• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Таным 14 Қыркүйек, 2020

Кәмен ұстаз – кемел ұстаз

1151 рет
көрсетілді

Ұстазым Кәмен Оразалин туралы осы естелігімді жазуды қолға алғанмен, тақырып қоюға келгенде біраз қиналдым. Өйткені тек ұстаз деген атаумен шектеліп қалуым өзіме қораш көрініп, аздық етіп тұрғаны білініп тұр.

Кәмен Оразалин белгілі жазушы, әртүрлі жанрда жазылған көркем шы­ғармалардың авторы, қоғам қай­раткері, «Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім» ата­ғын алғашқылардың бірі болып алған ұстаз, бірнеше жоғары дәрежелі Үкімет наградаларының иегері, «Октябрь революциясы», ІІІ дәрежелі «Даңқ» және «Отан соғысы» ордендерімен, еліміз тә­уелсіздік алғаннан кейін «Парасат» ор­денімен марапатталған.

Тізе берсе ары қарай соза беруге болады, айтпағым, ол жалғыз менің ғана ұстазым болып қойған жоқ, өзінің бар­лық са­налы өмірінде осы Шыңғыстау өңірінен шыққан жақсы-жайсаңдар мен зиялы қауым өкілдері, ғалым-оқымыстылар, ақын-жазушы, өнер иелері, еңбегімен та­нылған халық қалаулыларының ұс­тазы, әрі ақылшысы, тәрбиешісі болды. Сондықтан да барлық өмірін елінің жан-жақты өсіп-өркендеуіне арнаған, кім қозғаса да қозғалмай, тұғырынан таймай халқымен бірге жасаған Кәмен Оразалин Абай ауданының тарихында өшпес із қалдырып, ұмытылмас ірі тұлға болып қала бермек.

Кәмен ұстазымды Абай орта мекте­бін­де 1950 жылдың басында жоғарғы сы­ныптарға қазақ әдебиетінен сабақ бе­ретінін сыртынан танып-біліп жүретінмін.

Ол кезде шамамен 6-7 сыныпта оқи­­мын, мұғалімнің анадай жерден ке­ле жатқанын көрсек бас киімімізді ше­шіп, жанымызға ұстап өтіп кеткен­ше қоз­ғалмай тұратынбыз. Кәмен мұға­лімнің де күлімдей басын изей басып өте шыққаны есімде қалыпты, ол кезде балалар үшін осы бір жақсы дәстүр әдептіліктің үлкен бір түрі еді.

Ұмытпасам, сол 1950 жылдардың ба­­сында ұстазымыздың «Жексен» атты кі­табы шықты. Соғыс тарихы, Отан қор­ғаушы жауынгерлер жөнінде басылып шыққан алғашқы еңбектердің бірі болатын.

Ел жылы қабылдап, қолдан-қолға ти­гізбей қызыға оқып жатты. Бізден бұрын оқыған қызметкер апа-ағайларымызбен, жоғарғы сынып оқушылары кітапты бас алмай оқыдық.

Республикалық, облыстық газет-жур­налдардың беттерінде сол кездегі әде­биеттанушылар мен сыншылар өз пікір­лерін жарыса айтып та, жазып та жатты.

Осы бір еңбегі Кәмен ұстазымыздың атын сол кездің өзінде тек Қазақстан емес, бүкіл Кеңес одағына шығарды.

Содан 8-інші сыныпта қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі сынып жетекшіміз болып Кәмен ұстазымыз келді. Ұзын бой­лы, аққұба өңді, екі иығы бойына шақтап, шебердің қолымен кескінделіп келтірілген бейне мүсіндей, табиғи келбеті мен дене бітімі сай, сұлу, тұрпатты еді. Жүріс-тұрысы ширақ, кеудесін кере ұстап құдды бір әскери саптағылардың аяқ алысындай адымдай басып келе жатқанының өзі бір көрініс болатын.

Сөз сөйлеу мәнерінің өзі ерекше еді, алдымен жай ғана қоңыр даусымен бас­тап, дыбыс күшейткішін қосқандай бір­те-бірте жоғарылатып адамды өзіне үйі­ріп алған соң шешіле сөйлеп кетіп, тың­даушыны еріксіз өзіне баурап, тартып алатын қасиеті болатын.

