• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Қыркүйек, 2020

Тыныштықты ту еткен

459 рет
көрсетілді

Ұлан-байтақ Ұлы дала байырғы ұлыстың өз уысында қалды. Буалдыр-буалдыр бодандық тұманы айықты. Азаттықтың торсықтай алтын шекесі жарқырады. Сонда біз Алаштың алып даласы аяғымыздың астында дүр-дүр етіп сілкініп тұрғандай күй кештік. Жалын ұстағандай ысыдық, күйдік. Тасыдық – толдық, толқыдық – телегейлендік, жайылып жайқын тарттық. Көз алдымызда бабадан мирас байтақ Тұран даласы абадан ұлдың әлпеті сынды лап ете қалды, түлеп салды. Сөйтіп қайсар қазақ тағы да төрткілдеп ошақ қаздырып, төбел бие сойдырып, төріне сойын оздырды.

Тыныштық! Мың тәубе! Алағай да бұлағай алашапқын, бодандық бұлты жүзін тұмшалағанда бола­шақтың жанартауы болып атылып, Алатау сынды болмыстандық. Ұмсына-ұмсына төбеміз көк тіреді – биікпіз. Сол биікті сүйенеріміз етіп, әмсе маңдай тұсымызға қадап ғұмыр кешсек – бақ-тәлейіміз! Ал тау мен тауды сүйген, қадірлеген, әспеттеген қазақтың тәуелсіздігі сол – тыныштығы. Ол – қазақтың мұраты; үміт, арман, қуаты; аңқасы кепсе сарығын басар суаты. Әсте асырып айтпадық, асылық лепес етпедік. Сөзіміздің дәлелін ептеп дәйекті сөзге бұрып көрелік. Кезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Тұғырымыз – тыныш­тық, тірегіміз – тұрақтылық, тіле­гіміз – татулық» деп парасатты пайым жасаған болатын.

Осындағы «Тұғырымыз – ты­ныштық» деген сөз ел дегенде, жер дегенде ебіл-себілі шығып, еңіреп туатын ердің ғана емес, әмәнда елдің де тілегі-тұғын. Ал сол ел тілегін орындау – тағы ердің ерлігі екені айтқысыз ақиқат. Мұны неге айтамыз? Себебі, бостандықпен қоса бір ұлы шешімнің құдіретімен тәуелсіз бәйтерек тәуелсіз то­пы­­­раққа тәуелсіз тамыр жайды. Өр­кендеп өсті. Былай айтсақ түсінікті болар, сол байлам Семей болып аңы­раған елдің жасын құр­ғатты, қай­ғысын орталатты.

Иә, бұл Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім. Сосын да әспеттеп айтқымыз ке­леді, ардақтап айтқымыз келеді. Өйт­пей көріңіз: сол тұста 2025 сы­нақтың қақ ортасында қасірет те­ңізіне батып-шығып қазақ жүрді. Соның нәтижесінде жеті атадан бері қыз алыспайтын тектілігімен қаны таза сақталған қазақ ауру-сырқауға, кемтар-кембағалдыққа душар болды. Өйткені, атомдық ядролық жарылыстар бүкіл бір аймақтың қоршаған ортасы мен табиғи гендік қорына, адамдардың геніне әсер ететін еді. Әрі мұны сол тұстың еңбектеген сәбиінен еңкейген кәрісіне дейін білді, бірақ қылар лаж жоқ-ты.

Осы ретте реті келгенде аз-кем ақпарат айта кетелік. Ресейдің рес­ми мәліметтері бойынша, атышулы Семей полигонында 500-ге жуық атом, сутегі бомбалары сыналып, олардың саны барлық сынақтардың 25 пайызын құраған. Ал қуаттылығы жағынан Хиросима мен Нагасакидегі жарылыстардан 40 мың есе асып түсіпті. Ол ол ма, сол кездегі белгілі оқымыстылар мен саясаттанушылардың, қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың пікірлері бойынша ол уақыттағы Семейдегі экологиялық жағдай күрделі нүктесіне, ең жоғары дең­гейіне жетіпті.

Міне, осындай қилы-қилы қиын-қыстау, тарғалаң-тарғыл күн кешсе де, қазақ халқы ертеңіне деген үмітін жоғалтпады. Ауырлығы мың батпан қайғы-қасіреттің қайырын күтті. Одан тағы кем-қор болмады. Тәуелсіздіктің алтын арайлы таңы атты. Ел еңсесі тік­­теліп, іргесі бүтінделгесін ар­қа­сына батқан зілмауыр қайғы­ның бұлты сейілді. Тәуелсіз мемле­кеті­міз ерікті түрде әлемдегі төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан бас тартып, көлемі жағынан екінші орында тұрған Семей ядро-лық полигонын жапты. Бұл жалғыз Қазақ елі үшін ғана емес, әлем ел­дері үшін де бөркін аспанға атып қуанатын сүйіншілі, ақжолтай хабар болды.

Мұндайда ядролық қарудан бас тартуды ұлы шешім демей кө­ріңіз, бүгінде сауыты сы­қыр­лап, ядролық қаруы үрей ішін­де күннен-күнге шытынап-шытыр­лаған ел­дің бәрінің ұтқаны – со­ғыс, ұтыл­ғаны – тыныштық. Ал құйқа-құй­қаңды шымырлатар құ­қай-қуаты жағынан төртінші орын­да тұрған ядролық арсеналдан бас тартқан Қазақстанның ұтқаны – тыныштық!

Бұдан бөлек, Қазақстан ядро­лық қарудан бас тарту арқылы әлем сахнасындағы өз беделін биіктетті. Содан бастап бейбітшілікке үн­дейтін ұлы жиындардың, дүбірлі конференциялардың бірде-бірі Қазақстан тарапының қаты­суын­сыз өткен емес. Бұл аз десеңіз, Ел­басымыздың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жайлы да көп дүние айтуға болады. Сала маманда-рының айтуынша, Қазақстанның ядролық қару төңірегіндегі бұл мәлімдемесі ядролық қаруды әлі күнге сақтап отырған елдерге ой салып, одан бас тартуға үндейді.

Көрдіңіз бе, мұның барлығы ешкімнің де тыныштық атты алтын қазықтан ұзамағаны дұрыс екенін ұғындыра түседі. Мұны қазақ тағы «Ат айналып қазығын табады» деп түйеді. Осылайша, біз тәуелсіздік атты маңдайға басқан бағымыздың берекесін, тиянағын тыныштығымызбен бекіттік. Әрі ты­ныштық атты «ресурсты» тәуел­сіз қазақ еліндей лайықты пай­да­лана алған ешбір ел жоқ-ау, сірә?! Лайым, осы қазынамыздан Хақ­тың өзі айырмағай!