Төрткүл дүниені жаман тұмаудың екпіні мен тепкісі тәлтіректетіп жібергелі елді азық-түлікпен қапысыз қамтамасыз ету жайы айрықша маңызға ие болып отыр. Соңғы уақытта әлемнің әр қиырындағы кейбір мемлекеттер азық-түліктің тапшылығын тартуда. Жоқшылықтың лебі шарпымаса да қазірден бастап қамданған абзал. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуіндегі бүгінгі ахуалды сараптап көрелік.
Облыстың жалпы аумағы 300 шақырымды құрайтын 17 ауданы азық-түлік белдеуіне енгізілген. Жері кең, шөбі шүйгін өлкеде жалғыз Нұр-Сұлтан қаласын емес, тұтас еліміздің аузынан ақ май ағызатын мол мүмкіндік бар.
Биыл ресми түрде миллионнан астам тұрғыны бар Нұр-Сұлтан қаласын қамтамасыз ету үшін 88,2 мың тонна ет және ет өнімдері қажет болса, Ақмола облысының үлесіне бір жылдық көрсеткіш аясындағы сыбағасы 29 мың тонна екен. Алғашқы жартыжылдықта бұл жоспардың 33 пайызы орындалған. Ішкі мүмкіндік әлі де жетерлік. Бұл үшін біздіңше, «Казбиф» компаниялар тобы тәрізді ірі мал бордақылау алаңдарын көбірек ашу керек. Себеп, ауыл тұрғындары қарекеттеніп мал баққанымен, бағымындағы қара малдың тірідей салмағын 18 айдың ішінде 4 центнерге жеткізе алмайды. Өйткені шаруаның шарбағындағы мал азығы жұтаң. Бар болғаны шөп пен сабан ғана. Өзге жем табыла бермейді. Сол себепті де қорасындағы малдың игілігін көре алмай отыр. Есепке жүгінсек, бір бас қара малды қыстатып шығару үшін екі тіркеме шөп керек. Биыл құрғақшылық болуы себепті шөп бағасы да өсіп кетті. Қазір бір тіркемесі 40-45 мың теңгеге сатылуда. Екі тіркемеңіз 90 мың. Бағымындағы қара малды қыстан шығару үшін жем де керек. Сонда тапқан пайдасы шығынын жаба ма? Оның үстіне шаруаның өз еңбегін ақшаға шағып есептесе, қып-қызыл шығын болып шығар еді. Жеке шаруаның көсегесін көгертпей тұрғаны да осы. Ал бордақылау алаңдарының мүмкіндігі зор. Демек, малшы қауым төлін көтеріңкі бағамен бордақылау алаңына тапсырса ғана азын-аулақ пайда таппақ. Оның үстіне мал тұқымы азып кеткен. Пайдаға шығу үшін асыл тұқымды мал баққан ләзім.
Облыс шаруашылықтарында 502 052 бас қара мал бар. Оның 143 875-і ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиесілі. 91 140-ын шаруа қожалықтары бағып отыр. Ал ауылдағы ағайынның қолында 267 037 бас бар. Биыл төл төгіні жаман емес. Өткен жылмен салыстырғанда біршама өсім бар. Тек мал тұқымын асылдандыру мәселесі олқы соғып тұр. Бағымдағы малдың тек 16,3 пайызы ғана асыл тұқымды. Ет және ет өнімдерінің молшылығын жасау үшін мал тұқымын жаппай асылдандыру керек. Бірнеше жылдан бері шетелден табындап тасып, өз төлі есебінен көбейтіп жатсақ та, асыл тұқымды малдың қарасы көбеймей-ақ тұр.
Облыста төрт түлік мал өсіруге мүмкіндік көп. Жер көлемі 13 млн 199 мың гектар жерді құраса, оның 38 пайызы егін алқаптары, қалғаны мал жайылымына әбден жарамды.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына 340,7 мың тонна сүт және сүт өнімдері қажет. Ақмола облысы күні бұрын белгіленген жоспар бойынша 114,1 мың тонна өнім жеткізуі керек. Алғашқы жарты жылдықта бұл жоспар 34 пайызға орындалған. Облыста қазір осы орайда, үміт отын тұтататын бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ. 2020 жылдың соңына дейін төрт бірдей ірі тауарлы сүт фермасын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл фермаларда 4900 сауын сиыр бағылмақ. Сүт молшылығын жасайтын бір жоба осы. Екіншісі, халықтың қолындағы мал сүтін сатып алуды дұрыс ұйымдастыру. Мұның екі түрлі тиімділігі бар. Біріншісі, астана жұртшылығын сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп, сауда сөрелерінен жасанды сүтті ығыстырса, екінші жағынан елдегі мал сүмесімен күн көріп отырған малсақ қауым көп-көрім пайда табар еді.
