• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Қыркүйек, 2020

Академик Сағадиев және Ұлттық ғылым академиясы

562 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында республиканың ғылыми ізденістерді ұйымдастыру жүйесі мен мекемелері, олардың мақсаттары мен атқаратын жұмыстары еліміз қол жеткізген тәуелсіздіктің негізінде жүргізіліп жатқан түбегейлі өзгерістер мен нарықтық қатынастарға сәйкес қайта қаралды. Іргелі зерттеулерді жаңа жағдайға икемдеу ісі Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1993 – 1994 ж. жариялаған екі жарлығы арқылы жүргізілді. Онда республиканың ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту, ғылымды ұйымдастыруды жетілдіре түсу, ғалымдарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету және ғылым академиясына ұлттық мәртебе беруге байланысты шаралар көрсетілген болатын.

Осы шараларға сәйкес 1994 жылдың басында өткен Ұлттық ғылым акаде­миясының жалпы жиналысы оның бұрынғы прези­денті мен президиумының өз қыз­мет­терін тоқтату туралы өтініш­терімен келі­сіп, ҰҒА-ның жаңа прези­денті етіп К.Ә.Сағадиевті сайлады.

Ол кезде Ұлттық ғылым академиясы 50 жылға жуық тарихы бар, құрылған күннен бастап үдемелі даму үстінде болған үлкен мекеме болатын. Онда 7706 адам жұмыс істейтін. Оны 3668-і ғылыми қызметкер еді. Академия 900-ге жуық тақырыпты біріктіретін 37 іргелі зерттеулер бағдарламасын және 5 сондай бағдарламаны республика жоғары оқу орындарының қатынасуымен жүргізетін. Зерттеулерді ҰҒА жүйесіндегі 43 ғылым ошақтары мен басқа 11 министрлік пен ведомстволарға қарайтын 72 мекеме орындайтын.

Осы киелі ғылым ордасын Кенжеғали Әбенұлы жетік меңгеріп, байсалды қа­лыпта басқара білді. Оны мен алыс­тан емес, жанында Бас ғылыми хат­шының міндетін атқарып жүргенде көр­дім. Бұл қызметке К.Ә.Сағадиевтің ша­қы­руы­мен 1994 жылдың мамыр айында ауысқанмын.

К.Ә.Сағадиев ҚР ҰҒА-ның және оның президиумының түпкі мақсаттары – Қа­зақстанның ғылыми-техникалық тәуелсіздігіне қол жеткізу екенін алға қойып, осыдан Ұлттық ғылым ака­де­мия­сының негізгі міндеттері туын­дай­тынын және мемлекетіміздің тұрақ­ты дамуының басында ғылыми-тех­никалық прогресс тұруы қажет еке­нін дәйекті түрде ұстана білді. Ол іргелі ғылымдарды «қоғамның, оның әлеуеті мен мәдениетінің бір бөлігі, ұлт өрке­ниеттілігінің сенімді көрсеткіші, тех­никаның, технологияның және өнді­рістің ілгерілеу үрдістерін көріп-еститін халықтың көзі мен құлағына» теңеді.

Осыған байланысты алғашқы үлкен шара ретінде ҰҒА-ның жалпы жина­лысында «Қазақстанның ғылыми-тех­никалық тәуелсіздігі және ҚР ҰҒА-ның міндеттері» деген баяндама жасап, елі­мізде нарық жағдайында туындайтын ғылыми бағыттарды анықтауға, олардың шешімдерін табуға жол ашты.

