Әр өңірде ұйқысын аша алмай отырған баладан да сұрасаң, жаңылмай айтып беретін, ісі де, өзі де жұрт алдында жарқырап көрінетін аймаңдай кісілер болады. Тобыл-Торғай өңіріндегі сондай топтың ортасынан айрықша орын алатын Михаил Дәуенов 1985 жылы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Қостанай облыстық басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып қызметке келген еді. Ол «үндемейтін» мекеме басшысының бірі болып, тоң-теріс қалған жоқ, жұрт алдында екі тілде сөйлеп кетсе шешендігіне таңырқатты, облыс өміріне етене араласты. Айналасына талапшыл Дәуенов үшін істің ұсақ-түйегі болмайтын. Ол өзін алдымен бастық емес, чекист деп білетін.
– 1987 жылдың қаңтар айындағы қақаған бір күні шалғайдағы Қамысты ауданының кеңшарындағы «Партияның орталық комитеті бас хатшысының ауыл клубы қабырғасында ілулі тұрған үлкен портретіне белгісіз біреу оқ атып, бүлдіріп кетіпті» деген хабарды тексеру керек болды. Оны ауылдың бір тентегінің содырлығы деп, саяси астар бермей-ақ, ішкі істер органына тапсыра салуға да болар еді. Бірақ «біздің жұмыста ұсақ-түйек деген сөз болмайды» деп үйрететін Михаил Түсіпұлы, өзі де осы мәселе бойынша сол елді мекенге бірге баратындығын айтты. Мен оқиға болған жерді қарап, қылмысқа дәлел заттарды тауып, оны хаттадым. Бірақ енді мұны кім істегенін анықтау керек болды. Михаил Түсіпұлы жарты күннің ішінде қаскүнемнің кім екенін анықтап қана қоймай, оның үлкен бір қылмысқа дайындалып жатқандығы туралы ақпарат тауып үлгерді. Ел ұйқыға жатарда Мәкең оның қылмысқа керекті қару-жарақтарды қайда жасырғанын қазір таппасақ, ертең кеш болып қалуы, ол ойлаған ісін орындап үлгеріп кетуі мүмкін екенін айтты. Мен «заң бойынша түнде үй-жайға тінту жүргізуге болмайды, не болса да ертең көрерміз» дедім. Ол еш нәрсе айтқан жоқ, тек үнсіз бөлмеден шығып кетті. Түн ортасы ауған кезде Мәкең үстел үстіне қару-жарақ арсеналын үйіп қойыпты. Бәрі де заңға сәйкес рәсімделген, түсініктеме құжаттарына дейін бар. Бұзақы қару-жарақты сақтауға арналған құпия орынды үйіндегі ескі пештің оттығы астынан жасап, үстіне күл сеуіп қойған екен. Оны арнайы техникамен іздесең де табу-таппауың екіталай. Ал әлгі бұзақы бұған дейін ауыр қылмыс жасап, сотталған екен, жұмыс барысында директормен келіспей, осы қару-жарақтарды соған қастандық жасау мақсатымен жинастырыпты, – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері, отставкадағы подполковник Ғалихан Мәулетов.
