• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Руханият 08 Қыркүйек, 2020

Туған іні таланты

693 рет
көрсетілді

Алабөтен қуанатыным, Алпысбай талантына адамзаттың Айтматовы көзі тірісінде жоғары бағасын беріп кетті: «Алпысбай Қазығұловтың туындыларын осыдан 10 жыл бұрын, нақтырақ айтқанда 1996 жылы наурыз айында алғаш рет Брюссель қаласында көрдім. Қазіргі заманның көрінісін дөп басқан картиналардан қазақтың дархан даласына, туған еліне, Жер-Анаға деген сүйіспеншілік сезілетін Алпысбайдың суреттері мені бірден баурап алды. Сол күні автордың жеке көрмесінде онымен танысудың да сәті түсті. Суретші қылқаламынан туған дүниелерде жалғандық жоқ. Шы­ғармалары бүгінгі заманның тілі­мен үн қатса да, баба дәстүрінен алы­стап кетпеген. Қылқаламына тәуел­ді туындылар «модернистік» фор­мада болғанымен, тақырыбы бойынша әлем шешімін таппаған мәңгілік сұ­рақ­тарға жауап іздейді».

Бауырым хақында қалтқысыз әңгі­ме айтуымның қиындығын осын­ша­лықты жеңілдетіп кеткен Шыңғыс ағамыздың аруағына – мың тағзым! Суретші өз шығармашылығының шарықтау шағында шығарған «Ал­пысбай Қазығұлов. Кескіндеме» атты кітап-альбомының алғысөзінде әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматовтың жүрекжарды жоғары бағасын беруі туған інім туралы менің де көсіле жазуыма құқық сыйлаған мандат екенін жасырғым келмейді. Өйткені дәл қазір халықтың ұлына айналып, жалпақ жұртқа танымал болған талант туралы кім кімнің де, тіпті туған ағасының да пікір айтуға қақысы бар екенін ешкім енді жоққа шығара қоймас.

Қазіргі заманғы живописьте қатып қалған стиль немесе бағыт жоқ. Бұл түсінікті де. Егер кез келген өнер классицизммен тоқтап қалса, адамдардың жаңаша ойлау қабілеті пайда болар ма еді, болмас па еді?! Бүгін осындай қорытындыны батыл жасауға болады. Шын мәнінде қазіргі толып жатқан «измдерден» тұратын әдебиет пен өнердегі ағымдар адамдарды заманауи ой қорыта білуге тәрбиелейтініне күмән аз.

Осы тұрғыда қиял мен логикасы қатар дамыған Алпысбай да өзіне тән даралығымен ерекшеленеді. Оның гуманистік философияға негіз­делген еңбектерінде адамға деген мейірім мен сүйіспеншіліктің, сұлу­лық пен тазалықтың исі аңқып тұр. Қанық бедерленген көркем әлем жү­ректі жаулап, өз тұңғиығына тар­та жөнелетіні өз алдына, оған қоса сені өмірдің тылсым сұрақтары төңі­регінде ойлауға үйретеді. Автор шығар­малары қарабайыр тіршілік көрі­ністеріне емес, тұңғиық ойдың көркем келбетіне үңілдіретінімен салған беттен арбап алады. Содан да болар, қазіргі заманғы бейнелеу өне­рінде өзіне тән философиялық көз­айым моделін қалыптастыра білген Ал­пыс­байдың шығармаларын оңай танып, оңай ажыратасың.

Көп жағдайда классикалық канон­дарға бағынбайтын Алпысбай­дың картиналары абстраксионизм, сюрреализм, трансавангард, экспрессионизм элементтеріне өте бай. Ол – бір ағымнан екінші ағымға нәзік көше білетін кескіндемеші. Туындыларында шынайы өмірді бейнелеуден гөрі көбінесе айналада болып жататын оқиғаларға өзінің жеке көзқарасын білдіретін Алпысбайдың дербес мәнері эмоциясының молдығынан бас­тау алған. Ол түс пен линиялардың экспрессивті жаңа мүмкіндіктерін тауып, оны қазақ бейнелеу өнеріне енгізгені өз алдына, импрессионизм мен экспрессионизм түйісетін осы алтын ортада өз бағытын бедерлей білгені – ұлттық живописьтегі тың құбылыс.

Маған өнертанушы Светлана Шкляева­ның Мәскеуде өткен «Абст­рак­тілі экспрессионизм тағдыры» деп аталатын ғылыми-практикалық конф­еренцияда Алпысбай шығар­машылығы туралы жасаған баяндамасында айтқан ойлары ұнайды: «Живопись Алпысбая Казгулова представляет яркий пример локального явления в интерпретации идей западноевропейской и, в частности, французской школы абстрактного экспрессионизма и национальных образов ностальгического пассеизма. «Парадигма glocal» и ностальгический пассеизм, как особые направления в постмодернизме, наблюдаются в произведениях Алпысбая Казгулова, где образы номадического прошлого воссоздаются благодаря наработанной авторской технике, примененной в абстрактной живописи».

