• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 08 Қыркүйек, 2020

Ахмет қалпе

1014 рет
көрсетілді

Қазіргі Ақтөбе облысы аумағында ХІХ ғасырдың аяғындағы уезд орталықтары – Темір, Ойыл, Жармолада (Ырғыз) көктем мен күзде сауда-саттық жәрмеңкелері тұрақты өткізіліп тұрған.

Ойылдағы – Көкжар, Ырғыз (Жармола), Темірдегі Қарақамыс жәрмеңкелерінде Орынбор, Ор, Қазан, Самарқанд, Бұхарадан келген саудагерлер жергілікті тұр­ғын­дардың мал еті мен майын, жүн-терісін өздері әкелген азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық бұйым­дарға айырбастап әкетіп жатты. Жәрмеңкелерде бір жағы­нан сауда-саттық, тауар айырбасы қызу жүрсе, екінші жағынан әнші, күйші, қобызшылар ел алдына шығып танылды. Орынбор гене­рал-губернаторының ық­палы­­мен Темір, Ырғыз, Ойылда сау­­дасы жүріп, жәрмеңкелер жүйе­сін жақ­сы дамытқан Орын­бор сау­да­герлері осы жерге орнық­қан соң мешіт салып, медресе ашты.

1900 жылы Орынбор Діни басқармасы ендігі жерде қазақ дала­сы­ның батыс өлкесінде жаңадан салынатын мешіттер бірың­ғай Қазан үлгісімен салын­сын деген шешім шығарды. Бұл мешіттер – тастан қаланған, сүйір мұнаралы, терезелері жа­рық әрі кең, негізінен екі қабат­ты құ­рылыстар еді. Осы кезден бас­­тап дала жұрты жиі қоныс­тан­ған ауылдарда саздан иле­ніп, қол­дан құйылған қам кірпіштер­ден мешіт тұрғызуға тыйым са­лын­­­ды. Ақтөбе облысында әлі күн­­ге дейін шатыры мен есік-тере­­­зе­лері тозғанымен, міні құр­ғ­а­май тұрған Ойыл мен Темір елді­­ ме­­кен­­­деріндегі және Ақтөбе қала­сы­­­ның ескі бөлігіндегі мешіт тастан қа­ланып, Қазан үлгісімен тұрғызылған.

1905 жылы уезд орталығы –Темір қаласының тұрғындарының саны екі мыңнан асты. Мұнда ішкі Ресейден сауда жайымен тұрақтап қалған орыс, татар, бұ­хар саудагерлері көп еді. Жәр­меңке жаңа тауар айырбасына жол ашқан соң төңіректегі Жем өзені­нің бойындағы ауыл жұрты да біртіндеп Темір қаласының төңірегіне шоғырлана түсті. Бұл мекенге теріден түрлі тұрмыстық бұйымдар, ат әбзелдерін жасап сататын қолөнерші шеберлер де шоғырлана түсті.

 

Темір мешіті қалай ашылды?

Император Николай ІІ заманында уезд орталығы, одан кейін Кеңес өкіметінде аудан орталы­ғы болса да, қазір оның бәрінен айы­рыл­ған ескі Темірдің баяғы сал­тана­тын күйдірілген қызыл кір­піш­тен салынған екі қабатты зәу­лім мешіт қана айғақтап тұр. Бұл ме­­шіт­­тің алғашқы имамы – Ахмет қал­пе Насыров (1885-1939 жж.). Мешіт­­ті Қарақа­мыс жәрмең­кесі­нен ба­йы­ған орын­борлық татар Мә­жит Фатк­уллин 1905 жылы өз қар­­жы­сына салдырып, бас имам­­­дық қыз­метке Уфа­дан жас баш­­құрт жі­гіті – Ахмет қалпені шақыртқан.

 Башқұрттар арасындағы табын руынан шыққан Ахмет Насырұлы 1885 жылы Уфа губерниясының Мензалы қаласында дүниеге келген. Орынбор облысының Сақмар ауданындағы Қарғалы медре­сесінде білім алуы да мүмкін. Өйткені, 1749 жылы ашылған Қарғалы медресесі Орынбордағы «Хусаиния» медресесі сияқты 1917 жылға дейін ішкі Ресейдің аса білімді башқұрт, татар, ноғай діни қайраткерлерін дайын­даған өте ықпалды оқу орны бола­тын. Айта кететін бір жайт, Ақтөбе гу­бер­ниясының бұрын­ғы уез­дерін­де мешіт ұстап, бала оқыт­қан жер­гілікті діни оқыған­дардың есім­деріне имам, ахун деген діни атақ­тар қосылып айтылса да, қалпе деген атақ иеленгендер жоқ еді.

