• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Оқиға 11 Қыркүйек, 2020

Айдарлыашадан 350 млн жыл бұрынғы тіршілік иелері табылды

2710 рет
көрсетілді

Хромтау ауданының «Ақжар» ауылдық округі аумағында орналасқан «Айдарлыаша» геоло­гиялық қимасы – тарихи туризмге сұранып-ақ тұрған жер. Жазық даланың бойында 1500 метрге дейін созылып жатқан қыратты алқап тұңғыш рет 1950 жылдары геологтар назарын өзіне аударған. Қатпар-қатпар қабаттардың жерас­ты тақтайшаларының бір-бірімен соқтығысуы салдарынан жер бетіне көтерілген шағын ғана бөлігі, тіршілік жаралғандағы әлемдік мұхиттың табаны екенін ақтөбелік геолог-барлаушы Ростислав Сигелдин сол жылдары анықтап берді.

Өйткені қима қатпарларынан 350 миллион жыл бұрын карбон кезеңінің соңы мен пермь кезе­ңінің басында тіршілік еткен жән­діктердің қалдықтары мен өсім­діктер таңбалары табылды. Ұлу қабыршақтары, омыртқалы және омыртқасыз жәндіктің қаңқалары, таста таңбаланған табиғаты белгісіз өсімдіктер, тірі ағзалар – беримиттер, омониттер қалдықтарын 1970 жыл­дары Ақтөбе облыстық өлке­тану музейін басқарған Рыс­жан Ілиясова музей қорына жинақтап, бели­менттер, грифея-ұлу, ұлутас жәдігерлерінен экспозиция жасақ­тады. Айдарлыаша қимасы Қазақ­станның киелі жерлер картасына енгізілгелі бері бұл жаққа турис­тер қарқынды түрде келе бастады. Қазіргі кезде Хромтау ауданының басшылығы осы киелі мекенді ашық аспан астындағы мұражайға айнал­дыруды қолға алып жатыр. Жа­қында ҰҒА корреспондент-мүше­сі, тарих ғылымдарының докторы Жәкен Таймағамбетов бастаған бір топ ғалым келіп, Айдарлыаша қи­масын геологтар мен палентологтар қосылып кешенді түрде зерттеу керек деген қорытындыға келді. «Ай­дарлыаша геологиялық қима­сының ең ежелгі сынықтары тереңде жатыр. Тектоникалық қозғалыстың әсерінен қабат жоғары көтеріліп кет­кенде, адамзат жаратылмастан бұрын Әлемдік мұхитта тіршілік еткен қос­мекенділер, балықтар, омырт­қалы және омыртқасыз жәндіктердің мұ­хит түбіне шөккен қалдықтары жер бе­тіне шығып қалған. Бұл – өте си­рек құбылыс», дейді тарих ғылым­­да­ры­ның докторы Жәкен Таймағам­бе­тов.

 

Ақтөбе облысы