• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 10 Қыркүйек, 2020

Қазақ хандығы қашан құрылды? (Кино тілінде сөйлеген тарих)

859 рет
көрсетілді

Жақында «Egemen Qazaqstan» газетінен (4 қыркүйек 2020 жыл), 2020 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссиясының аталған сыйлықты алу үшін алдын ала іріктеуден өткен және конкурстың келесі кезеңіне жіберілген шығармалар тізімін ұсынып және аталған шығармаларды талқылауға мамандарды шақырып, пікірлерді ағымдағы жылдың 15 қыркүйегіне дейін тиісті орындарға жолдау керектігі туралы жазған ақпаратты көзім шалды. Сол тізімнің ішінде «Қазақстан кинематографистер одағы» қоғамдық бірлестігі ұсынған «Қазақ елі» сериалының кинонұсқасы (авторлары: Елубаев Смағұл Абатұлы, Әбдрашов Рүстем Жарасқанұлы, Асенов Арман Тұрсынбайұлы, Кемалов Қайрат Кемалұлы, Дайыров Еркебұлан Мұратұлы) бар екен.

Ендігі әңгіме сол «Қазақ елі» сериалы­ның кинонұсқасы туралы болмақ.

Мақаламның басында бірден ашып айтқым келетіні, мен өзі киноға да, әдебиетке де қатысы жоқ адаммын. Қазақ тілінде шыққан ұлттық киноларды, шамам келгенше, талғамыма сай үзбей көретін қарапайым көрерменмін және де жоғарыда аталған киноэпопеяның авторларын тек қана шыққан кітаптары, түсірген кинолары мен бұрындары ойнаған рөлдері (театр мен кинода) арқылы ғана білемін. Бетпе-бет көрісіп, тілдесіп көрген кісілерім емес, сырттай таланттарын бағалап, құрмет тұтатын азаматтар.

Мен өзім, химия және мұнай тасымалы инженері мамандықтарын таңдап, сол салада ғылым мен өндірістің байланысын зерттеп, ғылыми еңбектер жазып, олардың қорытындысын өндіріске енгізуді өмірлік кредосы санап жүрген ғылыми қызметкермін. Ел ішінде болып жатқан саяси және әдеби-мәдени шараларға да өз деңгейімде, ретінше қатысып жүретінім бар, оның ішінде өнер өлкесінде болып жатқан жақсылықтарға да құмар жан екенім, сырт көзден тыс, өзіме ғана аян. Негізі ғалым ретіндегі басты принципім «Ғылым-Инновация-Өндіріс» атты үштағанның тармақтарын ұштастыра отырып, өзімнің еңбек жолымда осы бағыттарды басты арқау етіп алған жайым бар. Осы тұрғыдан келген­де пікір білдіргім келіп отырған киноэпо­пеяның да өмірге келуінде менің ғылыми принциптеріме ұқсастықтар байқалады.

Қазақ хандығының тарих сахнасына шыққан заманы туралы «Қазақ хандығы. Алмас қылыш», «Қазақ хан­дығы. Алтын тақ» (телевидениеде «Қазақ елі») фильмдерін бір емес, бір­неше рет көрдім. Көңілім толды. Қызыға әрі мақтаныш сезіммен тұшына көріп шыққаным рас.

Осы киноэпопеяны көріп шыққан соң, еріксіз әртүрлі ойға берілесің. Көзіқарақты көрермендердің есінде болар, бұрында осындай тарихи киноларды түсіру үшін мұхиттың ар жақ, бер жағынан сценарий жазатын автор, режиссерлер, тіпті басты рөлдерді сомдайтын актерлерді де шақырып, әуреге түсіп, жартылай шашылып қалғанымыз бар емес пе. Ол кино шыққан соң да шекеміздің қызғаны шамалы. Біз пікір білдірмекші киноэпопеяның ең бас­ты ерекшелігі, бұл жерде ондай шала бүлінудің біреуі де жоқ, сценарий авторы да, түсіруші режиссер-мамандар да, басты рөлдердегі актерлер де өз еліміз­дің азаматтары, таңдаған кәсібі­нің май­талмандары және өз саласы­ның шы­ңына шыққан, ғылым мен иннова­ция­­ның қатпар-қатпар иірімдерін толық мә­нін­де зерделеген, нәтижесінде жиынтық еңбек­терін экранға жұп-жұмыр алып шыққан таланттар. Қарапайым тіл­мен айтқанда: 1) сценарий авторының ғылыми тұрғыдан терең жазылған еңбегі; 2) режиссердің техникаларды шебер пайдаланып инновациялық деңгейде кино түсіруі; 3) актерлердің кейіпкер­лерін шебер ойнап, көрерменге (ғылыми тұрғыдан өндіріс деп түсінуге де болады) жеткізуі – бәрі жиналып келіп ғажап киноэпопея туғызған. Қазіргі тілмен айтқанда, өзіміз өмір сүріп жатқан ғасы­ры­мызда, кино саласында «Ғылым-Инно­вация-Өндіріс» үштағанының асқан талғаммен және біліктілікпен жым­даса іске асуы деп санаймын.

