Дән егіп, тер төккен диқаншылар күн райының ала бұлттанып, оқтын-оқтын жаңбыр себелеп тұрғанына қарамастан, қырман басында дамылсыз еңбектенуде. Шығыс Қазақстанның әр өңірінде күзгі орақ науқаны қарқынды жүріп жатыр.
Жер тоймай, ел тоймайды демей ме?! Биыл көктем мен жазда топырақтағы ылғал төмен болғандықтан, өнім көлемі де былтырғымен салыстырғанда сәл аздау. Қазіргі уақытта облыс бойынша гектарынан 11,8 центнер астық жиналса, былтыр дәл осы уақытта 18 центнер еді.
Шаруалардың басым көпшілігі егістік алқаптарына жоғары сұрыпты тұқым егіп, ала жаздай күтті, барынша баптады. Шөжені күзде сана демекші, жиын-терін уақыты аяқталған соң нақты нәтижені көрсетеді. Ал әзірше Үржар ауданында ғана орақ ору 99 пайыз науқаны аяқталды. Үржар Шығыстың оңтүстігінде жатқандықтан көктем ерте шығып, дәні ерте піседі. Бұл жақта дәнді дақылдар алқабы 60 мың гектарды құраса, оның 8800 гектары күздік бидай. Үржар аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Ерзат Болатұлының айтуынша, күздік бидайды биыл 10 гектарға жеткізуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Бесқарағай, Көкпекті, Риддер өңірлеріндегі шаруалар да күзгі өнім жинауды ойдағыдай аяқтап келеді.
Ал қысы алты айға созылатын Катонқарағай өңірінде жемшөп дақылдары 23,3 мың гектар алқапты алып жатыр. Болжам бойынша, шаруа қожалықтарының малын қыстан алып шығу үшін 166 мың тонна шөп, 6 мың тонна сенаж, 7,5 мың тонна сүрлем, 15 мың тонна сабан және 5,1 мың тонна концентратталған жем даярлау қажет екен. Қазіргі уақытта аудан ауылшаруашылық тауарөндірушілері 93,8 мың тонна шөп даярлады. Қоймаға 6 мың тонна пішендеме төгіліп, жоспардың 100 пайызы орындалды.
Қары қалың, қысы қатты таулы өлкеде малды тебінмен шығару мүмкін емес. Сондықтан да шаруалар жаздың бір күні қыстың мың күнін асырайды деп көк шалғынға шалғы салатын. Өкінішке қарай, биыл жауын-шашын аз түсіп, шөп сұйық шыққан. Бұл тығырықтан шығу үшін ауданның ірі шаруашылықтарынан артылған шабындықты тегін шауып алу жөнінде келісім жасасқан. Нәтижесінде Новополяковка және Ақсу ауылдық округтеріндегі қожалық басшылары 10 мың гектардан астам шабындық алқаптарын шауып алуға ұсынды. Сондай-ақ жемшөп дақылдарын аудан аумағында сату бойынша билік өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Аудан аумағында орта есеппен бір орама шөп 8 мың теңгеден. Бұл қарапайым тұрғындар үшін де тиімді болмақ.
Шығыс Қазақстан облысы