1990 жылы Михаил Дәуенов МҚК Қызылорда облыстық басқармасын басқаруға тағайындалды да, дамылсыз жұмысын Сыр бойында жалғастырады. Мемлекеттің тұтастығы, қоғамның тыныштығы, халықтың амандығы үшін атқарылған жұмыстар онда да жеткілікті болды. 1992 жылғы ақпанның 22-сі күні Шиелі стансасына жақын жерде сотталғандарды таситын вагонда ішкі істер бөлімінің айдауыл қызметінде жүрген бірнеше солдаттың мәйіті табылғаны және қылмыскерлер солдаттардың автоматтарын өздерімен ала кеткені туралы дабыл түседі. Михаил Түсіпұлы дереу тергеу-оперативтік топты алып, оқиға болған жерге жетеді. Аудан орталығы әрі Шиелі стансасына келсе, автовокзалдың алдында үлкен «Икарус» автобусы тұр, астында пистолет ұстаған милиция қызметкері жатыр. Автобус астынан шықса қылмыскерлердің оны атып тастауы сөзсіз. Айналаның бәрі қан-жоса, сотталғандар өлген солдаттардың қаруымен бірнеше кісіні, оның ішінде бір милиция қызметкерін опат қылыпты. Автобустағы 13 жолаушыны кепілдікке алып, үлкен мөлшерде қаржы және шет мемлекетке өтіп кету үшін өздерін ұшақпен қамтамасыз ету туралы талаптар қойған. Автобусты басып алғандардың ішінде ату жазасына кесілген террорист болған, барлық бүлік соның белсенділігімен жүзеге асып отырған. МҚК-ге қарасты «Альфа» тобы келгенше, қылмыскерлерді залалсыздандыратын дайындық уақыты жеткенше бір тәулік бойы қылмыскерлерді алдандыру операция штабын басқарған полковник Михаил Дәуеновке оңайға түскен жоқ. Қылмыскерлер мен олар кепілге алған 13 жолаушы мінген «Икарус» автобусымен екі басбұзарды «лайнерге мінгізіп, капиталистік мемлекеттердің біріне шығарып салу үшін» Шымкент қаласына беттеген кезде, олардың «полковник қарауылыма дәл келіп отыр, шүріппені басып қалайын ба?», «Ондай мүмкіндік алда, сәл кідіре тұрайық» деген өзара әңгімелерін автобустың артындағы машинада келе жатқан Михаил Дәуенов арнайы аппарат арқылы естіп отырды. Қос басбұзар Глухов пен Усов дегендерді түрлі әдістермен алдандырып, уақыттан ұтып, бір түннің жүгі бір ғасырға бергісіз болып, Шымкентке енді жеткенде оларды күтіп, дайын тұрған «Альфа» тобы үш минуттың ішінде автобусты қылмыскерлерден залалсыздандырды. Басбұзарлар «ұшатын» ұшақ әуежайдан айқын көрінетіндей, назарға бірден ілігетіндей етіп, көлденең қойылды. Психологиялық тұрғыдан алғанда автобус әуежайға жақындағанда ұшақты көрген олар орнынан тұрып кетуге тиіс. «Альфалықтардың» бұл есебі тұп-тура келіп, автобусқа жарық пен даусы есіңнен тандыратын граната лақтырылып, дәл сол мезет су таситын машина қатты қарқынмен соққанда, ұшаққа қарап, орнынан елеңдеп тұрып кеткен қос қылмыскер еденге құлап түсті. «Альфалықтар» көзді ашып жұмғанша автобустың ішіне кіріп, басбұзардың біреуін атып түсіріп, біреуін қатты жаралады. Құлап бара жатып шүріппені автобус жүргізушісіне қарай басқан қылмыскердің оғы рульдегі Чехониннің иығын жалап өтті. Жолаушылардың біреуі ғана аяғының саусағынан жеңіл жараланғаны болмаса, барлығы да дін аман қалды.
– Бәріміз де алдымен ет пен сүйектен жаралған адамбыз, пендеміз. Жарық дүниеден кім баз кешкісі келеді? Бір тәулік бойы өліммен бетбе-бет жүріп жұмыс істегенде, отбасым бір минут есімнен шыққан жоқ. Бес балам көз алдымда тұрып алды. Басымнан «мен осы жолы бір оқтың құрбаны болсам, әйелім оларды қалай қатарға қоса алады, оған бар тауқыметті қалай артамын?» деген ой шыққан жоқ. Бірақ автобустың ішінде көзі жаутаңдап ажалдың алдында отырған 13 жанды ойлағанда тағы ышқынып кетемін. Операция ойдағыдай аяқталған соң, етқызумен шаршағанымды да, қарнымның ашқанын да бірден сезіне алмадым, тек қатты шөлдеппін, қаным кеуіп барады. Бір жұтым суға зар болып, шыдай алар емеспін. Қырсыққанда, қапелімде сол жерден су таба алмай, әжетханадағы жоғарыда ілулі тұрған бактегі суға беторамалымды малып алып, аузыма тамызған тамшының дәмін ешқашан ұмытпаспын, – деген еді бір әңгімесінде генерал Михаил Түсіпұлы.