Бұл терең ой әрі қарай өрбітуге сұранып тұр. Психологиялық тұр­ғы­дан. Ғылыми терминдерді түсін­діре кету үшін. Жеке ойымды білдіре кету үшін. Әрине зерттеудің өнертану­шылық әдістерін жетік меңгерген Светлана Аркадьевна Алпысбайдың ұлттық ерекшеліктерді жаһандануға қарсы (global vs local) қоймайтынын, қайта керісінше осы екеуінен қоспа (glocal) құйып шығарғанын «қосар­ланған қабылдау» («парадигма glocal») формуласы арқылы әдемі өре білген. Сонымен қатар Алпысбайдың өз туын­дыларында ұлттың өтке­ні­не деген қызығушылығын байқам­паздықпен көрсете білген. Дей тұра, Алпысбай шығармашылығы пассеизмге байланып қалған деп кесіп айтуға келмейді. Оның туындыларында бұрынғымызды саралаумен қатар ұлттың қазіргі және болашақтағы құндылықтарын да өнеріне арқау етуге ұмтылыс молынан табылатынына сүйенетін болсақ, өнертанушылар Алпысбайдың төл ағымын түпкілікті анықтап болды деп айту қиын.

Бұның бәрі Алпысбайдың қарама-қай­шы­лықтарды қораластыра қол­данудың арқасында өнерде «таза стиль» деген болмайтынын дәлелде­генін көрсетеді. Ең бастысы, сақа сурет­­ші осы тактикасы арқылы өзінің стра­тегиялық мақсатына қателес­пей жетті. Белгілі бір түстердің топ­та­­малық үйлесімділігін кестелей біл­ген салиқалы суреткердің әрбір жұмы­сынан оның характері мен сол сәттегі шағала көңілін айнытпай танисың. Айтары жоқ, абстрактілі өнердің апогейіне апарар төте жолды тапқан Алпысбай бақытты суретші дер едім.

Десе де, Алпысбай бояудың кілтін әлі іздеп жүргенін айтудан жалыққан емес. Бұл оның өнер жолында ешқашан босаңсуды білмейтінін аңғартса керек. Оның буырқанған бояуларынан ырғақ энергиясы анық сезілетіні де – табандылықпен үнемі іздене білуінің нәтижесі. Дәл осылай дүлей динамиканың тылсым дүрсілін ести алатын художник ғана өзінің өмірлік басты шедеврін дүниеге әкеледі. Түс пен кеңістікті айрықша сезіне алатын қылқалам иесі ғана натураны өз ырқына бағындыра алады. Живописецтің лирикалық ағынан жарылуынан туатын өнер туындысы санаңда мәңгі сақталатыны да – сол импульстің сұрапыл жүрек соғысы. Сұлу серпінді сезіну түпкі нәтижеде адамды өнер ләззатына бөлей алатындығы да сондықтан.

Мұндай деңгейге өрелі өнердің табиғатын түсінуге тырысатын с­урет­шінің бәрі бірдей жете алмайды. Алпысбайдың басты жетістігі, бәрі­мізге бұрыннан таныс нәрсені тың толғанысқа толы толағай экспрессия арқылы жеткізеді. Кәсіби шеберлігін айтпағанда, суретші көңіл күйдің әсем көріністерін ғаламат бір әуездікпен әсем үйлестіретіні – соның айқын дәлелі.

Үлкен дарын иесі Алпысбай – ғалам мен адам арасындағы алшақтықты бізге жақындата білумен қатар, сол көзге көрінбейтін нәзік байланысты әдемі суреттейтін сезімтал суретші. Оның жүрек пернесін дөп басатын әрбір туындысы әлемнің сиқырлы қуа­тын ұғындыра білетіндігімен құнды. Бұрыннан белгілі дүниелердің өзі оның шығармашылығында әр түрлі комбинацияға түсіп, образдардың жаңаша туатыны – суретші қиялының сиқыры. Картинаның сананы селт еткізіп серпілтер күші осында жатыр.

