• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 10 Қыркүйек, 2020

Тұғырымыз бүгінгіден де биік болатынына кәміл сенемін

484 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде күллі әлемде құлашын кеңінен жайып, тасы өрге домалап тұрған таеквондо өнерінің Қазақстанда іргетасын қалаған Мұстафа Өзтүрік екенін барша жұрт жақсы біледі. Жырақта туып-өскен қандасымыз қазақтың тағы бір абзал азаматы Бексейіт Түлкеевпен бірге спорттың бұл түрін өркендетуге бел шеше кірісіп, көкжиегін кеңейтуге орасан зор үлес қосты. Нәтижесінде бұған дейін біздер үшін тансық болып келген өнермен елімізде сан мың адам шұғылдана бастады. Тоқсаныншы жылдардың басында таеквонданың тұнығына бойлаған сондай жалынды жастардың бірі Мұрат Темірәлиев еді. Бұл күндері Алматы қалалық федерациясының вице-президенті қызметін атқарып отырған айтулы азаматпен жуырда жүздесудің реті келді, деп хабарлайды Egemen.kz.

– Бәрі де бозбала шағымыздағы еліктеуден басталды, – дейді Мұрат Әбдімәлікұлы.

– Әуелде мен футболға қатты құмарттым. Кіндік қаным тамған қазіргі Түркістан облысы Түлкібас кентінде өзім құрыптас балалармен ертеден кешке дейін доп тебуден жалықпайтынбыз. Уақыт оза грек-рим күресіне аңсарым ауды. Облыс біріншілігін ұтып, республикалық жарыстарда жүлде алдым. Бойымдағы қабілетімді байқаған бапкерлерім мені Қарағанды қаласына қоныс тепкен Әлия Молдағұлова атындағы спорт мектеп-интернатына жіберуді жөн көрді. Ол жерде де көштен қалмауға тырыстым. Мектеп-интернатты тәмамдағаннан кейін Алматыдағы технологиялық институтқа құжаттарымды тапсырдым. Жолым оңғарылып, оқуға түстім. Бұл – 1990 жыл еді. Міне, сол студент кезден бастап, таеквондаға мықтап ден қойдым.

– Жоғарыда сіз "Бәрі де еліктеуден басталды" деп айттыңыз. Ал өзіңіз кімге еліктедіңіз?

– Сексенінші жылдардың соңы мен тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстанның күллі қалаларында бейнесалондар қаптағаны белгілі. Жастар Брюсс Лиден бастап, жекпе-жектің сан алуан түрін меңгерген басқа да спортшылардың өнеріне тамсанды. Соның әсері болса керек, күш-қуатты тасыған көптеген жігіттер түрлі үйірмелерді жағалады. Менде де шығыс жекпе-жегімен шұғылдансам деген ерекше құлшыныс пайда болды. Оның үстіне, дәп сол кездері Түркияда дүниеге келіп, Германияда тұрып жатқан таеквонданың хас шебері, қазақтың батыры Мұстафа Өзтүрік Алматыға ат басын бұрып, республикамыздың бірқатар қалаларында үйірмелер ашты. Бұл жағдай жергілікті жастардың тансық өнерге деген қызығушылығын одан әрі арттыра түсті. Содан мен де тәуекелге бел буып, таеквонда үйірмесінің табалдырығынан аттадым. Атағы алысқа жайылған азаматпен танысып, майталман маманның қол астында жаттығуды армандадым.

– Қалай, Алматыда Мұстафа Өзтүріктей аңыз тұлғамен танысудың реті келді ме?