Облыста өткен жылы 383 мың тонна сүт өндіріліпті. Сүт өнімдерін өңдеумен небары 15 кәсіпорын ғана айналысады. Осы кәсіпорындар жыл ішінде 146 мың тонна сүт өнімдерін дайындауға қауқарлы. Тұтынушылардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары да бар. Ірі шаруашылықтардың көпшілігі Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету бағдарламасына қатысады. Мәселен, тәулігіне 40 тонна сүт өнімдерін дайындайтын Целиноград ауданындағы «Родина» шаруашылығы барлық өнімдерін Нұр-Сұлтан қаласының сауда сөрелеріне жеткізеді. Сондай-ақ облыстың өндірген өнімі елорданың «Евразия», «Әлем», «Шапағат» тәрізді базарларымен қатар 14 сауда орындарында сатылады.
Қазір облыста тауарлы сүт өндірісімен айналысып отырған ірі 45 шаруашылық бар. Мәселен, «Родина», «Есіл-агро», «Камышенко», «Белағаш» серіктестіктері. Жеке шаруашылықтар үшін тым ауыр соғатын бұл іске белсене кірісетіндер саны аз. Сондықтан табыс көзінің бір саласы сүт өндірісі екенін сыналай айтып кеткеніміз де артық болмас. Мәселен, Бурабай ауданындағы «Әбдірахманов» жеке кәсіпкерлігі осыдан бірнеше жыл бұрын жұмысын небары он сиырдан бастаса, қазіргі күні сауын сиырдың басын 200-ге жеткізіп отыр. Бұл салада серпіліс жасауға деген ұмтылыс бар. Бұл орайда Ақкөл ауданындағы «Еңбек», Астрахан ауданындағы «Камышенко», Бұланды ауданындағы «Никольское», Зеренді ауданындағы «Аққайың Ж» және «Жақсылық-агро» серіктестіктері асыл тұқымды сауын сиырлардың басын көбейтпек. Бір жаңсақтық, әр басына орта есеппен 3,5 мың еуродан қаражат жұмсалып, Еуропа елдерінен әкелінетін асыл тұқымды малдың дені етті бағыттағы мал екенін айта кетуге тиіспіз. Шеттен әкелінетін малдың дені сүтті тұқым болғанда ғана сүт өнімдерінің молшылығын жасай аламыз. Оған қоса жергілікті жерде мал сүмесімен күн көріп отырған шаруалардың қолындағы сауын сиырдың сүтін сатып алуды дұрыс ұйымдастыру қажет.
Биыл облыста сүт өнімдерін молайту мақсатында бағымында 50-ден 100 басқа дейінгі сауын сиыры бар 18 тауарлы сүт фермасын ұйымдастыру жоспарланған болатын. Қазір алтауы жұмыс істеуде. Қалғаны қаржы мәселесін қарастыруда. Бұл орайда мемлекет тарапынан қыруар қамқорлық жасалып отырғанын екпін түсіріп айта кетуге болады. Мәселен, шағын шаруа қожалықтары өткен жылы өндірген әрбір литр сүт үшін 10 теңге субсидия алып келсе, биыл тамыз айынан бастап 20 теңге алатын болды. Ал 400 бастан жоғары мал бағатын ауыл шаруашылығы құрылымдарына өндірілген сүттің әр литрі үшін 45 теңгеден субсидия төленеді. Айта қаларлықтай жәрдем емес пе? Жалпы, өңірде сүт өнімдерін субсидиялауға 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінгенін айтатын болсақ, қамқорлықтың қаншалықты деңгейде екені белгілі болар еді. Осы арада субсидияның қайтарымы қаншалықты нәтижелі болып отыр деген сұрақ та тууы мүмкін. Алаған қолдың береген болуы да керек емес пе?
Салыстыру үшін айта кететін болсақ, 2019 жылы еліміз 63 мың тонна етті шетелге шығарған. Жер аумағы біздің бір облысымыздай ғана Беларусь бір жыл ішінде 105,7 мың тонна ет өнімдерін сыртқа экспорттап, 1 млрд доллардай табыс тауыпты. Ауыл шаруашылығы миинстрлігінің ақпаратына қарағанда, әзірге біраз бағытта импортқа тәуелділік бар. Тәуелсіздік жылдары елімізді азық-түлікпен 80 пайызға дейін қамтуға қол жеткіздік. Солай бола тұра, алты түрлі азық-түлікпен елді қамтамасыз ету үшін сыртқа қол жаяды екенбіз. Бұл не дейсіз ғой, алма, балық, шұжық пен колбаса өнімдері, ірімшік пен қант, құс еті.
Басқасын былай қойғанда, асыл тұқымды мал басын көбейту арқылы ет және ет өнімдерімен, құс етін, ірімшікті өзіміз-ақ молынан өндіріп, дастарқанымызды толтырып қоюға болады ғой.
Ақмола облысы