Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының денсаулық сақтау саласындағы негізгі ережелері туралы айтып берді, - деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық сақтау саласындағы 11 міндетті айқындап берді.
Бірінші міндет
Коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-шараларға қатысқан медицина қызметкерлерін материалдық тұрғыда ынталандыруға арналған әлеуметтік үстемақы 2020 жылдың соңына дейін төленеді. Наурыз бен шілде айы аралығында мамандарға үш қауіптілік тобы бойынша ынталандыру ретінде жалпы 59,7 млрд теңге төленді. Қосымша 150 млрд теңге бөлінеді. Тиісті есептер Қаржы министрлігіне жіберілді.
«Министрдің үстеме ақы беру туралы бұйрығына сәуір айында қол қойылды. Сол сәттен бастап инфекцияның ағымы мен таралу сипаты айтарлықтай өзгерді. Егер пандемияның бастапқы кезеңінде бізде коронавирустың сырттан келу жағдайлары көбірек болса, онда жаздың ортасында бізде ел ішінде вирус көптеп тарала бастады, сәйкесінше COVID-19 салдарына тікелей қарсы тұруға қатысқан медицина қызметкерлерінің саны едәуір артты», — деді денсаулық сақтау бірінші вице-министрі.
Егер 2020 жылғы наурыз айында осы жұмысқа қатысқан маман саны 23 мыңға жуық болса, шілде айында бұл сан шамамен 82 мың медицина қызметкерін құрады. Уақыт өте келе бұл жұмысқа ведомстводан тыс медициналық ұйымдар (Қорғаныс министрлігінің және басқа да күш құрылымдары мен орталық мемлекеттік органдардың госпитальдары), әскери-медициналық, сот-медициналық бөлімшелердің қызметкерлері тартылды. Шілдеден бастап 3,5 мыңнан астам мобильді бригада жұмыс істейді, олардың қызметкерлері де коронавируспен күрес жұмыстарына тартылды.
Екінші міндет
Мемлекет басшысы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары мен дәрігерлердің жалақысын осы жылдан бастап кезең-кезеңімен арттыру және 2023 жылға қарай орташа жалақыны екі есе арттыру міндетін қойды. «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында осы шығыстар қарастырылған. 2021 жылы 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге жұмсалатын шығындардың жалпы сомасы 223 млрд теңгені, 2022 жылы — 362 млрд теңгені, 2023 жылы — 557 млрд теңгені құрайды.
Үшінші міндет
Денсаулық сақтау министрлігі халықтың дәлелденген тиімділігі бар дәрілік препараттарға қажеттілігін ескере отырып, Индустрия және инновациялық даму министрлігіне халықаралық стандарттарға сәйкес отандық фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту бойынша ұсыныстар енгізеді.
«Отандық тауар өндірушілерде ел ішінде өндірілетін базалық дәрілердің тізімі анықталады», — деді М. Шоранов.
Оның айтуынша, жыл сайын Бірыңғай дистрибьютордан дәрі-дәрмектерді сатып алуда отандық тауар өндірушілердің үлесі артып келеді, бұл жалпы көлемнің 30%-ын құрайды, 2024 жылға қарай 80%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Денсаулық сақтау министрлігі фармацевтикалық өндірісті қолдау және дамыту әрі импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында 10 жылға дейінгі мерзімге дәрілік заттарды жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдауда. Бүгінгі таңда 32 отандық тауар өндірушілермен 3 600 дәрі-дәрмек және медициналық бұйым атауын жеткізуге жасалған 63 ұзақ мерзімді шарт әрекет етіп тұр. Пандемия кезеңінде отандық Химфарм, Нобел өндірушілері, медициналық бұйымдар өндірушілері және т. б. өндірістік қуаттылықты едәуір арттырды (Азитромицин мен Левофлоксацин секілді коронавирусты емдеуде сұранысқа аса ие препараттар өндірісі артты). Медициналық маскалар мен қорғаныш костюмдерін өндірушілердің саны 6-дан 15-ке дейін артты, сондай-ақ дәрілік заттардың қосымша 50-ден астам түрін шығару жоспарлануда. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының нарығына дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың шығуын жеделдету мақсатында дәрілік заттарды мемлекеттік тіркеу кезінде күнтізбелік 70 күнге дейін, ал медициналық бұйымдар үшін 5 жұмыс күніне дейін жеделдетілген сараптама жүргізу қарастырылған.