– Иә, реті келді. Негізі Алматыда мен Исатай Кабековтың қол астында жаттықтым. Дихан Ақаев пен Мақсұт Нарбаев сынды білікті бапкерлерден де тәлім-тәрбие алдым. Біз жаттығатын залға Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкеев жиі келетін. Жаттығу былай тұрсын, сол ғұлама ұстаз, асыл ағалардың әңгімесін естудің өзі бір ғанибет еді ғой. Екеуі де тұнып тұрған шежіре, парасат-пайымы мол тұлғалар. Мұстафа мен Бексейіттің қарапайымдылығы мен қазақылығы жайында әңгіме бір бөлек. Олар өз ұлтын шексіз сүйетін. Сондай сегіз қырлы, бір сырлы азаматтармен жолықтырған тағдырыма дән ризамын.  

– Кезінде жоғарыда есімдері аталған арыстай азаматтардан дәріс алып, солармен қатар жүрген екенсіз. Ал ондай мектептен өткен спортшының қалың топтың арасында қалып қоюға қақы жоқ. Сол себепті сізге де осы саладағы биік белестерді бағындыру айтарлықтай қиындық туғызбаған болар?

– Біз де шама-шарқымызға қарай көсілдік. Жеті жылға жуық уақыт бойы Қазақстан ұлттық құрамасы сапында болдым. Үш мәрте ел чемпионы атандым.1993 жылы біздің таеквондашылар тұңғыш рет әлем чемпионатында күш сынасу құрметіне ие болды. Нью-Йоркте өткен сол байрақты бәсекеде мен де өнер көрсеттім. Орталық Азия біріншілігінде бас жүлдені олжаладым. Бірқатар аса ірі халықаралық турнирлерде жеңіс тұғырына көтерілдім. Әрине, одан да биік белестерді бағындыруға болатын еді. Бірақ ол кезде заман басқа. Тансық өнерге мемлекет тарапынан пәлендей көңіл бөлінбейтін. Көбіне-көп жарысқа шығу үшін қаражатты өзіміз іздейтінбіз. Кейде жолымыз болса, енді бірде құрқол қайтамыз. Осындай келеңсіз жайттардың салдарынан бірқатар байрақты бәскелерден сырт қалып, талай несібемнен қағылдым.

– Үлкен спортпен қош айтысқаннан соң да осы саладан алыстамаған секілдісіз?  Білуімізше, бапкерлік кәсіпте бағыңыз жанды ғой?    

– Иә, алыстап ешқайда кеткен жоқпын. Осы күнге дейін бапкерлік қызмет атқарып, бірнеше жақсы шәкірттер тәрбиеледім. Солардың арасынан Нариман Шәкіров, Мерей Расилов, Рамиль Ашмахунов, Асхат Әбілдаев, Абзал Анарқұлов сынды сайыпқырандар суырылып шығып, түрлі дүрмектерде атой салды. 2005-2013 жылдар аралығында республикалық таеквондо федерациясында бас хатшысы және команда басшысы қызметтерін қатар атқардым. 2012 жылы ұлттық команда мүшелерін Лондон Олимпиадасына бастап апарған мамандардың бірі болдым. Сонымен қатар, төрешілік кәсіпте де бақ сынадым. Бұл ретте де несібесіз емеспін. Әлем мен құрлық чемпионаттарында, Азия ойындары мен әлем кубогында және басқа да көптеген дүбірлі додаларда қазылық еттім. Ұйымдастырушылар тарапынан еңбегім лайықты бағаланып, түрлі байрақты бәсекелерде ең үздік төрешіге тиесілі арнайы сыйлықты иелендім. "Азияның ең әділ қазысы" деген атақ та бұйырды. Сонымен қатар қазір ден шәкірттер тәрбиелеп жүрмін. Қол астымда жаттығып жүрген қандастарымыздың арасында болашағынан мол үміт күттіретін жастар аз емес.

– Сөз орайы келгенде, қазылар мәселесіне кеңірек тоқтала кетсеңіз. Таеквондада өтетін аса жауапты жарыстарда төрешілерді іріктеу процессі қалай жүзеге асырылады?  Осындай сауал қоюуымның себебі, қазақстандықтардың аса ірі халықаралық жарыстарда сирек қазылық етіп жүргені қынжылтады... 

