• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Пікір 08 Қыркүйек, 2020

Агроөнеркәсіпті қолдау бюрократиядан арылса екен...

188 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауымен танысып шықтым. Өзіме шағын және орта бизнес саласын сауықтыруға қатысты айтылған пайымы, оның ішінде кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру жайындағы ойы ұнады. Біз мұны қолдаймыз. Енді агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты берілген Президент тапсырмасы аяқсыз қалмай, өңірлерде орындалса құба-құп.

Әсіресе ауыл шаруашылығы секторына қызмет көрсететін квазимемлекеттік компаниялардың жұмысын оңтайландыру бастамасынан біз сияқты шаруалар үлкен үміт күтеді. Президенттің өз кәсібіме қатысты айтылған сындарлы сөзіне ризашылық білдіріп, пікірімді айтуды ұйғардым. Мен еліміздің агроөнеркәсібін дамтуға өз үлесін қосып отырған шаруа қожалығының иесімін. Алматы облысының Панфилов ауданында «Шүкейт ата» шаруа қожалығын ашып, мал өсіруді кәсіп еткеніме он шақты жылдан асты. Осы уақыт ішінде қиындықты еңсеріп, еңсемізді тіктеп үлгердік. Мемлекет тарапынан мал тұқымын асылдандыру бастамасы көтерілгенде қуана қолдадық. Бұл бағытта Үкімет асыл тұқымды мал басын көбейту үшін шаруаларды ынталандырып, мал басына субсидия береді. Әрине, өте дұрыс әрі қажетті қолдау. Алайда осы жерде істі жүзеге асыратын тетіктердің дұрыс жұмыс істемеуінен шаруалар зардап шегіп отыр. Өз басымнан өткен жағдай болғасын мұны жақсы білемін. Мал шаруашылығын дамытуға бөлінген мемлекет қаржысы жергілікті әкімдік пен «ҚазАгро» холдингі арасындағы жүйелі байланыс болмауының кесірінен мақсатты түрде жұмсалмай отыр. Шаруаларды субсидиялау да дер кезінде жүргізілмей, біздің ұлттық компания мен ауыл шаруашылығы басқармасының арасында сенделіп жүргеніміз жасырын емес. Өз басымдағы жағдайға тоқталайын. 2015 жылы «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 6 млн теңге несие алдым. Бағдарлама шарты бойынша төленетін 14 пайыздың 10 пайызын мемлекет субсидиялауы керек. Бұл 6 млн теңгеге Оңтүстік Қазақстан облысынан 230 бас «Ордабасы» атты асыл тұқымды қой сатып алдым. 2016 жылы қазан айында алған несиемнің сыйақысымен негізгі борыш берешегі, яғни 1 млн 200 мың теңгені банкке құйдым. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы несиені бағдарлама бойынша субсидиялауы тиіс болатын. Өкініштісі, «ҚазАгро» компаниясы мамандарының біліксіздігі мен бюрократияның кесірінен өтемақы ала алмай жүрмін. Бірнеше рет соттастым, жақында іс менің пайдама шешіліп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы 2016 жылдың қаржысын төлеуді міндетіне алды. Бұл жердегі кінә ұлттық компанияның шаруаларға несие беру кезіндегі ерекшеліктерді ескермеуінен болып отыр. Яғни «ҚазАгро» кеңселерінде мал шаруашылығының жағдайынан бейхабар мамандар отыр деген сөз. Ал компанияның қызметі мемлекет қаржысын таратып, оны өсіммен жинап алу емес қой? Әрі бұл жерде шаруа қожалығы, жергілікті әкімдік және ұлттық компания арасында жүйелі байланыс жоқ. Ортақ дерекқор да жасалмаған. Соның кесірінен бір ғана Алматы облысында қаншама шаруа зардап шегіп жүргенін білемін. Оның үстіне «ҚазАгро» компаниясының несие беруі екінші деңгейлі банктердің жұмысын қайталайды. Мен өзім отызға жуық анықтама жинап, өткізгенімді білемін.

Мұны неге айтып отырмын? Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев «Квазимемлекеттік секторда әкімшілік-басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлердің санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табуға тиіс...» деп айтып өтті. Өте орынды пайым. Енді агроөнеркәсіпті мемлекеттік қолдау серпін алатынына сенгіміз келеді. Еңбегіміз ақталса, елдің қазынасына қосар үлесіміз де еселеп артатын болады.

 

Мұхтар АХАНОВ,

«Шүкейіт Ата» шаруа қожалығының басшысы

 

Алматы облысы,

Панфилов ауданы