1927 жылдан бастап Ақтөбе обл­ысында дін адамдары саяси сенім­сіз топ ретінде оқшаулан­дырылып, олардың басқа жерге қоныс аударуына рұқсат етілмеді. Сайлауда да­уыс беру құқықтарынан да айырылды. «Саяси сенімсіздер» қатарына ілінген Темір бойындағы ауылдар­дың Ахмет Насыров бастаған 27 молдасы топ-тобымен сотталды. 1937 жылы 52 жастағы қалпе тұт­қынд­алып, сотталды. Темірде әйелі Рау­шан үш жас баласымен қалды.

Жазасын Орал қаласындағы түрмеде өтеп жатқан Ахмет қалпе «Орал-Илецк» темір жол құрылысына жіберілген. 1936-1939 жылдары Оралдан Сара­товқа дейін салынған темір жолды негізінен саяси сенімсіздіктері үшін сотталғандар салды.

 

«Раушан әжем де сопылық жолды ұстанды»

Қалпенің немересі, 58 жастағы Бибісара Мақсотқызы Насырова қазір Шұбарқұдықта тұрады. Рау­шан әжесінің бауырында өс­кен Бибісара былай дейді: «Ме­нің әжем де атам тәрізді башқұрт қызы. Башқұрттар он екі руға бөлінсе, арасында табын руы жиі кездеседі. Батыс табын­­дарының ұраны – Алаш екен. Мектеп оқушысы кезім. Бір күні әжем қолыма «мынаны сақ­тап қой» деп бір қағазды берді. Тарқатылған ескі шежіре сияқ­ты. Табын, тама, сосын тағы бір ру аты жазылған екен, қазір есім­де жоқ. Атам ұсталғаннан бері ата-баба шежіресін құпия сақ­тап келген әжем тегін білсін деп неме­ре­лерінің естияры менің қолыма ұстатса да, балалықпен ескі шежі­рені жоғалтып алдым. Өз шала­лы­ғым мен жауапсыздығыма әлі күнге дейін өкінемін. Біз жаз бо­йы кешкі асты ауладағы үлкен сәкі­де ішеміз. Шарбағымыздан атам­ның мешіті көрініп тұрады. Жаз­дың ұзақ кештерінде әжем мешіт жаққа ұзағырақ қарап отырып әңгімесін бастайды: «Баяғыда біздің үйде үлкен монша болды. Аштық алдында атаң мешітке садақаға жиналған ақшаны азыққа айырбастап, үйге тығып әкелетін. 1932 жылдың ерте көктемінде қат­ты ашаршылық басталып, ел босып кетті. Осы кезде атаң аула­дағы мон­шаның ортасына қазан құ­рып, от жақтырып, біз оған сү­йек қайнатып, оған бидай, тары салып сорпа пісіреміз. Аула­ның мына жағынан аш адамдарды кезе­кпен кіргізіп сорпа-су құйып береміз. Олар моншаның ішін­де әлденіп ес жиып, артқы есік­тен шығып кеткен соң келесі кезек­те­гілерге тамақ әзірлеуге кірісеміз» дейді. Сосын үнсіз қалады.

– Әже, неге жылап отырсыз? – дейміз.

– Әй, балаларым-ай, – деп күр­сі­ніп бірдеңе айтқысы келіп оқта­ла­ды да, іркіліп қалады. Бала болсақ та, әжеміздің әлденеден сескенетінін аңғарып қаламыз.

«Атамыз кішкене бойлы, көзі көк, ақшыл сары адам болған. Ақ сұпы матадан көйлек-шал­бар, оның сыртынан жеңсіз қара мақ­пал бешпет, басына қара тақия киіп жүрген. Қолы бос ке­зінде мешіттің жоғары қаба­тында көзәйнегін киіп үнемі кітап­тар оқыған. Бірақ атамның кітап­тары да, қолжазба дәптерлері де ұс­тал­ған бойы қолды болған. Атам да, әжем де сопылық жолды ұстанған, қасиет қонған адамдар екенін іштей сеземіз. Әжемнің құрғақшылық жылдары Жем өзенінің жағасында тізерлей отырып, Құран сүрелерін бірнеше сағат жатқа айтқанда, жаңбыр жауған кездеріне куәмін».