Киноэпопеяны көріп отырып, сол заман оқиғалары, кейіпкерлері бейнебір тіріліп көз алдымызға келгендей әсер аласың. Сол кино кейіпкерлерімен бірге қиналасың, бірге қуанасың, солармен бірге тарихи кезеңде жүргендей боласың. Фильмнен кейін сол заман тарихын қайта қарап шығуға тура келді (өзім үшін). Сонда көзіміз жеткені авторлар тарихи оқиғаларға, кейіпкерлерге мейлінше адал болған екен. Актерлер Керей, Жәні­бек, Шайбаншах, Қобыланды батыр бейнелерін өте шебер және естен кетпестей сомдаған.

Сөзіміз дәлелді болу үшін фильмнің есте қалған кейбір шымыр сәттеріне тоқтала кетейін.

Фильмнің бас жағында Керей мен Жәнібек бастаған сарбаздардың ойраттармен кескілескен ұрыс кезі көрсетіледі. Қазақ сұлтандары өте ауыр жағдайда, көп шығынмен уақытша жеңіске жетеді. Арттарынан көмекке Шайбаншах уәде еткен қосымша күш келеді деген үміт болған. Өкінішке қарай, оң қанат­тан Қобы­ланды батыр бастаған сарбаз­дар мен сол қанаттан арғын руы­ның мың­дықтары келмей қалады. Ол хабар­ды жас сұлтандар Қасым мен Бұрындық өкініш­пен жеткізеді. Сол сәттегі Керей мен Жәнібектің өз хандары Шайбаншахқа деген күдігі мен әттеген-ай деп қиналған сәттері жүздерінде де, қимылдарында да өте шынайы шыққан. Өзің көрермен болсаң да, фильмнің сол сәтінде қазақ сұлтандарымен бірге қатты қиналасың. Шындығында да қосымша әскерді Шайбаншах өзінің ішкі есебін реттеу үшін, яғни екі сұлтаннан құтылу үшін, әдейі жібермеген. Сол сәттегі ойрат­тардың қосымша күшпен келіп қазақ­тарды қор­шауы, екі сұлтанның өліспей беріспейміз деген жауабы намысыңды қайрай, бойыңдағы қаныңды қыздыра түседі. Бұл эпизодтың әсері ойрат нояны­ның сөзінде жалғасын табады – «Керей, Жәнібек, сендердің өліспей беріс­­пей­тіндеріңді білем. Сендерді ажал­­ға өз хандарың Шайбаншах айдап салып отыр. Ерліктеріңді шын мойын­даған­дық­тан сендерді осы жолы тірі жіберем» деген сәті де актерлердің шебер әрі шымыр ойнауында көрсетілген. Осындай әсермен фильмді әрі қарай ынтыға көресің.