Талантты суретшінің бұл ерекше­ліктері оның жеке қызығулары мен қасиеттеріне, алдына қойған мақ­сатына байланысты екені – дәлелдеуді керек етпейтін аксиома. Алпысбай қия­лының мазмұны мен формасы оның өскен ортасы мен ұлттық специ­­­фикасына байланысты өрбитіні де – заңдылық. Бұл ажырамас ақық қаты­нас – Алпысбайдың эмоция мен эм­па­тия синтезінің ньюанстарын жетік меңгеруінің нәтижесі. Оның туын­дыларының кереметтігі сонда, картинадан көрерменнің алатын әсері кеудеге сыймай бұлқынып, жара­ты­лыс­тың тек жарқын тұстарын жүрекпен сездіріп, қиял әлемін бөлек түрмен танытып, көңілді мың құбылтып барып ғажап бір құдіретпен қауыштырады. Бұл ғажайып әсер суретшінің шабыт дейтін жүрек түпкіріндегі аласапыран күйінен туындайды.

Менің түсінігімде, Алпысбай – қазақ бейнелеу өнерінде уақытты материализациялауды ең алғаш енгіз­ген суретші. Мұндай басыбайлы жаңа­лықты ол өз картиналарында үштаған кеңістікті көрсете алуымен жүзеге асырғанын мамандар­дың бай­қамауы мүмкін емес. Мұны айқын дәлелі – оның «Ұлы Жібек жолы» картинасы. Суретші живопись құрылымы мен композициясын сауатты құру арқылы кейіпкер толғанысына ерекше мән береді. Сонан да жарқын әсерлер палитрасы жеңіл әрі нәзік көрінеді. Ол көптеген картиналарында тарихты бейнелеу барысында кеңістіктің өзін образға айналдырып жіберетіні – суретшінің батыл фишкасы.

Алпысбай жоғары танымдық қасиеттерінің арқасында кеңістіктегі уақыттың өзін картиналарының құ­рылымдық моделінде үштаған сегментация жолымен ашып көрсете алатыны – суретші шеберлігінің шыңы. Оның туындыларында бағзы заман (антиуақыт), бүгінгі күн (уақыт) және келешек (псевдоуақыт) бір мезгілде сені логикалық ойлауға мәж­бүрлей біледі. Бұл – суретшінің таза рефлекске мән беруінің жемісі. Әрине мұның өзі көп адамға салған бетте толық және түпкілікті түсінікті бола қоймайтыны тағы рас. Алайда живопись өнеріндегі мұндай сирек құбылыс құпиясының құлпын әркім ашып ала беретін болса, онда оның несі құбылыс?! Дегенмен, мұның бәрін қарапайым адамның өзі психологиялық тұрғыдан қабылдай алатынына қайран қаласың. Дәл осы қарама-қайшы парадигманың бәрі – айналып келгенде, әрине, суретші жұмбағының гравитациялық күшінің құдіреттілігі.

Туындыларында суретші үштаған кеңістікті ашу жолында өмірдің қас­қағым сәтін бейнелеу тәсілі мен мұқият аяқтап жазу әдісін мінсіз орын­дайды. Мұның өзі картинаға мону­ментальдылық берумен қатар, сурет­кердің түс пен жарықты тиімді пайдалану арқылы ішкі нәзік иірімдер кеңістігін құра білгенін көрсетеді. Картинада қызғылт түстің молынан берілуі кеңістіктердің ауқымы мен өзара пропорциясын аша түседі. Қызыл түстен гармония тапқан француз Анри Матисс секілді шебердің туын­дыларын бір кездері барынша зерттеген Алпысбай осы түсті кеңіс­тік­терді айқындау үшін орнымен қол­­дана білетінімен ерекшеленеді. Матисс демекші, Алпысбай түс пен кеңіс­тіктің көп құпиясын қазіргі қазақ бейнелеу өнерінің мэтрі, ұстазы Ер­болат Тоғысбайұлы Төлепбайдан үй­рен­генін де айтпай кету – арымызға сын.

42 жыл шығармашылығында 7 мың­нан астам картина жазған, қазақ бейнелеу өнерін Еуропа мен Азия елдеріне паш еткен Алпысбай әр жылдары Жапония, Голландия, Бельгия, Қытай, Түркия, Франция, Англия, Ресей және тағы басқа елдерде өткен халықаралық көрмелерге қатысты. Елімізде оннан астам дербес көрмесін өткізді. Ол – Қазақстанда бейнелеу өнерін сақтап қалуға үлкен үлес қосып келе жатқан коллекционер. Оның жеке қорында 2 мыңнан астам Қазақстан және басқа елдер суретшілерінің туындылары сақ­таулы. Алпысбай өз коллекциясынан таңдаулы 50 картинаны Қазақ­станның өнер музейлеріне сыйға тартқанын да – айту парыз.

Қорыта айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Пара­сат» орденінің иегері Алпысбай Қазы­ғұловтың Қазақстан Респуб­ликасы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған шығармалары – қазақ бейнелеу өнеріне қосылған қомақты үлес. Сондықтан да ол өзінің лайықты бағасын алуы тиіс.

 

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