Төртінші міндет
Қазіргі уақытта өңірлер әкімдіктері 12 модульдік жұқпалы аурулар ауруханасын салудың және екі аурухананы осы жылдың қазан айында пайдалануға бере отырып, қайта жаңартудың белсенді фазасына кірісті. Бұл жұмыс пандемияның ықтимал екінші толқынына дайындық шеңберінде жүргізілуде және ел халқын уақытылы және сапалы көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылған қосымша 2 700 инфекциялық төсек орны болады. Қаржыландыру ЖҚЖК және жергілікті бюджет қаражаты есебінен көзделген.
Бесінші міндет
2025 жылға қарай ел өңірлерінде МЖӘ есебінен заманауи 20 ірі медициналық орталық құрылады. Бұл халықаралық сапа талаптарына сәйкес халыққа жоғары технологиялық медициналық көмектің барлық түрін көрсететін, сондай-ақ төсек орын қорын 50% жаңартуды қамтамасыз ететін көпбейінді ауруханалар. Шамамен 1,5 трлн теңге инвестиция тартылады. Сондай-ақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес, біз Ұлттық оператор құру туралы Үкімет қаулысының жобасын енгіземіз.
Алтыншы міндет
2021 жылғы желтоқсан айының соңына қарай Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 500 төсек орнымен инфекциялық аурулар бойынша 2 көпбейінді ғылыми-зерттеу орталығы салынады. Бұл қазіргі және ықтимал эпидемиологиялық қауіп-қатерлерге уақытылы ден қоюға, ғылыми-техникалық әлеуетті шоғырландыруға, сондай-ақ инфекциялық қауіпсіздікті сақтау жөніндегі үздік әлемдік практикаларды ел өңірлеріне таратуға мүмкіндік береді.
Жетінші міндет
Мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарауды тапсырды. Министрлік Қазақстан Республикасында медициналық-санитариялық көмек көрсетуді жақсарту жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған тиісті жоспарды әзірлейді, оған алғашқы медициналық-санитариялық көмектің, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар кіреді.
«Біз фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету тәсілдерін қайта қарап, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту және кадрлық қамтамасыз ету бойынша шаралар қолданамыз. Кешенді аудит жүргізіледі, жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттерді, дәрігерлік амбулаторияларды салу және жұмыс істеп тұрғандарын жөндеу бойынша ұсыныстар енгізіледі», — деп атап өтті М. Шоранов.
Сегізінші міндет
Медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту тетіктерінің бірі шалғай өңірлер үшін көлік медицинасын одан әрі дамыту болады. Ауылдық елді мекендер үшін автобус базасында 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынады. Қолда бар ЖМК паркін ескере отырып, аудандық ауруханалардың қажеттілігі 100%-ға қамтылады.
«Аталған жылжымалы кешендер заманауи медициналық жабдықтармен, соның ішінде УДЗ-жабдықтармен, ЭКГ, зертханалық анализаторлармен, гинекологиялық зерттеулерге арналған қарау аймақтарымен, цифрлық рентген аппараттарымен және т. б. жабдықталады. Қазан айынан бастап аталған ЖМК еліміздің шалғай өңірлеріне жеткізіліп, жұмыс істейтін болады», — деп атап өтті М. Шоранов.
Тоғызыншы міндет
Сондай-ақ 2020 жылы жедел медициналық жәрдем қызметін «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы отандық өндірістің заманауи санитарлық автокөлігімен жарақтандыру жоспарланған. Барлығы 1 167 бірлік жеткізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі ЖАО-мен бірлесіп, медициналық ұйымдардың жарақтандырылуы мен инфрақұрылымының кешенді аудитін жүргізеді. Аудит нәтижелері бойынша Үкіметке ұсыныстар енгізіледі және бюджеттік өтінім қалыптастырылады. Ауылдағы денсаулық сақтауға ерекше назар аударылады (фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаторияларды салу және жөндеу қажеттілігін анықтау).
