Ақын Ақсұңқарұлының шығармашылығымен сонау ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарынан таныспын. Жастық жалыны от-қызуымен шарпитын ерекше жырларымен әдебиет майданына атойлап еніп еді. Енгені сол – алғы шепке арындап шыға берген.
Содан бері өткен жарты ғасырдай зілтабан уақыт ішінде сол Ақсұңқарұлы алғы шептен әлі қайтпай келеді. Әсіре мақтау емес, анығы. Оған елу жыл егіле жазған жыры, қаншама кітаптары кепіл бола алады. Елу жылда ел жаңарды. Бұл алғы шептен қайтар деп едік. Қайтпады. Әлі сол қаптағайлап жауын жапырар қарт Қабанбайша «жекпе-жек қайдалап» әдеби ұрыстың әр тұсынан ойқастап, күркіреп ұран төгіп жүр. Бүгінгі «алғышепсіз майданға» айналған әдебиеттің де ту ұстаушы қаһарманына айналып кеткен. Бесіктен беліне қылыш байлап түсіп, ат жалына жармаса сала сыпай жауынгер болған ежелгі түркілердің кәшіктана сарбазы дерсің. Көкейіне де сол көне түркілердің сына жазуы сыналап еніп, өшпес таңба салған. «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» сол елу жылғы толассыз жорықтың есебі сыңайлы...
Сонау өткен жүзжылдықтың жетпісінші жылдары да жорық жырымен кіріп еді топқа:
…Цезарь бірде қас дұшпанын жеңгенде:
«Келдім. Көрдім. Жеңдім» – депті қысқаша.
О, Отаным! О, жеңімпаз тәңірім!
Қызыл қаның, ащы жасың төгілді.
Талай жендет жүргізбек боп әмірін
Цезарь құсап…келді. Көрді. Жеңілді.
(«Отаныма ода»).
«Қарлығаш» жинағына жарияланып, Жұмекен, Ғафаңдар алғаш алқап, ақ жолға салған өлең бұл. Сол дәуірдің өзінде кейіпкерлері көнеден келіп, ертеңге елмен бірге жеткен сайыпқыран сарбаз, қайтпас қаһармандар екен. Өзі де сол сарбаздар сапынан суырылып, сардарға айналып кеткен.
«Бие байлап жатқан ауыл.
Таң шуақ.
Саумал ішіп, біз де мәзбіз балсырап.
Алты жаста әкем атқа мінгізіп,
«Шап!» – деп еді,
Қарагерді... қамшылап...
... Шауып келем Қарагерді қамшылап,
Аяқ, қолым ат теріне малшынад;
... Құшағына секіріп ем әкемнің,
Көздің жасы омырауыма тамшылап...
Содан бері шаңға бөгіп даланы,
Аламандар, айхой, ойға салады:
Шақырады шымырлатып арқасын,
Алты жаста атқа шапқан баланы...»
(«Бие байлап жатқанда»)
Алты жастан ат жалына түнеп өскен өрен алпыс жылдан астам жорықтың шаңды соқпағын ендігі ор боп қазылған айдау жолға айналдырған... Ақсұңқарұлының осынау «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» жинағын бір деммен оқып шыққанда жорық жырлары сынды қабылдасам, енді тағы бір оқысам әдебиетіміздің «Қызметтік қолданысқа арналған» жылнама-хрестоматиясы сыпатты дүние екенін аңғардым. Әлбетте, бір дүниені бетке ұстап алып, әр құбылыспен шендестіре беруге болады ғой. Салыстырып, салғастырамыз десек те ешкім таразыны теңселтпес. Өзіңіз де оқып қаныққан соң аңғарасыз:
«Кириллица – ет жақыным,
Жатым да,
Жан тартпаған мендей бөтен ақынға.
Қашан көшіп Қасиетті Латынға,
Айтам осы Алаш-Анам хақында?» деп кітаптың басында гөйгөйлетсе, енді бірде:
«Қалай болса,
Солай жаза салатұғын өлеңді,
Социалистік реализм жоқ енді.
Жаза алмайсың енді өтірік сүйем деп,
«Отан үшін отқа түсіп күйем...» деп..