Кенжеғали Әбенұлының дәйекті дәлел­дері мен беделінің арқасында Рес­публика үкіметі, ҰҒА-ның жалпы жиналысы мен президиумы уақытында қажетті қаулылар қабылдап, олардың негізінде:

күрделі ғылыми-техникалық проб­лемаларды мүдделі министрліктер мен ведомстволардың жетекшілерінің қаты­суымен қарастыру тәжірибесі енгізілді;

өзекті мәселелер академияның ғылы­ми бөлімшелерінде талқыланып, зерт­теулердің басым бағыттарының қата­рына кіргізіліп отырды;

бұрынғы 15 жыл аралығында жүр­гізілген ғылыми тақырыптар мен олар­дың қорытындылары салыстырмалы түрде талданып, бірін-бірі қайталайтын тақырыптар бағдарламалардан алынды;

ғылымды дамытудың келелі бағыт­тары бойынша жаңадан төрт ғылыми зерттеу институты ашылды. Олар осы уақытқа дейін нәтижелі жұмыс істеп тұр;

академияның биология бөлімшесінен медициналық бөлімше бөлініп шығып, қызметін бастап кетті;

көрнекті және жас ғалымдардың зерттеулерін қолдау мақсатында 100 бір жыл­дық арнайы стипендиялар тағайын­далып, олардың таңдаулыларына нақты көмек көрсетіліп тұрды;

институт басшыларының құрамы жа­­ңартылып, олардың орнына қа­білет­ті жастар тартылды. Босатылған ди­ректорлардың көбіне ғылыми ізденіс­терін құрметті директор деңгейінде жал­ғастыруға мүмкіндік берілді;

қырық жасқа дейінгі он талантты ғылым докторы академияға мүше-кор­респондент болып сайланды;

келелі ғылыми тақырыптарға конкурс жарияланып, жеңімпаздарға қомақ­ты сыйақы тапсырылып тұрды;

нарық жағдайында академия құры­лымдары мен мүшелерінің қызметін рет­тейтін жарғылар мен ережелер қайта жасалып, бекітілді;

қабілетті ғылыми кадрлардың басқа салаларға ауысып кетуін тежейтін, аспи­ранттардың диссертацияларын уақы­тында қорғауын ынталандыратын шаралар іске қосылды;

академия мүшелерінің құрамы ғы­лым­­ның бұрын қамтылмаған бағыт­тары бойынша толықтырылды;

халықаралық ғылыми байланыстар күшейтілді. Ұлттық академияға бірінші рет шетелдік мүше ретінде Россияның, Украинаның және Пәкістанның ірі ға­лым­дары сайланды;

мерзімді уақытта шығып тұратын «Ака­­демиялық баяндамалар» журналы ағыл­шын тіліне аударылып, таратыла бастады;

Ұлттық ғылым академиясының бар­лық қызметкерлерінің жалақылары екі есеге көбейтілді.

сол жылдары қазір республикада жиі сөз болып жатқан дәрі-дәрмек өндірісін дамыту мақсатында арнайы республикалық ғылыми-техникалық бағдарлама бекітілді;

космонавт-зерттеуші Т.Мұсабаев ға­рышқа ұшып, «Мир» орбиталық кеше­нінде бірінші рет биотехнологиялық, ме­дициналық, астрофизикалық және қашықтан бақылау жұмыстарын нәтижелі жүргізіп оралды;

Ұлттық ғылым академиясының өнді­ріске енгізуге дайын 168 жетістігі мен 183 тәжірибелік-өндірістік сынаққа жібе­руге болатын жұмысы туралы мәлі­меттер жеке жинақ ретінде басылып, барлық министрліктер мен ведомство­ларға, өнеркәсіп орындары мен мекемелерге таратылды;

К.Ә.Сағадиевтің президенттігі ке­зінде Ұлттық ғылым академиясы жал­пы­республикалық қоғамдық және мәдени шараларды ұйымдастыру орта­лы­ғына айналды. Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған салтанатты жиналыстар мен мерейтой жоғары деңгейде Алматы мен Жидебайда өткізілді. Оған ЮНЕСКО мен 22 елдің өкілдері, республика ғалымдары, жазушылары мен ақындары, кино мен театр қайраткерлері қатынасты. Орта Азияның ұлы ғалым-энциклопедисі және мемлекет қайраткері Мұхамед Тарағай Ұлықбектің 600 жыл­дығына, Қырғыз эпосы «Манастың» 1000 жылдығына, С.Сейфуллин мен Е.Бөкетовтің өмірлері мен қызметтеріне арналған сессиялар мен конференциялар сол уақыттың ірі оқи­ғалары болды. Мысалы, Абай мен «Ма­­нас» эпосының салтанаттарына Ш.Айт­­­матов Еуропадан арнайы екі рет келді.

