бұ­рышында әркім сабалап барылдап жүрген гитараның үнін басып озып, қа­ра­ғандылықтарға Мейірхан екеуі шын өнердің қасиетін танытты, мойындатты. Қарағанды қаласындағы мәдени іс-ша­раларды екеуі бұрын-соңды болмаған ұлт­тық өнердің мәйегімен сусындатып, алыстап бара жатқан ән сәйүгіліктерін өнер додасына қайтарып, бүгінгі таңда ұлы даланы дәстүрлі әнмен тербетіп нағыз қа­зақи келбетін келтіріп, тіптен әлем сах­на­сында «нағыз қазақ қа­зақ емес, нағыз қазақ домбыра» (Қ.Мыр­за Әлі)екенін танытып жүргендердің біре­­гейі – Қазақстан Жастар Одағы сыйлығы­ның лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Жақсыгелді Кемалов.

Өзімнің кіндік қаным танған Ақ Жайық туралы ән басталғанда есімді жиып, сү­йікті әніме құлақ түрдім. Ән додасында еліткен жұрт ұйқыны ұмытқандай. Түн ортасынан ауып кеткен, ал ән түнгі аспанды көмкеріп алған, толастар емес. Жақсыгелді «Еділ мен Жайықты» кемеліне келтіре айтып бола бергенде, Сыр бойынан келген жас әнші қонақтардың бірі: «Арқаға барып әншімін деме», – деп бабаларымыз тегін айтпаған екен. Арқа әніне бір жарып қалдық. Жақан аға сіздің орындауыңызда бүгінгі мамыражай күнгі мақпал түнінен ұмытылмас ескерткіш болсын, Ілияс аға­мыздың «Жайлаукөл кештері-ай» әнін орындап беріңізші дегенде, қаумалаған жұрт: «Иә, бүгінгі айлы түннің қорытынды әні болсын» – деп шуласып кеткенде Жақан: «Дегендеріңіз болсын, бірақ бү­гінгі тойдың «точкасын» Мейірхан досым Біржанның «Айтбайымен» аяқтасын, сосын мен бастап бәріміз қосылып Ілияс ағаның әнімен баяулап демалыс орнына қайтарға айтайын деді. Бәрі мақұлдаған соң Мейірхан Біржан салдың «Базарың құтты болсын, ардақты елім» – деп асқақ­та­та жөнелгенде Шығыс жақтан таң­ның қылаңы біліне бастаған екен. Мейір­хан­ның әуелі әні түн қараңғысын сырып, атып келе жатқан жарық күнге қарай ұм­тыл­ғандай әуелеп бара жатты. Ән базарынан ләззат алған ел-жұрт қимастықпен Қасым тойынан мол рухани сарқыт жинап жатар орындарына аяңдап, тарқай бастады. Досының әні аяқталғанда Жақан баяулата қимас түннің естелігі ретінде «Жайлау көл кештерін» сызылта таңғы самалмен есіле, айналасындағы жұрттың қосылуымен баяу шарықтап бара жатты. Бәрінің ойында ұмытылмас тәтті ән кеші қалды.

...Биылғы көктемді (2020 ж.) қытайдың жаман дертіне байланысты емірене қарсы ала алмадық. Көктемнің шуақты күні­нің бірінде дәріханадан шығып келе­ жатсам бетінде бетперде Жақан маши­насынан түсіп келеді екен. Мені кө­ріп жүгіріп келіп амандасып жатыр, не қол берерін, не әдетінше құшағына ала­рын білмей абдырап қалды. «Ей, қойшы» – деп күлімдеп құшағына алды. Боз­ба­ла кезінде бір көктемде жерлес досы, домбырашы марқұм Алпыспен екеуі дос­тарының ортасында бір кездескенбіз. Ұмытылмас шақтар ғой. Сол есіне түсіп: «Көктем ғой, аға» деп күлімдеп қарқылдап қоя берді. Мен де ненің еске түскенін байқап күліп: «Иә, көктем..» дедім. Асығыс екен. Амандасайын деп тоқтаған азаматтығына риза болып қала бердім. Бір кездегі өнерге құштар бозбаланың, бұл күнде сахна төрінде өнер қайраткері болып қалыптасқанына қуанып мақтанып қалдым. ...Иә, есте ғой....жайлау көл кештері!

 

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,

С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма  театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты