• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 10 Қыркүйек, 2020

Даудың төркіні мерейтойлық медаль ма?!

558 рет
көрсетілді

Қазір әрбір мерекеге, елге сыйлы жекелеген тұлғалар мен аудан, қалалар­дың, іргелі ұжымдардың мерейтойына қатысты шығарылатын медальдар көп-ақ. Қыруар ақшаға шығарылатын медальдардың шығыны өз алдына, қызығы – «таратылуында», «үлестірілуінде». Оны алғандар мен алма­ған­дар арасында туындайтын алауыздықта болып тұр. Тіпті көз алдыңа дорба толы медальды кез келген адамға уыстай үлестіріп жатқан, жетпей қал­ған­дары ашуға мініп, басына көтере шу шығарған базар елестейді.

Мұғалімдер арасындағы қалалық деңгейде өткен кішігірім бір жарыста жүлде алған ұстаздың: «Маған арада бірнеше ай өткесін ойламаған жерден Ақтау қаласының мерейтойлық медалін тапсырды, бекер-ақ алған екен­мін, қалай алдым, солай дау, әртүр­лі әңгіме, көреалмаушылық, таныс ар­қы­лы алды деп күстәналау көбейді. Бірақ мен осы жарыс үшін білдей қаланың медалін береді деп ойламаппын және қажеті де жоқ еді», деп күйінгені бар. Бірде маған облыстық әкім­діктің білдей қызметкері әдемі қорап­тағы сөлкебайды қолыма масаттана ұстатқаны есімде. Куәлігін сұра­ғанымда, «Медальда куәлік бола ма? Білмейді екенмін, қазір сұрастырайын», деп телефонға жармасты. Көшеден тауып алмағандығын, не көршінің төсбелгісін сұрап тағып алмағандығын дәлелдейтін әрбір медальдың арнайы куәлігінің болу-болмауын кеңседе отырған мемлекеттік қызметкердің білмеуі – медальдың қадірінің кеткені ме, әлде мемлекеттік қызметкердің өресінің өлшемі ме?

Медаль беруде, мейлі ол мерекелік болсын, жасына, еңбек өтіліне, өңір­дегі еңбек еткен жылдарына қатысты белгі­лі бір талаптар болмайтыны қызық. Кеңестік кезеңде күн ұзағы­на үй шаруасы, бала қамымен қабаттас­тырып қи аударып, су тасып, қой жайып, бота арқандап, түйе сауып, қой қыр­қып, түйе күзеп, жүктерін буып-түйіп жылына 4-5 рет көшіп-қо­нып, мал шаруашылығына есепсіз ең­бек етіп, түні бойы кірпігін бірде іліп, бірде ілмей қой күзеткен әке-ана­лары­мыздың бүгінде көзі тірісі аз. Сол кі­сілерден медаль түгілі бір қа­тыр­ма қағаз көрмейміз, бүгінгі әркімге үлестіріліп жатқан сан-сапат медаль мен Алғыс хаттардан да ада. Ол үшін бұлданып жатқан олар да жоқ, тілегі – елдің, жердің, ұрпақтың амандығы! Олардың немерелерімен қатар жандардың алды мемлекеттік, соңы бірнеше мерекелік медальды жарқырата тағып жатқанына ұяласың...

Мысалы, бір айтулы сәттің 25-30 жылдық мерейтойы делік, оның иегері сол датадан сәл үлкен. Қандай тері төгіліп, қандай еңбек сіңіргені белгісіз... Өткен жылы Маңғыстауда бір ауданның 40 жылдық мерейтойы тойланды. Кезінде ауданның аудан болуына үлес қосқан, кеңшардың бүкіл ауыртпалығын арқалаған үлкендер жағы елеусіз қалып, әкімдікте жүрген өндірдей ұл мен қыз төстері жарқырап шыға келді. Дұрыс па, жоқ!

Жуырда Маңғыстауда мерекелік медальға қатысты дау тағы бұрқ ете қалды. Бұл жолы мұғалім, дәрігер немесе қарапайым халық арасынан емес, білдей Маңғыстау облысы әкімі аппаратынан. Қазақстан Республикасының Конс­титуциясына 25 жыл толуына орай дайындалған төсбелгі әкім аппа­ратындағы 9 бөлімнің басшыларына ғана тиесілі болады. Мемлекеттік қыз­меттегі өтілі көп болғанымен бас­шы­лыққа қолы жетпегендер бар, қатар­дағы маман болғанымен, басшыдан бетер білек сыбана еңбек ететіндер бар, әйтеуір «даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» емес, Конституцияның көрікті медалі болады да шығады. Туындаған дауға қарап «әкім аппараты басшылығы мерекелік медальдарды белгілі бір талаптарға сүйенбей тек басшыларға оңды-солды тарата салған ба?» деген сұрақ туындайды. Екіншіден, өзгелерге үлгі болып, мемлекеттік қызметкер деген атына сай мемлекеттік рәміздерді, құндылықтар мен белгілерді құрметтеуге тиіс аппарат қызметкерлерінің медаль үшін алауыз болуы ұят-ақ. Кінә – басшылықта, ақыры медальды берген екен, белгілі талаптар сақталуы тиіс, әйтпесе жұмыс істейтін, тек мереке сайын медаль алып, омырауы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің омырауынан да артық болып сөлкебайға сықай толған бөлім басшылары ғана ма? Олардың қарамағында қанша маман қанша жылдан бері қалыс қалып келеді?

Еңбектің еленгені жақсы, алайда өзі жақсы, сөзі мен көзі жақсы, сондай-ақ қызметі жақсыларға уыс­тай үлестіріліп, соңы айқай-шуға апа­ратын, кей жағдайларда өзінің шын иесін таппай, кім көрінгеннің кеу­де­сінде мұңайып тұратын мерекелік медаль­дарға жаным ашиды...

Ал мемлекеттік марапаттар туралы әңгіме өз алдына үлкен тақырып.

 

 Маңғыстау облысы