Сербия мен Косово экономикалық ынтымақтастық орнатуға келісті. Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен өткен үшжақты келіссөздер нәтижесінде Белград пен Приштина билігі татуласуға ықылас танытты.
Вашингтонда өткен келіссөздерге Д.Трамптан бөлек Сербия президенті Александр Вучич пен Косовоның премьер-министрі Авдулла Хоти қатысты. Жиын барысында екі ел арасындағы қордаланған көптеген мәселелер талқыланып, шешімін тапты.
Біріншіден, Сербия мен Косово экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға келісті. Дегенмен А.Вучич экономикалық байланысты жақсарту екі ел арасындағы саяси дүрдараздықтың жойылғанын білдірмейтінін атап өтті. Оқырманға мәселе түсінікті болуы үшін осы жерде сәл шегініс жасасақ. Кезінде Косово да, Сербия да Югославия федерациясының құрамында болған еді. Косово ол кезде Сербияның құрамындағы автономиялық аймақ мәртебесіне ие-тұғын.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдары өңірде қақтығыс туындап, Югославия федерациясы тарады. Осылайша Балқан түбегі түрлі қақтығыстың ошағына айналып, аймақтағы саяси жағдайлар сан мәрте құбылды. Осындай кезеңде Сербия билігі Косовоны өз аумағы деп мәлімдеген-ді. Бірақ Косовода негізінен мұсылман албандар тұратындықтан, сербтермен арадағы ұлтаралық жағдай шиеленісе түсті. Ақырында қақтығысқа халықаралық қоғамдастық араласып, Косовоға НАТО әскерін кіргізді. БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясы әлі күнге дейін осы өңірде қызмет етеді.
Косово 1999 жылдан Сербияға бағынудан бас тартса, 2008 жылы тәуелсіздігін жариялады. Оны БҰҰ-ға мүше 192 елдің 112-сі тәуелсіз ел деп таныса, 69 ел ресми түрде мойындаған жоқ. Олардың қатарында Сербия да бар. Рас, кейіннен 15 мемлекет өз пікірін өзгертті. Міне, Косово егемендігін жариялағанымен әлі күнге шешімін таппаған түйткілдер жетерлік. Соның бірі – Сербиямен арадағы қарым-қатынас.
Ақ үйде өткен келіссөздердің маңызы да осында. Бұған дейін Балқан түбегінде көрші жатқан екі елдің арасын жалғайтын бірде-бір авто жол не темір жол жоқ болатын. Келісімге сәйкес, ендігі жерде аталған мәселенің шешімі табылмақ. Сондай-ақ Косово Балқан түбегі елдерінің арасындағы визасыз аймаққа енбек. Қазіргі таңда бұл бастамаға Сербия, Албания және Солтүстік Македония қол қойған. Алдағы уақытта келісімге қатысушы мемлекеттер Еуропалық одаққа енуді көздейді.
Екіншіден, Приштина бір жылға дейін халықаралық ұйымдарға кіруге өтініш бермеуге міндеттеме алды. Ал Белград билігі осы мерзім аралығында басқа мемлекеттердің Косово тәуелсіздігін тануына кедергі келтірмеуі тиіс.
Сонымен қатар мәмілеге келген ресми Белград пен Приштина билігі АҚШ-тың бірқатар «өтінішін» орындамақ. Атап айтсақ, Huawei компаниясы ұсынатын 5G технологиясын пайдаланбау, «Хезболланы» террористік ұйым деп тану және сексуалды азшылықты қылмыстық қудалау туралы заңнан бас тарту.
Үшіншіден, келісім аясында Сербия тарапы Тель-Авивтегі елшілігін Иерусалимге көшірмек. Косово да аталған шаһарда дипломатиялық миссиясын ашуға келісті. Мұның есесіне Израиль тарапы Косовоның тәуелсіздігін мойындайды.
Балқан түбегіндегі екі елдің Иерусалимнен елшілік ашуы Израиль үшін жеңіспен тең. Бұған дейін АҚШ тарапы өз елшілігін осы қалаға ауыстырып, халықаралық қоғамдастықтың сынына ұшыраған еді. Өйткені БҰҰ Иерусалимді Палестина мен Израильге тең дәрежеде тиесілі деп есептейді. Ал Ақ үйдің сол әрекеті бұған қарсы келгенді білдіреді. Сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарына да сай келмейді.
Осы оқиғадан кейін пікір білдірген Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Сербия дипломатиялық миссиясын Иерусалимге көшірген алғашқы еуропалық мемлекет деп мәлімдеді. Екі елдің елшіліктері келер жылғы шілдеге дейін қоныс аудармақ.
«Досым, Сербия президентін Иерусалимді Израильдің астанасы деп танып, елшілігін сонда көшіру жөніндегі шешіміне алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ осы жетістікке қол жеткізуге атсалысқан досым президент Трампқа да рахмет», деді Б.Нетаньяху.