Алғашқы сабағымыз таныстықтан басталып, өзінің сынып жетекшіміз, бұдан былай бір отбасының адамындай, әке мен баладай болып сыйласып, ынтымақтасып, барлық жағынан озат болуымызды ескертті.

Әрқайсымызды орнымыздан тұр­ғы­зып, керекті сұрақтарын қоя бастады. Кезек маған келгенде: – Өй, Манатай Балташ ағаның баласы, сен тұрып мына тақтаның алдына кел, деп шақырып алды. Қорқыныш пен таңданыс аралас сүйретіле басып, тақта алдына келіп тұрдым. Мұ­ғалім бас-аяғыма бір қарап алып «ал, ба­лалар, мына оқушының кім екенін біле­сіңдер ме?», деді. Бәрі тым-тырыс, мені шынымен үрей билей бас­тады, дауысын қатайтып, саңқылдай сөйлеп: «Бұның қайдан, қайда тұрып оқығанын білесіңдер ме? Шынымен ешкім білмей ме? Айтпағансың ба?», деп маған күлімдей жылышырай қарағанда, сөз әлпетінен бірдеңе түсінгендей болып іштей «уһ» деп, дем алғандай болдым.

Әлден соң: – Балалар, бұл ұлы жазушы, сөз зергері, ұлы ойшыл, драматург, ғалым, оқымысты академик Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің тәрбиесінде болып, екі жыл қолында тұрып оқу оқыған, әкелік аялы алақаны мен мейірімге толы ыстық құшағын көрген, ұлы Мұхтар ағамыздың баласындай болған Балтақай ағамның баласы – Манатай, – деді.

Содан әрі қарай әңгімесін сабақтап: – Мен осы жолы Алматыға келесі шы­­­­ға­тын кітабымның шаруасымен ба­рып, Мұхтар ағаның үйіне соғып сә­лем бер­генімде, өзі бастап Валентина Ни­ко­­лаев­на шешең, Үмия апамыз, Ләй­лә, Ернар бәр-бәрі сәлем айтты. Үй іш­теріңнің қал-жағдайларын біліп, Мұх­тар ағаның өзі бастап, әсіресе сенің оқу үлгерімің мен қалай ер жетіп келе жат­қаныңа назар аударғандай болды, арасында кейбір се­нің балалық қылықтарыңды еске алды, – деп аяқтады таныстықты.

Әрине, қолында баласындай болып, өсіп, тәрбиеленген соң адамдар бір-біріне бауыр басып, туғанындай болып кетеді.

Мен сол кезде кішкентай бала болсам да көрген, естіп-білген, оқып-тоқыған дүниелерімді ұмытпайтын зерек болған болсам керек. Мұхтар ағам менің балалық тәтті қылықтарыма қатты ризалық таны­тып, әкелік мейірмен әркез құшағына алып, маңдайымнан иіскейтін.

Кәмен ұстазымның сол күнгі «Әй, Манатай, сен біліп қой, сенің әр уақытта орның бөлек, өйткені сен ұлы Мұхтар Әуезовтің үйінде тұрып, оқып, білім алдың, тәрбиесін көрдің, әр уақытта соған лайық болуың керек», – деген сөзі менің жүрегімде өмір бойы сақталып қалды.

Бұл менің өмірімдегі ең бір бақытты шағым, өшпес уақыт сыйы болып еді.

Кәмен мұғалімнің сабақ беру тәсілі бөлек болатын. Сол күнгі өтетін оқу тақы­рыбын айтып, егер ол белгілі ақын-жазу­шы болса өмір жолы мен шығармалары­на тоқталып, қандай шығармасына назар аудару керектігін қадап тапсыратын. Сол кездегі қазақ әдебиеті оқулығына енген ақын-жазушылар: Сұлтанмахмұт Торайғыров, Спандияр Көбеев, Сәбит Дө­нентаев т.б. шығармашылық еңбек­теріндегі заман үрдісіне қарай жазыл­ған әйелдер теңсіздігі, салт-дәстүр көрі­ністері, әлеуметтік-тұрмыстық қиын­­­шылықтар, т.б. оқиғалар мен көр­кем­­дік суреттемелерді өз ой-толғамы тұр­­ғы­сынан толықтыра отырып, әсерлей жет­­кізетін.

Абайтану ғылымының негізін қала­ған ұлы жазушы М.Әуезов болса, оны ары қарай жалғастырып, болашақ ұр­пақ­тардың рухани қазынасына айналдырып, ұлылар туған жерге алғаш­қылардың бірі болып, ірге тасын қалаған «Абайтану», «Мұхтартану» ілімдерін оқушылар­дың бойына сіңіріп, санасы­на жеткізе білген Кәмен Оразалин ұста­зымыздың ерекше еңбегін әр уақытта айрықша бағалауға тиіспіз.

Ұлы жазушы Мұхтар ағамыз Абайдың 95 жылдық тойын өткізу шараларын бас­тап, 1939 жылы Шыңғыстауға келіп, орта мектептің жанынан «Абай ұрпақтары» атты қолжазба журнал ұйымдастырды.

Соғыс килігіп, қолға алынған жұмыс­тар тоқтап қалды. Әскерден балдақ ұстап екі аяғынан жүре алмай жаралы, жарымжан болып қайтқан Кәмен мұғалім ұстаздық қызметке кіріскен күннен бас­тап «Абай ұрпақтары» журналын қайта жандандырып, ширек ғасырдан артық уақыт қоғамдық негізде басқарып, үзбей шығарып отырды. Міне, «Абайтану» ілі­­­мінің алғашқы кірпіші осыдан бастау алған.

Журналға Абай заманы, оның төңі­регі жөнінде естіліп, айтылған әңгі­ме­лер, естеліктер жоғарғы сынып оқу­­шы­ларының Абай өлеңдерімен қарасөз­­дерінің ойшылдық, тәрбиелік мән-маз­мұны жөнінде жазған түсінік тәлім­дері, оқушылардың өздерінің шығар­машылық әңгіме, очерк, өлеңдері т.б. түрлі тақырыпқа жазылған мақала, жазбалары өз алдына, бір факультативтік курс мамандығынан өткендей тәрбиелік мәні болып еді.

Қазіргі кезде елге танылып, өзінің ға­­лым-оқымысты, ақын-жазушы, тарихшы, шежіреші еңбектерімен атақ-даңққа, сый-құрметке ие болып жүрген мен бі­ле­тін ел азаматтары: педагогика ғылым­дарының докторы, академик С.Қалиев, тарих ғылымының докторы Арап Еспен­бетов, жазушы Роллан Сейсенбаев, ақын­дар: Тыныштықбек Әбдікәкімов, Төлеген Жанғалиев, шежіреші Молдабек Жан­болатов, марқұм Ырысқан Мусин, Мер­ғали Ибраев, Жәнібек Кәрменов, т.б. осы Кәмен ұстазымыздың шәкірттері, рухани шәкірттері болған еді.

Жоғарыда айтып өткендей Кәмен ұстазым ұлы М.Әуезовтің шәкірті ғана емес, оның болашағына жол ашқан (ақылшы-қамқоршы) бауырына басып, үміт артып, ақыл-кеңесін беріп, туғанындай болған адамы болды. Оның бір куәсі Мұқаң өзі Мәскеуде емханада жатып, туған ұлы Мұрат Әуезовті Кә­менге бар деп, хат жазып беріп: «Мынау менің балам Мұрат, елге, туған жер – Абай еліне бара жатыр. Елді, жерді көрсет, аралатып таныстыр, Балташқа апарып амандастыр», деп тапсыруы жақын көрген жанға деген ұлы адамның көңілін көрсетіп тұр.

Кәмен ұстазым ұлы адаммен етене араласып жүріп, ақыл-пікірін білу үшін сыр ретінде өзінің Алматыға келгісі келетінін айтқанда: – Әй, Кәмен, сен менің ақылымды алсаң елден қозғалушы болма, сенің ел ішінде болғаның елге де, бізге де қажет, сен жазатын шығармашылық керегіңнің бәрі Шыңғыстаудың іші-сыртында жатыр, деген екен. Сол үлкен адамның ақылын алып, Кәмен ұстазым өмір бойы туған жерінен қозғалған жоқ, өсиетін бойына бойтұмардай сақтап, анда-санда айтып қойып отыратын.