...Тек Құдайға бұратұғын бетіңді,
Құпия ғой өлең деген не түрлі.
Біз онымен қаншама уақыт ойнадық,
Отпен ойнап, өлген бала секілді...» деп, шерленеді.
«Уа, бұдан да арылармыз» деп жинақты соңына дейін түптеп оқысаң да осы әуен, осы сыр.
«Ақ қағазды көрсем көзге толар мұң,
Мен де оңдырмай шимайлаған
болармын?
Көктен түскен Төрт Кітап бар,
ал, қалған
Күллі кітап – көшірмесі солардың.
Жүрмейді оған, пендем, сенің талқың да,
Қара да отыр аптап қойып алтынға;
Үшеуіне қолы тисе пенденің,
Құран ғана –
Көктен түскен қалпында!
Адамзатқа иіп бір,
Махаббат пен ғаділетті сүйіп құр, –
Көктен түскен Төрт Кітаптың ішіне,
Төрт Құбыла қалай ғана сыйып тұр?!.
Оқып соны рахатқа бөленген,
Бір айырмам біреулерден өлермен, –
Төрт Кітапты қалай түсінгенімді,
Айтып шыққан адаммын мен – Өлеңмен...» («Төрт кітап») – дейді ол.
Шынтуайтында кез келген жазарман қолына қалам алып, қағаз жайып, жүгінгеннен-ақ өзіне дейін жазылған дүниенің бар бояуын бойына жұқтырып, өзегінен өткізсе ғана өзгелер шықпаған биікке, өтпеген өреге жетері хақ. Әлдебіреулер «интеллектуалды поэзия, интеллектуалды әдебиет керек қазір», «Зияткер, білімді ақын керек» деп жатады. «Ақын «деген сөздің өзі «интеллектуал» деген ұғым ғой түсінгенге. Өзіне дейін мың жылдар жазылған жылнаманы ми-сүзгісінен өткізіп, жүрегінде қайнатып-қорытып шыққан ақын интеллектуал, білімдар зияткер емей кім? Көктен түскен төрт Кітапты қалай ұққанын жырмен кестелеген, оймен дестелеген қалпы елге ұсынған ақын кім сонда?
Қазақта интеллектуалды поэзия әу баста болған, ықылымдардан бар. Ақсұңқарұлы болса, сол әдебиеттің бел баласы. Өйткені ол қазақ, әлем әдебиетінің бар дәстүрінде, бар мектебінің классикалық үлгі-жосығымен жосылта жазған, көсілте шапқан ақын. Қазіргі әдеби тектеудің барша талқысына салып, түбін анықтап, тамырын басып қарасақ, Ақсұңқарұлының осы жинағынан сол мектептердің бәрінің үлгі-ізін таба аласыз. Әлбетте, оны ғалымдар айтып, ғылымда тәпсірлер. Біздікі – алғашқы аламаннан бері жыр-тұлпары үзеңгі қағысып келе жатқан замандастың дем-тынысын аңдату, алқау ғана...
Ақсұңқарұлының жырлары сонау тоқсаныншы жылдары авторлар адасқан шақта кейіпкерлерімен бірге жасасты. Кейіпкерлері де түр-сойы, сипат-сықпыты сан түрлі. Небір типтер жүр осы кітапта. Пенде баласы ақынның жазуынан өзінің өмірі мен бейнесін тапса, жазарманның мұраты қасыл болғаны.
«Бұ заманның кемелі осы – кесірлі!
Енді сенің жиғызбас ол есіңді:
Абылайдың заманында жоқ еді,
Ақ патшаның кезінде кеп,
Есірді;
Сұлтанмахмұт аштан қатып
сол кезде,
Кейкің –
Өлім жазасына кесілді!
Бойдан – рух бой тасалап,
Ойдан – нұр,
Хан қайыршы болған күні тойған –
Құл –
Махамбеттің басын алып қылышпен,
Алып-соғып Абайды да сойған –
Бұл!