Оныншы міндет
Денсаулық сақтау саласындағы кадр саясатына қатысты ұзақ мерзімді болжам (10 жылға) әзірленеді, сондай-ақ эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог секілді тапшы медицина мамандарын көптеп даярлау қарастырылған.
Он бірінші міндет
«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 2021 жылдан бастап ЭКО квотасы 7 есеге артады. Мемлекет басшысының тапсырмасын ескере отырып, мемлекеттік бағдарламалардың нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерінің санын қысқарту аясында Министрлік ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізу бойынша тиісті ұсыныстар әзірледі.
Ресейлік коронавирусқа қарсы вакцинаны сатып алу туралы М. Шоранов COVID-19-ға қарсы ресейлік вакцинаны сатып алу тәртібі туралы толығырақ айтып берді. «Ресейлік тікелей инвестициялар қоры мен қазақстандық “СҚ-Фармация” ЖШС арасында келіссөздер жүргізілді, өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылды, бұл “Спутник V” ресейлік өндірісінің коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында Қазақстанға вакциналардың қажетті көлемін бөлуге кепілдік береді. Алайда, бұл ретте, келісім Қазақстан аталған вакцинаны сатып алған жағдайда кепілдік берілген көлемнен басқа қандай да бір міндеттемелерді қарастырмайды», — деп түсіндірді денсаулық сақтау бірінші вице-министрі.
Ол бұл кезеңде вакцинаның құны анықталмағанын атап өтті.
«Ресей тарапы вакцина нарыққа 2021 жылғы қаңтардан ерте шыға алмайды деген ұстанымды жеткізді, бірақ вакцинаның шығу мерзімі мен оның алдын-ала құны вакцина клиникалық сынақтардың барлық сатыларынан өткеннен кейін ғана анықталады», — деді ол.
Вакциналар санына келер болсақ, ҚР ДСМ қазақстандықтардың коронавирусқа қарсы иммундауды 2 млн дозадан астам мөлшерде сатып алуға алдын ала қажеттілікті анықтады, халықтың осал топтарының тізімі анықталды: балалар, диспансерлік есепте тұрған ересектер, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, денсаулық сақтау және білім беру қызметкерлері. Жалпы алғанда, осы бағыттағы жұмыс жалғасуда, бір мезгілде вакцинация мен иммундаудың жаһандық альянсы арқылы Covax Facility бойынша келіссөздер, сондай-ақ Қытай шығарған «Синовак» вакцинасын клиникалық сынауды бірлесіп жүргізу туралы келіссөздер жүргізілуде, дегенмен бұл мәселе пысықталу сатысында.
Сондай-ақ М.Шоранов ресейлік вакцинаның қазақстандық әзірлемелерден болжамды айырмашылықтарын атап өтті. «Ресейлік “Спутник V” вакцинасы – бұл аденовирустарға арналған екі сератипке негізделген тірі векторлық вирус вакциналары түріндегі препарат. Бұл вакцинаның белгілі бір қарсы көрсетілімдері бар.
Созылмалы жұқпалы, респираторлық аурулармен қатар, бұл вакцинаны жүкті әйелдерге, емізу кезеңінде, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі және 60 жастан асқан адамдарға қабылдауға болмайды. Осылайша, бұл қарсы көрсетілімдер біздің отандық вакциналарымыздан айырмашылығы, еліміздегі әлсіз топтарды егуді айтарлықтай шектейді», — деді бірінші вице-министр. М. Шоранов еріктілер коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны сынауға қалай қатыса алатындығын айтты.
Оның айтуынша, клиникалық сынақтарды өткізу осы зерттеу жүргізілетін елде түрлі рұқсат құжаттарын алуды талап ететін, көп еңбекті қажет ететін және күрделі процесс. Біріншіден, биоэтикалық комиссиядан өтіп, Дәрі-дәрмектерді сараптау орталығынан тіркеу куәлігін алу қажет.
Сонымен бірге барлық зерттеулер биоэтика қағидаттарына сәйкес жүргізілетіндіктен, ерікті, медициналық ұйым мен зерттеу демеушісі арасында тиісті ақпараттандырылған келісімге қол қойылуы тиіс. Зерттеудің демеушісі осы зерттеуге қатысқаннан туындауы мүмкін жанама әсерлерге байланысты тәуекелдерді сақтандыру туралы заңнамаға сәйкес кепілдік береді.