Кейде Мұхтар ағамыз Кәмен ұста­зы­мызға ұлы Абайдың шығармашылығын оқып, зерттеп білуде, жастарға оның маз­мұнын тереңдете оқытып, санасына сіңі­руде өз ой-пікірі, ақыл-кеңестерімен бөліскен шығар деп ойлаймын. Өйткені Кәмен мұғалімнің сабағы қай тақырыпта өтпесін Абай мен Мұхтар әлеміне салыстырмалы түрде болса да бір соқпай кетпейтін.

Шынын айтқанда, қазіргі «Абайтану» пәні деп жүрген оқуымыз сол 1950 жыл­дардың басында Абай орта мектебінде бас­талып, оның негізін қалаған ұстазымыз Кәмен Оразалин болатын.

Кәмен ұстазым алғашқы «Абайтану», «Мұхтартану» ілімдерін өзінің оқу әдіс­темесімен ұштастыра отырып, өзіндік жол-жоба ойлап таба білді, келешек жас­тардың ой-өрісін кеңейтудегі, оқу, білім берудегі біліктіліктің бір үлгісі, қазіргі талаппен қабысып жатыр.

Кәмен ұстазымызды сонау балалық шағымнан бері білгенмен осы бір есте­лігімді жазып отырып, адам тіршілікте көп нәрсеге мән бермей, кейбір ел қадір­леген адамдардың елеусіз тасада қалып бара жатқанына қиналады екен.

Қаншама атақ-дәреженің иегері, ел құрметтісі бола жүріп, қарапайым, кіші­пейіл қалыптарынан таймай, еште­ңеге қызықпай, талмай, қажымай еңбек­теніп, ақыл-парасат иесі болған адам екені көрінеді.

Қалай десек те, Кәмен ұстазымызды өз ішімізде осы уақытқа дейін ұмыт қал­дырып келгенімізді жасыруға болмайды. Оның туған елі – Абай ауданының тарихында орны да, аты да қалатын кезі келді.

Биыл Кәмен ұстазымыз 100-жасқа толып отыр.

Бұдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан­ға әйгілі ірі ғалым, академик, жазушы Зейнолла Қабдолов, көрнекті халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағаларымыз Кәмен Оразалин туралы «Ұлы жазушы» деп көрсетпесе де, соған пара-пар теңеулер келтіріп, сол дәрежеде айтқан пікірлерін келтіре кетуге болады.

Зейнолла Қабдоловтың: «Орыстың ұлы жазушысы Л.Толстой «Ясная По­ля­нада» жатып атақты «Соғыс және бейбіт­шілік» романын жазса, М.Шолохов Дон бойында жатып «Тынық Дон» романын шығарды, ал біздің Кәмен Оразалин Ертістің бойында, Шыңғыстауда жатып, ұлы жазушы М.Әуезов туралы «Абай­дан соң» тетралогиясын жазды», деп ұлылармен қатарға қойып атауы түсінген адамға терең мағына беріп тұр.

Ал сол ұлы жазушы М.Әуезов жайлы жазылған төрт томдық «Абайдан соң» атты роман тетралогия шыққанына жиырма бес жыл уақыт болып қалса да, кезінде «біткен іске сыншы көп» дегендей сын айтқан бақталастары қазір ұлы жазушы еңбегінен тіпті ғылыми еңбек пен зерттеулер жаза алмай жүр.

Сондықтан мен де шошымай, үрікпей: «Ұлы жазушы туралы ұлы еңбек жазған, ұлы ұстазым – Кәмен Оразалин!», деймін.

Қазір ел алдында тұрған үлкен мін­детіміз, ел билігінде отырған азаматтарға айтарым, қояр тілегім, Қазақстанға танымал көрнекті жазушы, қоғам қайраткері ұлы ұстаз, Қазақстанға еңбек сіңірген мұғалім, ҰОС ардагері, Абай ауданының Құрметті азаматы, ел тарихында өшпес аты қалған тұлға Кәмен Оразалиннің есімін есте мәңгі қалдыру үшін өздері сұранып тұрған екі мектептің біріне беру керек. Мұны аудан жұртшылығы мен педагог-оқытушылар ұжымы да қолдап отыр.

 

 Манатай БАЛТАҚАЙҰЛЫ,

 дербес зейнеткер,  Абай ауданының Құрметті азаматы

 

Шығыс Қазақстан облысы