Кенжеғали Әбенұлының жоспарын­да қазақ халқының рухани-тарихи мұра­ларын және «Алаш» феноменін жан­ды-жақты зерттеуді ұйымдастыру, қазақтың аса көрнекті қайраткерлері туралы ғылыми-публицистикалық серия шығару, академия қатарына басқа шығармашылық бағытта ерекше орны бар азаматтарды мүшелікке тарту, ол үшін сол ұйымдармен байланысты ны­ғайту, ғылыми зерттеулерді халық­аралық-гранттық деңгейге көтеру, қолданбалы зерттеулерді келісімшарт­тар арқылы зауыттық-өндірістік жағдайға көшіру, академияда жеке техникалық және экономикалық ғылыми бөлімшелер құру сияқты алуан түрлі мәселелер де болды.

Бірақ оларды жүзеге асырудың сәті түспеді. Оған экономикалық дағдарыс та, басқа субъективті факторлар да әсерін тигізді. ҰҒА «кеңестік анахронизм», «конституция нормаларына сәй­кес келмейтін заңсыз мекеме» қатарында атала бастады. Қаржы тапшы­лығына байланысты академияда қысқарту жүргізу оның жұмысының басты көрсеткішіне айналып кетті. Соның әсерінен ҰҒА-да екі жылда үш қысқарту науқаны өтіп, онда жұмыс істейтін адамдар саны 2500 кісіге, ал ғылыми қызметкерлер саны 672 кісіге азайды. Ізденіс жүргізіп жатқан тақырыптардың 332-сі тоқтатылып, ғылыми институттардың 240 бөлімдері мен зертханалары қысқартылды. Оның сыртында үш ғылыми зерттеу мекемесі жабылып, басқа жеті ғылыми мекеме үш ғылыми зерттеу мекемесіне біріктірілді.

К.Ә.Сағадиев бұл тенденцияға бей­жай қарай алмай, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде «Ғылымсыз ғұмыр тұл», «Академия наук на перепутье», «Нельзя растаскивать единый работаю­щий организм, нельзя разбазаривать великое народное достояние» деген секілді мақалалар жазып, академияның негізгі институттарын, материалдық-техниқалық базасы мен кадрларын сақтап қалуға барлық күшін салды.

Дегенмен бұл әрекеттер Ғылым академиясы – Ғылым министрлігін құрумен аяқталып, академик К.Ә.Сағадиев жаңа ашылған Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің ректоры қызметіне тағайындалды.

Академик К.Ә.Сағадиев сирек эрудициялы интеллект иесі, алмас қылыштай ерекше шыңдалудан өткен зияткер ға­лым, мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың саф алтындай кадрлар қоры­ның аса көрнекті өкілі, даланың дара дарынды әрі тағылымды тұлғасы болды.

Кенжекеңнің жүректілігі мен ше­шендігі де ерекше болды. Қандай да үл­кен аудиторияларға тайсалмай кіре­тін. Мүдірмей сөйлейтін. Бір сөзге қайта соқ­пайтын. Сөйлеген сайын тыңдау­шысын өзіне тарта түсетін. Оның қаты­суы­мен өткен күнделікті отырыстар шағын кон­фе­ренцияларға, ал ғылыми семинарлар үлкен форумдарға айналып кете баратын.

Кенжекең де, Нағытай жеңгеміз де достық пен сыйластықты жоғары баға­лады, зиялы қауымның ортасында жүріп, жарасымды қарым-қатынас жасады.