– Төрешілерге қойылатын талап өте қатаң. Ең бірінші кезекте біліктілік пен шеберлік деңгейі басшылыққа алынады. Одан да басқа талаптары көп. Олардың ешбірі комиссия мүшелерінің назарынан тыс қалмайды. Мәселен, мен 2021 жылы Токиода алауы тұтанатын Паралимпиадада қазылық етуге үмітті төрешілердің тізіміндемін. Бастапқыда үміткерлер санатында әлемнің әр қиырынан жиналған 500-ге тарта маман болды. Соларды түрлі жарыстарға қатыстырып, іріктеуден өткізді. Қалыс және шалыс басқандары, өрескел қателікке бой алдырғандардың аты-жөндері тізімнен сызылып тасталады. Осылайша, бірте-бірте үміткерлер қатары сирейді. Қазір тізімде 50 адамдай ғана қалды. Солардың отызы ғана дүбірлі додада қазылық етеді. Бұйыртса, мен де Токиоға сапар шегемін деп ниеттеніп отырмын. 

 – Елде білім алумен ғана шектеліп қалмай, "Болашақ" бағдарламасы бойынша Швейцарияда да оқыған екенсіз. Ол елде қандай мамандықты иегердіңіз?  

 – Лозанна қаласында орналасқан AISTS MAS мектебінде "Спорттық менеджемент" мамандығы бойынша білім алдым. Бұл – күллі әлемдегі спорт саласы бойынша білім беретін ең ірі орталық. Осы салада жүрген мамандардың дені Лозаннадағы ұстаздардан тәлім алуды армандайды. Бағыма орай, "Болашақ" бағдарламасы арқылы маған да AISTS MAS мектебінде түлегі болу бақыты бұйырды. Одан бөлек, қолымда Оңтүстік Кореяның Сувон қаласында орналасқан Кенг Хи университетінің сертификаты, Алматыдағы технологиялық университеті мен Қазақтың Спорт және туризм академиясының дипломы бар.

– Сіз жайында ақпарат жинаған кезде "Әйгілі "Куккивон" академиясының халықаралық инструкторы" деген жазуды да көзім шалды. Осы академия жайында қысқаша ақпарат берсеңіз?

– Таеквондо өнерін түрін серік еткен саңлақтарға спорттық дан және түрлі белбеулерді тағайындайтын әлемдегі жалғыз ұйым дәл осы – "Куккивон". Оңтүстік Кореяның бас шаһары – Сеулде орналасқан айтулы академиядағы халықаралық инструктор ретінде тіркелу үшін мен көптеген сынақтан өттім. Осы спорт түрінің майталмандары алдында осы жұмысты атқаруға лайық екенімді дәлелдедім. Қазіргі кезде әлемдегі кез-келген таеквондошыдан емтихан қабылдап, оларға дан және белбеу беруге менің де құқығым бар.    

 – Халықаралық таеквондо федерациясының (WTF) филиалдарының бірі Швейцарияның Лозанна қаласында орналасқаны белгілі. Альпі тауы етегіне жиі ат басын бұрып тұрғаныңызға қарағанда, сол ұйыммен тығыз байланыстасыз ғой? 

– Негізінен мен Швейцарияға тәжрибе жию және білімімді жетілдіру үшін барамын. Ара-тұра халықаралық федерацияның жұмысына да араласып тұрамын. Федерацияда мен босқындар мәселесімен айналысамын. Қазір жер жаһанда соғыс оты өршіп тұрған және жаппай кедейшілік белең алған мемлекеттер аз емес. Соның салдарынан Сирия, Ливия, Ауғанстан және Африканың бірқатар елдерінің халықы өз отанынан безіп, жан-жақтан пана іздеуде. Солардың қатарында спортшылар қауымы да бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) мен Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) осы проблеманы назарда ұстап, үнемі шешу жолдарын қарастыруда. Бүгінгі таңда сол босқындар түрлі дүбірлі додаларда өз елдерінің емес, Халықаралық федерацияның туы астында өнер көрсетіп жүргенін де жақсы білесіздер. Міне, біз осы жағдайды жан-жақты зерттеп, зерделеп, талдап, реттеп, заңдастыру мәселесімен айналысып жүрмін.