Сол кезде «Альфа» арнайы тобын басқарған Аманғали Баталов Михаил Дәуеновтің қолын қысып: «Сіз болмағанда бұл жеңіс те болмас еді» деп, ризашылығын білдіреді.
– Бұл Кеңес Одағы жылдарынан бастап, сол 1992 жылға дейін құтқару кезінде құрбансыз аяқталған тұңғыш операция болатын. Михаил Түсіпұлының бір тәулік бойы қыл үстінде жүріп атқарған жұмысы, кәсіби біліктілігі болмағанда бейбіт жолаушылардың бұл күнде сүйегі қурап кетер еді де? – дейді әріптесі Ғалихан Нұржанұлы.
Сол 1992 жылы Михаил Дәуенов ҰҚК Қостанай облыстық басқармасын басқаруға қайта келді. Қостанай чекистері бұрынғы басшысын қуана қарсы алды. 90-жылдары елдің экономикалық, қаржылық жағдайы шегіне жеткенше төмендегені аға буынның есінде болар. Жалақы, жәрдемақы уақытында берілмеді, бюджет қоржыны бос қалды. Зейнеткерлер, ашынған жұрт теміржолдың, тасжолдың үстіне жатып, өздерінің наразылықтарын білдірді. Мемлекет мүлкін жекешелендіру деген кезеңде түрлі алдау, арбау, алаяқтық та орын алды. Қарапайым халық аңтарылды. «Әйел ерге қарайды, ер жерге қарайдының» нағыз кері келді. Бала-шағаны үйге тастап, әйелдер ала дорба асынып кетті. Мәскеу дем беріп желіктірген кейбір ұлт өкілдері Қостанай және солтүстіктегі облыстардың Қазақстан құрамынан шығып, Ресейдің қол астына кіруі туралы ойын ашықтан-ашық айтуы да кездесті. Бірақ бұл саяси айла білікті чекист Михаил Дәуеновтің арқасында көздеген жеріне жетпей қалды. Міне, осылай су ішкен құдығына түкіргендердің іс-әрекетіне қырағылық болмаса, оның мемлекеттің тұтастығына іштен жеген жегі құрттай қауіп төндіруі әбден мүмкін еді. Осындай жайттардың барлығының алдын алу керек болды. Оған Михаил Түсіпұлы облыс басшыларымен келісіп, бірлесе отырып, шекаралас облыстар чекистерімен талай рет іскерлік, спорттық, достық кездесулер өткізді. Бұл шекараның арғы-бергі бетіндегі ұшынуға жақын тұрған көңіл күйді бәсеңдетуге, тұрақтандыруға ықпал етті. Соның арқасында Қостанай облысымен шекаралас аудандарда ешқандай түсінбестік оқиғалары орын алған жоқ.
М.Дәуеновтің Отан алдындағы еңбектері зор бағаланып, 1995 жылғы мамырда ел Президентінің Жарлығымен оған генерал-майор әскери жоғары шені берілді. Сонымен бірге «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері» деген атақ алды. Мәкең зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қарап отырған жоқ. Алдымен ұлттық қауіпсіздік органдарына мамандар, яғни өзіне шәкірт тәрбиелеуге атсалысты. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде болашақ заңгерлер даярлады. 2003 жылы «Құқықтық Қазақстан үшін» республикалық азаматтық қозғалысы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Михаил Дәуеновтің бастамасымен облыс орталығындағы «Жеңіс» саябағында халықтан жиналған қаражатқа саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш-белгі орнатылды. Генералдың басқаруымен саяси қуғын-сүргіннің Тобыл өңіріндегі зардабы мен құрбандары туралы мол мәлімет беретін 5 томдық кітап жарық көрді. Өзі «Страницы жизни» атты естелік кітабын жазды.
Михаил Түсіпұлының ұлы Азамат та әке соқпағымен жүр, Ұлттық қауіпсіздік академиясын бітіріп, қызметке кіріскен. Бұл да жақсы адамның жолы, мейірбан әкенің ізі. Бүгінде Тобыл-Торғай өңіріндегілер халқы үшін, елі үшін қалтқысыз қызмет еткен тұлға Михаил Дәуеновтің өнегелі өмірін құрметпен еске алып отырады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
журналист
ҚОСТАНАЙ