Палестина басшылары Ақ үйдің мәлімдемесіне ренжулі. Олардың пайымдауынша, бұл қадам арқылы Д.Трамп Палестинаны пайдаланып, халық алдында абырой жинап, алдағы президенттік сайлауда жеңіске жетуді көздейді.
«Палестина президент Трамптың сайлауалды науқанының құрбанына айналды. Оның командасы кез келген қадамға дайын. Оны қайта сайлау үшін әлемге кесірін тигізетін әрекетке барады. Бұл Біріккен Араб Әмірліктері мен Израиль арасындағы келісім секілді Таяу Шығыс үшін жасалмаған», деп жазды «Палестинаны азат ету ұйымының» басшысы Саеб Эрекат туиттердегі парақшасында.
Палестиналықтардың ренжуінің жөні бар. Біріншіден, Иерусалимнің мәртебесі түпкілікті шешілген жоқ. БҰҰ да, Еуропалық одақ та шаһарды бөлісуді еврейлер мен палестиналықтар өзара шешуі тиіс деп есептейді. Ал оған дейін еш мемлекеттің онда елшілік ашуға құқы жоқ.
Әйтсе де, АҚШ президенті Дональд Трамп 2017 жылы Вашингтон екіге бөлінген Иерусалимді Израиль астанасы деп танитынын және АҚШ елшілігін Тель-Авивтен осы қалаға көшіретінін жариялаған. Бір жылдан кейін Ақ үй билігі өз мақсатына жетіп, дипломатиялық миссиясы Иерусалимге қоныс аударды.
Екіншіден, таяуда ғана Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктері дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға келіскен-ді. Бұл келіссөздерге де ресми Вашингтон ұйытқы болды. БАӘ – Израильмен дипломатиялық келісім жасасқан араб әлеміндегі үшінші мемлекет. Палестина билігі Әмірліктердің бұл қадамын сатқындыққа теңегені есімізде.
«Хамас» ұйымы Израиль мен БАӘ келісімін қолдамайтынын, бұл қадам Палестина халқының мүддесіне сай келмейтінін жеткізді. «Бұл келісім Палестина мәселесін мүлдем шешпейді, керісінше сионистерге қолайлы. Бұл келісім Израильдің басып алуын жалғастыра беруін және Палестина халқының құқығын мойындамауын, тіпті біздің елімізге қастандық жасай беруін жалғастыруға әсер етеді», деген еді «Хамас» өкілі.
Үшіншіден, таяуда Израиль Иордан өзенінің батыс жағалауын аннексия жасау жөніндегі жоспарын жариялаған. Аннексия ел тізгінін биылғы сайлауда әрең қолына ұстаған Беньямин Нетаньяхудың басты «көзірі».
Израиль Иордан өзенінің батыс жағалауын 1967 жылғы «Алты күндік соғыста» басып алған. Содан бері мұнда еврейлердің қонысын қалыптастыру әрекеті белсенді жүргізіліп келеді. Қазір аймақтағы 140 елді мекенде 400 мыңға жуық еврей өмір сүреді. Ал мұнда нәпақасын айырып жүрген арабтардың саны 2 миллионнан асады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі де, БҰҰ да еврейлердің қонысын заңсыз деп санайды. Сондықтан «Батыс жағалау» мәселесі әлі күнге дейін түбегейлі шешілген жоқ.
Дональд Трамптың араз елдерді татуластырып, арағайын танытуға ұмтылуының басты себебі мынада. Алдағы қараша айында АҚШ-та президенттік сайлау өтеді. Коронавирус індетін дер кезінде ауыздықтай алмағандықтан, кейінгі кезде халық арасында Д.Трамптың беделі түсіп кеткен еді. Сондықтан ол абыройын қайтарудың бүкіл мүмкіндігін қарастырмақ. Еврейлер мен арабтарды татуластыру, сербтер мен албандарға арағайын болу арқылы АҚШ президенті өзін мәмілегер ретінде көрсетеді. Бұған дейін Ақ үй басшысының Солтүстік Кореямен келісімі сәтсіз аяқталып, Иранмен одан әрі араздасып қалғаны белгілі. Ендеше, Д.Трамп «екі жеп биге шығуды» көздейтіні анық. Яғни мәмілегер атанады әрі алдағы сайлауда абырой жинайды.
Ақ үйдегі жаңалықтан кейін Түркия тарапы Сербияның елшілігін көшіру туралы шешіміне алаңдаушылық білдірді.
«Біз бүкіл мемлекетті осыған қатысты БҰҰ-ның қарарына сүйеніп, Иерусалимнің тарихи және құқықтық мәртебесін құрметтеуге, Израиль-Палестина қақтығысына қатысты қабылданған қарарды одан әрі қиындата түсетін қадамдардан бас тартуға шақырамыз», делінген Түркия Сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде.
Қорыта айтқанда, Косово мен Сербияның экономикалық мәмілеге келуі Балқан түбегіндегі шиеленісті шешуге ықпал еткенімен, келісімнің кей тұстары онсыз да Таяу Шығыста өршіп тұрған жанжалды одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін.