• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Кәсіпқой бокс 15 Қыркүйек, 2020

Ер мінезді Ермахан

1192 рет
көрсетілді

Осыдан дәл 20 жыл бұрын, яғни 2000 жылдың 15 қыркүйегінде Сиднейде XXVII жазғы Олимпия ойындарының алауы тұтанды. Дәл сол жарыстың ашылу салтанатында әйгілі боксшы Ермахан Ыбырайымовқа қазақтың Көк байрағын ұстап шығу бақыты бұйырды. Атланта Олимпиадасының (1996 жыл) және Будапешт (1997) пен Хьюстонда (1999) өткен әлем чемпионаттарының жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы (1998), Азияның екі дүркін чемпионы (1995, 1999) деген атағы бар өр мінезді өреніміз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан туды алған кезде «Аустралия сапарынан алтынмен ораламын» деп сенімді сөйлеген еді. Сырмінез саңлақ сертінде тұрды. Сидней төрінде барлық қарсыласын қоғадай жапырған Ермахан бас жүлдені қанжығасына байлады.

Ермахан Ыбырайымовқа Олим­пия ойындарының алтын тұғырына көтерілу үшін бақандай 15 жыл тер төгуіне тура келді. Иә, бәрі де балалық шақтағы қызы­ғушылықтан басталған еді. Әлі есінде, Жамбыл қаласындағы шал­ғайдағы ауылдардағы қой­шылардың балаларына арналған мектеп-интернатта білім нәріне сусындап, тәлім-тәрбие алып жүр­ген шуақты күндердің бірінде Қызай есімді тәрбиелеуші апай кабинетке кіріп келіп, бокспен кімнің шұғылданғысы келетінін сұрады. Осы сөзді естігенде Ермахан «Мен!» деп орнынан атып тұрды. Сөйтіп бес-алты сыныптасы жиылып, спортзалға келді. Та­балдырықтан аттаған бетте Бақ­шар Қарсыбаев есімді бапкер «Спорттық киімдерің бар ма?» деп сұрады. Жоқ екенін біл­генде «Қашан спорттық киім сатып аласыңдар, сол кезде бір-ақ келіңдер» деп балаларды кері қай­тарды. Ермаханның боксшы болуды армандағаны соншалық, жатақханаға келген бетте ауылға хат жазды. Келешекте мықты бокс­шы болғысы келетінін, сол мақ­сатты жүзеге асырайын десе, спорт­тық киімінің жоқтығын алға тартты. 11 жасар жеткіншек сол хатты еңкілдеп жылап отырып жазған екен. Ата-анасының жү­ректері елжіресе керек, көп ке­шікпей ауылдан қажетті қаражат келді. Ермахан сол ақшаға қажетті киім-кешек сатып алып, спорт үйірмесін қайта жағалады.

ЕРМАХАН айтады: Ол кез­дері Мәскеу Олимпиадасының буы әлі басылмаған. Төрт жыл­дық­тың басты додасында атой салып, күміс медальды мойнында жар­­қыратқан Серік Қонақбаевтың даңқы дүркіреп тұрды. Біз де сол Серік ағадай болсақ деп арман­дадық. Сол арман мені Алма­тыдағы Тимирязев пен Байзақов көшелерінің қиылысында ор­наласқан спорт мектеп-интернатына жетелеп әкелді. Барлық құжаттарымды қарап шыққан комиссия мүшелерінің бірі «Сен математика, қазақ тілі, физика, әдебиет деп бас қатырмай-ақ қой. Оданша білек түрін де, жекпе-жекке шық. Егер мына баланы жеңсең, оқуға қабылданасың» деп сырықтай бір орысты көрсетті. Екеуміз былғары қолғапты кидік те, жұдырықтаса кеттік. Оң­тайлы сәтте қарсыласымды дәл тұм­сықтан ұрып, шалқасынан түсір­дім. Комиссия мүшелері риза болып, мен оқуға қабылдандым. Ес жиғаннан соң қасыма келген әлгі қарсыласым «Ты что левша?» деп сұрады. Ауыл баласы орыс тілін қайдан білсін. Ол менің атымды сұрап тұр екен деген оймен «Нет, я – Ермахан!» деп жауап бердім.

Біздің білетініміз: Спорт интернатта оқып жүр­ген ке­зінде-ақ Ермахан түрлі жарыстар­да жүлде алып, қырағы ма­ман­дардың назарына ілікті. Жас­өспірімдер мен жастар буыны арасындағы бәсекелерде бағы жанды. Республикалық додаларда дараланып, 1990 жылы Иркутскіде өткен жастар ара­сындағы Одақ біріншілігінде кү­міс медальды иеленді. Осы елеулі та­быс­тарының арқасында КСРО спорт шеберінің күміс белгісін кеудесіне тақты. Оның шаршы алаңдағы қимыл-қозғалысына тамсанған білікті бапкерлердің біразы «Болашағы зор бала» деп өнерін бас бармақпен бағалады.

Тоқсаныншы жылдардың ба­сында Ермахан Ыбырайымов ересектер дуына түсе бастады. Бірақ кіл мықтылар бас қосқан жа­рыстарда өзінің мықтылығын бірден мойындату мүмкін болмады. Ол кездері КСРО-ны айт­пағанда, Қазақстанның өзінде 67 кило салмақ дәрежесінде бәсе­келестік өте күшті болды. Талғат Бердібеков, Әділбек Жа­ман­көзов, Игорь Ибрагимов, Ар­кадий Топаев, Бауыржан Ах­ме­тов, Нұржан Сманов, Серік Ай­дарбеков... қай-қайсы да нағыз «сен тұр, мен атайындар». Кейбірі ірі дүрмектерде ысылған сақа спортшылар, кейбірі жалындап өсіп келе жатқан жастар. Солардың арасынан Нұржан Сманов суы­рылып шықты. Шымкенттің шы­­мыр жігіті қарсылас шақ кел­тірмей, жартылай орта сал­мақ­тың тізгінін мықтап қолға алды. 1991 жылы Алматыда ұйым­­дастырылған Мемлекеттік теле­радио комитетінің жүлдесі үшін ха­лықаралық турнирде біз­дің бүгінгі кейіпкеріміздің жо­лы дәл сол Смановпен қиысқан еді.

ЕРМАХАН айтады: Алма­тыда өткен жарысты тамашалау үшін әкем ауылдан арнайы келген еді. Финалдық сайыстың алдында би кешіне барып, жа­тақханаға түннің бір уағында оралдым. Таңертең ұйқым қан­бай, мең-зең болып тұрдым. Көзім ісіп кеткен. Шешуші сәтте дұрыстап жұдырықтаса алмадым. Соның барлығын көрген әкем «Алматыға біз сені бокс­шы болсын деп жібер­сек, сенің жүрісің мынау. Егер спортпен беріліп айналысқың келмесе, үйге қайтқаның жөн. Қызық, той-томалақ ауылда да табылады» деп өзімен бірге ертіп әкетті. Ауылда біраз уақыт мал бақтым. Алматыға қайтайын де­сем, әкем жібермеді. Маған рен­жігені соншалық, астыма жөні түзу ат бермей, есекке мінгізіп қойды. Солай талай күндер өтті. Бірде біздің ауылға шаруашылық жұмыстарын атқаруға студенттер келді. Солардың біреуі ұрынарға қара таппай жүргенге ұқсайды. Әркімге бір килігіп, киіз үйлердің керегесін соғып, қойшылардың мазасын алыпты. Өзі еңгезердей, ешкім оған қарсы келе алмайтын көрінеді. Содан ауылдас­тарыма «Сағидің ана қара ұлы боксқа қатысады деуші еді, соны әлгі жігітпен айқастырып көрсек қайтеді. Бәлкім, сабазды сабасына түсіретін шығар» деген ой келеді. Бұл ойларын олар әкеме жеткізді. Ол кісі маған айтты. Мен келістім. Белгіленген уақыт­та екеуміз қошқар байлайтын қораның ішінде айқасуды жөн көрдік. Өйткені ол жерде шегінетін жер жоқ. Оңтайлы сәттердің бірінде мен оны сұла­тып салдым. Әлгі жігіт содан кейін елдің мазасын алмайтын болды. Бұзақыны ұрып жыққаныма риза болған әкемнің содан кейін ғана маған іші жылыды. Содан ақ батасын беріп, өзі Алматыға шығарып салды.