Қай қазақтың тереңіне бойлар бір,
Ол да мендей оңбаған деп ойлар құр;
Босағаға сүйреп есіл еріңді,
Төрге өлген соң бәдіретін қойған – дүр;
Әлиханды ұстап беріп кәуірге,
Әлі соның жаназасын тойлап жүр!...»
(«Тип»).
Апырай, бұл типтерді күнде көріп жүрміз ғой. Туғалы көріп келеміз. Енді көргіміз де келмеген тұста Ақсұңқарұлының кітабынан сығалап қарап тұр. Бірқатар сыншылар «бүгінгі заманның кейіпкері жоқ. Авторлар өздерін, сөздерін қызықтап кетті» деп байбалам салғанша, Ақсұңқарұлының жырын оқымай ма? Өздерін де табар еді, өзгені де көріп қуанар еді. Тоқыраудан топ арасында көрінбей тәуелсіздікке жеткен тоғышарлар да осында, өзге елде туса бекзадаға айналар асылдардың сынығы да осында. Сонау Күлтегіннен бастап, бүгінгі жас қаламгерлерге дейін Ақсұңқарұлының типтік галереясында портретке айналып кеткен. Жылнама емей немене?
...Кейде Ақсұңқарұлын оқып отырып, осы жазуды әлдебір заманда әлдебір кітаптардан оқыған сыңайлы күй кешем. Сөз де, ұйқас та, ой да ортақ қой – ауада өмір сүреді, кеудеңе үттің сәулесіндей құйылуы үшін ғана бір Құдірет керек. Құйылған соң оны сезініп, шығару үшін де бір Құдірет керек. Рух керек. Ол болмаса, «көңілдегі көрікті ой ауызға түсе адыра қала береді» ғой. Ақсұңқарұлының да құпиясы осы Рухта, Құдіреттің тылсымына жүрегі шіміркеніп, жаны шамырқанса да енуінде. Иә, әлдебір керауыз сыншылар кері тартып, «пафоспен жазады, советтік стильмен шимайлайды, кейде өзін өзі қайталайды» деп өзеурейді. Пафос дегеніңіз қанаттанған Рухтың қасында шырылдаған бозторғай ғана. Ал стиль, қайталау туралы айтсақ, о баста біздің де тиегіміз теткіген. Сөйтсек, онымыз да жөн емес екен. Оған Ақсұңқарұлының «сөздік қоры» ғана кінәлі екен. Бір қарағанда, Уа, Азаттық, Алаш, Рух, Күлтегін, Ақсораң, Моцарт-Сальери, халтурщик, дәлдүріш деген сыпатты сөздерді жиі кездестіріп, (шығармашылығының алғашқы басынан бері) онысы несі дестік. Онысы – сөздік қорының жұтаңдығынан емес екен, ойының шеңберден шыға алмауынан емес екен. Уақыт пен Кеңістікті типтендіріп, жиынтықтап, сүзгіден өткізіп берген соң осындай сөздік қор қалыптасады екен. Тілдік қолданысында Ар, Адамзат, Азаттық деген сөздер мүлде кездеспейтін ақындарды да білеміз. Ал, Ақсұңқарұлы олармен салыстырғанда нағыз Мемлекетшіл, Отаншыл ақын! Өйткені оның теңеулері күлбілте емес, кейіпкерлері көп ішіндегі көзге ілінбес көлеңкелер емес. Жаны тірі, қалыптасқан кейіпкер-геройлар. Олардың кітаби тірлігін жалғаған Ақсұңқарұлы. Және қазіргі әлеужелідегі «әләуләйлімшіл» қаламгерлер секілді саусағын сорып сюжет құрап, ауаны сауып адам жасамайды. Материалы – ескі, жырының ұстыны – Адам баласымен бірге жасасып келе жатқан мәңгілік туралы ойлар. Көргені елмен бірге, көрмегенін құлағына Періштесі сыбырлайтын Ақын осылай жазса керек-ті.
Төбеден түскен Төрт кітапты ұғып бізге тәпсірлеген Ақсұңқарұлының бір кітабын оқып біз осыны ұқтық. Қанықтық. «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» қай тұрғыдан алғанда да Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты деген ойға тоқтадық.
Несіпбек АЙТҰЛЫ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты