Британдық жазушы Агата Кристидің детектив жанрындағы әйгілі романы «Он қарадомалақты» («Десять негритят») француздар енді «Олар он еді» («Их было десять») деген жаңа атаумен басып шығармақ. Мұндай тосын шешімді автордың шөбересі Джеймс Причард бүгінгі қоғамдағы нәсілшілдік көзқарасқа байланысты қабылдап отыр. Ал бұған дейін шығарма ағылшынтілді елдерде «Енді ешкім де қалған жоқ» деп аталған еді.
48 жастағы Кристи «қарадомалақтар» хикаясы жарияланбай тұрып-ақ, отыздан аса романды түгесіп, танымал болған. Жалпы, детективші автор творчествосындағы қай шығарма болмасын, оқырман арасында кең таралып, көп талқыланды. Әсіресе 1926 жылы жарияланған «Роджер Экройдтің өлімі» романы Кристидің жазушылық шеберлігін мойындатқан алғашқы туынды еді. Ал «Он қарадомалақ» (енді «Олар он еді» деп атаймыз) Кристидің өзіне ұнаған сәтті шығармасы деседі.
Бұл кітаптың сюжеті автордың жазудағы ғадетіне сай белгісіздікке һәм бейтаныстыққа құрылған: мұндағы он кейіпкер: дәрігер Армстронг, Эмили Брент, Вера Клейторн, Уильям Генри Блор, Джон Гордон Макартур, Филипп Ломбард, ерлі-зайыпты Томас пен Этель Роджерс, Энтони Марстон, Лоуренс Джон Уоргрейв. Белгісіз А.Н.Онимнің ең қымбат аралға қыдыруға шақыруын қабылдаған бейтаныс он адам «қарадомалақтар» аралында қамалып, бірінен соң бірі ажал құшады. Аралдағы белгісіз қонақтар зорлықпен өлтірілген сайын қабырғадағы шыныдан жасалған мүсіндер де бір-бірден жоғалып отырған. Адам өлтірушінің кім екені анық: әрине, сол ондықтың біреуі (деп ойладық). Бірақ шығарма соңында онның ешқайсысы тірі қалмайды. Сонда қылмыскер кім?
Әлгі А.Н.Оним мырза неге дәл осы адамдарды таңдап алды десеңіз, олардың әрқайсысы адам өліміне себепші болған. Мәселен, дәрігер Армстронг – мас күйінде ота жасап, абайсызда ауру әйелді өлтіріп алады һәм бұл оқиға жұмбақ күйінде қалған. Ал Эмили Брент қызметші қыздың біреуден некесіз бала көтергенін біліп, қуып шығады. Бұған төзе алмаған қыз өз-өзіне қол жұмсайды. Вера Клейторн болса, күтуші болып жүріп, жақсы көретін жігіті үшін бір баланы әдейі өлтіреді. Уильям Генри Блор – сотта кінәсіз адамға жалған куә болған. Джон Гордон Макартур – соғыста әйелінің бұрынғы сүйіктісіне қастандық жасайды. Филипп Ломбард – қоластындағы жиырма адамын белгісіз жерде тастап кеткен. Ерлі-зайыпты Томас және Этель Роджерс – қызметші болып жұмыс істеп жүріп, үй иесінің дәрісін бермей өлтіреді. Осылайша мұра үй қызметшілеріне қалған. Ал Энтони Марстон – екі кішкентай баланы қағып кетіп, жазасын өтемеген. Лоуренс Джон Уоргрейв – сотта кінәсіз адамға әділ шешім шығармаған.
Романның әккі қылмыскер-кейіпкерін ең соңында – балықшылар хат салынған бөтелке тауып алған кезде таныдық. Хаттың авторы – жас кезінде-ақ кісі өлтіруді армандаған сот Уоргрейв екен. Алайда оған әділдікке деген ұмтылысы кедергі келтірген (ол енді сот емес пе?!). Жүректің терең түкпірінде қалған сол бір аңсар арман түбі Уоргрейвті қылмысқа алып келді. Сөйтіп, ол жазасын өтемеген қылмыскер он адамды тауып, жылдар бойғы қалауын орындаған. Тіпті осы Уоргрейвтің өзі қылмыс жасауда белгілі бір деңгейде әділ болғандай ма, қалай?..