Жасы үлкен Керей сұлтан мен жасы кіші Жәнібек сұлтандардың өзара сыйластығы, бір-біріне деген ізеті, қазақ халқын тәуелсіздікке бастаған ниет ұмтылыстары; жас сұлтандар Қасым мен Бұрындықтың әкелеріне деген ерекше құрметі; Шайбаншахтың қос сұлтанға қарсы аңшылық кезіндегі ұйымдастырған қастандық әрі жауыздық әрекеттері; Қобы­ландының есі кіріп қос сұлтан тобына қайта оралу сәті; қазақ деген ұлт­тың – намыс пен ұят, ынтымақ пен ел бірлігі деген ұғымдардың жиынтығынан тұра­тындығы – фильмнің көптеген эпизодында сенімді әрі шынайы түрде бейнеленген. Актерлердің бәрі де ойдағыдай еңбектенген деп ойлаймын. Ерекше баса айта кететін жай – бұл фильмдегі актерлердің барлығы дерлік өз образдарына толықтай еніп, қазақты да, қалмақты да, ханды да, сұл­танды да, батырды да, жырауды да, ханшаны да, тіптен баланың да рөлдерін наным­ды сипаттаған. Айта берсе, фильмнен кел­тіретін мысалдар көп, оның бәріне тоқталып жатуды артық көріп отыр­мын. Себебі менің ойымша осы «Қазақ елі» фильмін еліміздің қазақтілді көрер­мендері түгелге жуық көрген шығар деп ойлаймын. Басқаша болуы мүмкін емес.

Бұл тарихи киноэпопея қазақ руханиятына қосылған үлкен өнер туындысы болды.

Киноэпопеяның тарихи рөлін мойындап қана қоймай, ұрпағымыз өздерінің тарихи тамырының қайда жатқанын білу үшін бұл фильмді мектептерде тарих сабақтарында көрнекі құрал ретінде пайдалану керек деп санаймын. Оның сыртында, жалпы ұлттық менталитетіміздің деңгейін көтеру үшін жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне, жалпы әскери мамандарға, оның ішінде шекара қызметіндегі және әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарға осы киноэпопея­ны міндетті түрде көрсетуге кеңес берер едім. Қазіргі уақытта еліміздегі телеэкранды ешқандай мәні жоқ шетелдік киносериалдардың жаулап алуы, көптеген тұрғынның, әсіресе қазақтілді көрермендердің ашу-ызасын тудыруда. Ондай шетелдік жолбике кинолардың орнына осы «Қазақ елі» киноэпопеясын айына бір рет (оның ішінде мереке күндері) ұлттық телеэкраннан қайталап көрсетіп отырса, патриоттық тұрғыдан, елдік тұрғыдан оңды шешім болар еді деп ойлаймын.

Қазіргі ғасыр, «жылт етті де жоқ болды, көрген түстей сағымдай» деп өлеңде айтылатындай, жылт етпе дүниелерге толып кетті. Екі-үш әнді әр жерде шырқай сап – жұлдыз, шағын мекемені бірер жыл басқарған болып – қайраткер, бір-екі кітапша жазып – ұлы жазушы боп жатқандар қаншама. Менің ойымша, келешек ұрпаққа толымды, тұрақты, тарих пен қазіргі заманды берік байланыс­тыратын ұлттық-инновациялық туынды­лар керек. Тағы да бір көптен ойда жүр­ген мәселе осы еліміздің әдебиетін, өнері мен мәде­ниетін шетелге жан-жақты таныстыру үшін, қазақтың бір ғана толыққанды фильмін шетелге таратса да жетеді-ау деп ойлаймын (әрине, озып шыққан үздік фильмін). Себебі фильм­де барлық ком­по­ненттері, жоғарыда келтірген үшта­­ған­ның («Ғылым-Ин­новация-Өндіріс») барлық негіздері болу керек: әде­биет­тің тереңдігі, өнердің дара шы­ңы, мәде­ниеттің биік деңгейі және т.т.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды жəне қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмір­дің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқы­мыздың əлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалай­мын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстаным­дарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоға­мында жаңа қағидаттар жəне жаңа бағдар­лар салтанат құруға тиіс. Қазақ зиялы­ларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру» деп атап көрсеткен еді. Прези­дент атап өткен, жаңғырған ел­дің жетістігін жаһан жұртына таныта алу деген сөздің іс жүзіндегі көрі­нісі – «Қазақстан кинематографистер одағы» қоғамдық бірлестігі ұсынған «Қазақ елі» сериалының кинонұсқасы (автор­лары: Елубаев Смағұл Абатұлы, Әб­драшов Рүстем Жарасқанұлы, Асенов Арман Тұрсынбайұлы, Кемалов Қай­рат Кемалұлы, Дайыров Еркебұлан Мұрат­ұлы) деп білемін.

Бұл туынды еліміздің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығына лайықты еңбек, ал авторлар ұжымы сөзсіз лауреат атану­ға лайықты талант иелері.

 

Ербол МАХМОТОВ,

химия ғылымдарының докторы, профессор