 

Қалпенің жұмбақ өлімі

Саяси сенімсіздігі үшін сот­тал­ған Ахмет Насыров айдауда темір жол құрылысында жүріп, 1939 жылы қарашаның қара суығында Ақсай қаласының маңындағы Сұлусай деген жерде бір топ тұт­қынмен бірге адасып өлген. Бұл жө­нінде Бибісара 1992 жылы Ах­мет қалпеге ас берілгенде, ақсай­лық ақсақалдардан естіген. Оқиға былай болған.

Орал түрмесінде жазасын өтеушілер Орал-Саратов арасын жал­ғас­тыратын «Орал-Илецк» темір жол құрылысына жіберілді. Аш-жалаңаш, жөнді жұмыс киімдері жоқ жазасын өтеушілер ауыр жұмысқа шыдамай, бірінен соң бірі ауырады. Ахмет қалпе ауырғандарды емдеп, кейбірін аяқтан тұрғызып та жіберген. Ол өзі қамалған түрме камерасынан көрші камерада жатқан науқасты емдеп, кері қайтып келеді екен. Сыртынан құлыптаулы камерадан қалай өткені жұмбақ. Дегенмен осы жағдайды күзетшілер байқап қалып, түрме бастығына жеткізеді. Бибісара: «Бір күні түрме ба­с­ты­ғы қатты науқастанып, түр­менің жертөлесіндегі жасырын бөлмеге атамды шақыртып, ем алған. 1939 жылдың соңында құ­рылыс аяқталады. Сол кездің куә­ге­р­лерінің айтуынша, қара жұ­мыс­тан ауруға шалдығып, әбден әлсіреген жандарды кешкілік автокөлікке тиеп алып, елсіз далада қазылған терең шұңқырлардың жанына тұрғызып атып тастайды екен. Артынша топырақпен көміп, осы жерлерді тегістеп жібер­ген. 1939 жылдың соңында ауыр жұмыстан әбден титықтаған атам да орнынан тұра алмай, қатты науқастанады. Түрме бас­тығы атамның қасына бірнеше адам­ды қосып, абақтыдан жасы­рын шығарып жібереді. Мез­гіл қарашаның ортасы. Жаяу шұ­быр­ған топ адам рельс бойын жаға­лап келе жатып, Ақсайдан өте бере Сұлусай деген тұсқа жете бергенде, аяқастынан күн қат­ты суытқан. Арты қатты аязға ұла­сып, сол жерде елсізде бұ­лар үсіп өледі. Денелерін жаңа жау­ған қар көміп тастайды. Келесі жыл ма екен, көктем шығы­сы­мен олардың денесін осы маң­дағы жылқышылар тауып алады. Айдап келе жатқан жылқы үйірі жан-жаққа бытырай, үрке қашқанға аң-таң болған жылқышылар осы жерге келіп қараса, адам денелерінің шашылып жатқанын көріп, Ақсайға хабар жеткізеді. Ауыл адамдары мәйіттерді көміп, бастарына таяқ шаншып кеткен.

«1992 жылы Ақсай қаласында атамызға ас беруге барғанда, сол адамдарды көмген ақсақалдардың аманатын балалары жеткізді», – дейді Бибісара Насырова.

...Өңірдегі ескі жұрттың бірі –Темір қаласының мешітінде 33 жыл­дан астам бас имам бол­ған, сопылық жолды ұстанған үлем­дердің қазақ даласының батысында тармағын жайған бір әулетінің өкілі Ахмет қалпенің тағ­дыры осылай қайғылы аяқтал­ды. Қалай болғанда да, ішкі Ресейдің Орынбор діни басқар­масына қарасты кәсіби медресесін бітірген бойы уездің бас мешітіне имамдыққа жіберілген Ахмет қалпе де Мұғалжар бойындағы жергілікті ишан, молдалар сияқты Бекет атаның сопылық жолын ұстанғаны анық.