– ХОК, ФИФА, УЕФА секілді көптеген спорттық ұйымдардың штаб-пәтерлері Лозаннада көптеп шоғырланғаны белгілі. Сол себепті де түрлі деңгейдегі басшылар мен жұлдыздарының айтулы шаһарға жиі қатынауы заңды. Сіз сондай мықтылармен жолыға алдыңыз ба?  

– Осы орайда мына бір оқиғаны баяндайын: Бірде бір топ азамат жұмыс бабымен Қазақстаннан Швейцарияға келді. Менің Криштиану Роналдудың жеке дәрігері Антонио Гашпармен жақын араласатынымды жақсы білетін футбол десе, ішкен асын жерге қоятын сыйлы ағаларымыздың бір "Әлемдік футболдың шоқ жұлдызымен жолықтыра аласың ба?" деген сыңайды әңгіме қозғады. Мен "Антониомен ақылдасып көрейін" дедім. Досым бір ауыз өтінішімді жерге тастамады. Сөйтіп, Лозаннадағы әсем бір кеңседе Роналдумен кездесудің сәті түсті. Қонақ үйде қазақы дәстүрмен үлкен дастархан жайылып, талай тартымды әңгіменің тиегі ағытылды. Теңбіл доптың теңдессіз шебері Қазақстан жайында өзінің жылы лебізін білдірді. Біздің ел оған тансық емес. "Еуро-2008" додасының іріктеу турнирі барысында Криштиану Алматыға келгенін айтты. Сол сапардан алған әсерімен бөлісті. Бір ғажабы, айтулы ойыншы Португалия ұлттық құрамасы сапындағы өзінің алғашқы ойынын 2003 жылдың тамыз айында дәл біздің Қазақстан командасына қарсы өткізіпті. Ол кезде болашақ жұлдыз 18 жаста екен. Қазақтың көңілі де, пейлі де кең ғой. Біздің жігіттер де қарап қалмай Криштиану Роналдудың ығына зерлі шапан жауып, "Алтын адамның" мүсінін сыйға тартты. Арасында естелік суретке де түсіп үлгердік.

– 2008 жылы Бейжіңдегі додада Арман Шылмановтың атой салып, қола медальді олжалағаны белгілі. Бұл отандық таеквондошылармыздың Олимпия ойындарында олжалаған алғашқы және әзірге жалғыз жүлдесі. Қалай ойлайсыз, келесі жылы Токиода алауы тұтанатын байрақты бәсекеде жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жететін қазақтың ұл-қызы табыла ма?

– Біздің қазіргі командамыз да өте күшті. Әсіресе, Руслан Жапаров пен Қайрат Сарымсақовтың өнері көпшіліктің көңілінен шығуда. Олардың бойында Олимпия ойындарының алтын тұғырына көтерілуге қажетті қасиеттердің барлығы бар. Жансел Дениз, Нұрлан Мырзабаев, Феруза Алданғорова және Смайл Дүйсебай сынды даян шеберлеріне де зор сенім артылып отыр. Солардың арасынан бір-екеуі Жапонияда жасындай жарқырап, жеңіс тұғырына көтерілсе, күллі Қазақ елі үшін үлкен абырой болатыны даусыз. Қазақстан таэквондосының тұғыры бүгінгіден де биік болатынына мен кәміл сенемін

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет! Мұстафа мен Бексейіттей арлы азаматтар іргетасын қалаған Қазақстан таэквондосының тұғыры бүгінгіден де биік болсын!  

 

Сұхбаттасқан

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»