Агата Кристи осы романның өзегін Ұлыбританияның фольклорына айналған он қарадомалақ туралы әйдік санамақтан алғаны жасырын емес. АҚШ-та шыққан басылымда бұл «санамақтың» кейіпкерлері кейде он кішкентай үндістер, солдаттар, тіпті теңізшілер де болды.
Шығарманың жаңа атауы жөнінде Кристидің ұрпағы Причард: «Кітап жазылғанда тілі басқа болды және ондағы сөздер де бүгінде ел жадынан ұмытылған. Мұндағы негізгі сюжет танымал санамаққа құрылған. Әрине, оны шығарған Агата Кристи емес. Мен шығарманың түпкі атауы АҚШ-та ешқашан қолданылмағанына сенімдімін. Ұлыбританияда 1980 жылдары өзгертті, ал бүгін біз оны бүкіл әлем бойынша ауыстырудамыз», деп түсіндірді. Және ол автор өзінің сөз қолданысы біреудің көңіліне тигенін қаламас еді деп атап өтті.
Осылайша роман Францияда алдағы қазан айында «Олар он еді» деген мұқабамен басылып шығады. Livre de Poche баспасының директоры Беатрис Дювальдің сөзінше, француздар Кристи романын сонау 1940 жылдары жасалған аудармамен жариялап келген әлемдегі соңғы елдердің бірі екен.
«Біздің мақсатымыз – шығарманың тақырыбын ғана өзгерту емес. Жаңа атауға сай роман мазмұнындағы кей тұстарды да ауыстырдық», деді Дюваль.
Кристидің шығармасы алғаш рет 1939 жылы 6 қарашада Ұлыбританияда Ten Little Niggers («Он қарадомалақ») деген атпен басылып шықты. Дәл сол жылы АҚШ-та кітап «Енді ешкім де қалған жоқ» (And Then There Were None) деген жаңа атаумен 2 доллардан сатылған еді (һәм ондағы қара нәсілділер хақындағы ойлар қысқартылған).
Ал Швеция «Он қарадомалақ» тақырыбынан 2007 жылы бас тартса, бұл шешім Нидерландыда 2004, Финляндияда 2003 жылы қабылданды. Ресейде де бұрынғы атаумен шығып келген роман қыркүйек айында жаңа мұқабамен «Эксмо» баспасынан жарияланады. Қазақстан мен әлем әдебиетінің арасында алтын көпірге айналған орыс аудармасының шарапатымен аталған шығарма біздің кітап дүкендеріне де жаңа атаумен келуі әбден мүмкін.
Агата Кристи творчествосының қоржынына – 60 детектив жанрындағы роман, 6 психологиялық роман (автор бұларды Мэри Уэстмакотт лақап атымен жазған), 19 әңгімелер жинағы һәм 16 пьеса жүк болады. Өз уақытында детективтің қас шебері атанып, мойындалған Агата Кристи кітаптары әлемнің 100-ден аса тіліне аударылып, ұзын саны 4 миллиардтан аса данамен басылып шықты.
Атақты детективші қаламынан шыққан жүздеген шығарманың бәрі дерлік шедевр емес, әрине. Сюжет қайталаулар, әлсіз суреттеулер, кей оқиғаларды ежіктеп түсіндіру сынды кемшіліктерді жоққа шығара алмаймыз. Алайда Кристи шығармашылығының негізгі қуатын көтеріп тұрған романдары оқушыны биік кеңістікте ұстап тұра алады. Агата Кристидің творчествода мол табысқа жетіп, әлем оқырмандарының жаппай оқуының сыры осы болса керек.