Кенжеғали Әбенұлы мақалалары мен баяндамаларын өзі дайындайтын. А4 қаға­зының жартысына жазған маржандай ұсақ сөз тізбектерінің бір түзетусіз талай беттері компьютерлерге теріліп жат­қанын талай көрдім. Сол әдетімен хал­қымыздың біртуар азаматтары Абай Құнан­байұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Дос­мұхамедов, Қаныш Сәт­баев, Шах­мар­дан Есенов, Евней Бөке­тов, Манаш Қозы­баев, Өмірзақ Сұлтан­ғазиннің көр­кем портреттерін асыл сөз­дермен өрнек­теп шықты.

Осыларға байланысты ойымда қал­ған екі жағдайды айта кетейін. Олар­дың бірі жоғарыда көрсетілген ғылыми-техникалық даму жөніндегі баяндамаға байланысты. Оған ғылыми бөлім­ше­лер­ден мәліметтер жинап, алғашқы нұс­қасын жасау маған тапсырылған. Мен келген материалдармен бір жеті­дей жұмыс істеп, көлемі 68 беттей баян­дамаға негіз болады-ау деген материалдарды Кенжекеңе жеткізіп бердім. Екі күннен кейін президент мен берген нұс­қа мен өзі жазған 36 бет қолжазбаны қо­лыма ұстатты. Ішінде мен дайындаған мате­риал­дан мардымды ештеңе болмай шықты.

Екіншісі Абайдың 150 жылдығына дайындық кезінде болды. Кенжекең «кіріп шық» деген соң кабинетіне барсам, кітапханадан «Қазақ» газе­тінің қалың тікпесін алдырып, А.Байтұр­сынұлының «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласын оқып отыр екен. Маған сол жерде Абай туралы өз баяндамасының қолжазбасын оқып берді. Таңданғаным сонша, «неге жазушы болмағансыз» – деп, ізінше осыным орынсыз болды-ау, академия президентін жазушыдан төменсітіп тастадым ба»  деп ыңғай­сызданып қалдым. Бірақ оған Кен­жекең «кейде өзім де неге сол жолға түспедім екен деген ойға келемін» деп менің жағдайымды жеңілдетіп тастады.

 * * *

Кенжекеңді көптен білсем де тағы көр­сем деп келесі кездесуді аңсап жү­ретінмін. Бірақ пандемияға байланыс­ты шектеу кезінде Кенжекеңмен телефон арқылы ғана сөйлесіп тұруға тура келді. Операциядан кейін мазасын ала бермейін деп телефон соғуды сиретіп жіберсем, өзі хабарласушы еді. Соңғы ауруханаға жатарының алдында сөйлескенімде «Жақсымын. Тамақты аз-аздап жиі ішемін. Біртіндеп салмақ қосып келемін. Күніне бір-екі сағат жұмыс та істей бастадым. Фейсбукта парақшам бар. Ойларымды сонда жазып жүрмін», дегенінде, мен олар не жөнінде екенін сұрап едім, ол «Жазатын дүние көп. Алдымен жеке табыс салығы туралы жазбақшымын. Елдің қазіргі жағдайында табыс салығын тезірек прогресті шкалаға көшірмесек қиын болады. Бай байи түсіп, кедей одан әрі кедейлене береді. Бұл тәсіл көп мемлекеттің тәжірибесінде бар», деді.

Мен «Кенжеке, онда жалақылардың дені конверт арқылы беруге көшіріледі деген сөз бар ғой», дегенімде: «Олай істетпейтін әдістер қоса шешілетін болады Сәбит, қалқам, біреу есік қағып тұр, келген жеңгең шығар, барайын, Светаға сәлем айт», деп сөзін аяқтап еді аяулы ағамыз. Ол кезде үлкен жүрек соғуын тоқтатып, артында өкініш пен сағыныш қалатынын сезбеп едім.

 

Сәбит БАЙЗАҚОВ,

ҰҒА академигі