Біздің білетініміз: Алматыға оралғаннан соң Ер­махан жат­ты­ғуын қайта бас­тады. Біраз уақытқа созылған үзілістен кейін оның бокс залына кіріп келе жатқанын анадайдан байқаған әйгілі бапкер Станислав Болдырев «Смотрите в наш скромный зал пришел тренироваться будущий Олимпийский чемпион Ермахан Ибраимов!» деп дауыстап айтты. Барлығы есік жаққа жалт қарады. Танитындар миығынан күлді, танымайтындар үнсіз. Ермахан езу тартты да киім ауыстыратын бөлмеге қарай беттеді. Қазір қарап отырсақ ұзақ жылдар бойы отандық боксты өрге сүйреп, талай саңлақтарды тәрбиелеп өсірген ақсақалдың аузы дуалы екен. Расында да уақыт оза Ермахан Ыбырайымов екі бірдей Олимпия ойындарында атой салды.

ЕРМАХАН айтады: 1995 жы­лы Берлинде өткен әлем чемпионатында 75 кило салмақ дәрежесі бойынша ел намысын қорғадым. Біразға созылған үзіліс кесірін тигізбей қоймады. Неміс жерінде артылған сенімді ақтай алмадым. Тұсаукесер кездесуде кейіннен әлем чемпионы, Олимпия ойын­дарының қола жүлдегері, кәсіп­қой рингтің көкжалына айналған Мажарстанның мықтысы Жолт Эрдейден үш ұпай айырма­шы­лығымен ұтылдым. Міне, сол тұс­та «Ыбырайымов ұлттық команда сапында өнер көрсетуге лайық емес» деген әңгімелер айтыла бас­тады. Бірақ бұл сәтсіздік менің сағымды сындыра алған жоқ. Еш нәрсеге мойымай, жаттығуымды жалғастыра бердім. 71 кило сал­мақ­қа ауысқаннан кейін өрлеу кезеңі басталды. Күз айларында екі бірдей байрақты бәсекеден олжалы оралдым. Қыркүйекте Римде ұйымдастырылған Дүние­жүзілік әскерилер ойындарында бас жүлдені олжаласам, қазанда Ташкентте өткен Азия чемпиона­тында топ жардым. Осы та­быс­тардың арқасында Атлан­тада алауы тұтанған Олимпия ойын­дарында өнер көрсету мүм­кін­дігіне ие болдым.

Біздің білетініміз: Алыстағы Америкада Қазақ елі боксының даңқы дүркіреді. Василий Жи­ров бас жүлдемен қатар, Бар­кер кубогын иеленді. Болат Жұ­маділов күміске қол созды. Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ыбырайымов қола ме­дальды еншіледі. Атлантада кейіп­­кері­міз канадалық Ник Фар­­релл (15:4), индонезиялық Хен­рик Самангунсонг (нокаут) және германиялық Маркус Байерді (19:9) жолынан ығыс­тыр­ды. Бірақ жартылай финалда әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Панамерика ой­ын­дарының жеңімпазы, куба­лық Альфредо Дуверхельге (19:28) әлі жетпеді.

Атланта Олимпиадасында қола медальды еншілеген соң Ыбы­райымовтың беделі күрт артып, есімі баспасөз беттерінен түспеді. Барша жұрт Ермаханға ерекше ілтипатпен қарайтын болды. Өйткені ол өзі қатысқан жарыстардың барлығында жасындай жарқырап, Қазақстанның спорттық даңқын арттырды. Бір кереметі, жекпе-жектердің денін мерзіміне жеткізбей, айқын басымдықпен аяқтауды әдетке айналдырды...

Ғасырлар тоғысында алауы тұтанған Сидней Олимпиада­сында 28 жастағы қазақтың қайсар ұлы Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев­тың қолынан Ту алған ол «Мін­детті түрде елге бас жүл­де­мен ора­ла­мын» деп серт берді. Айт­қандай-ақ Ыбырайымов жасыл құрлықта керемет өнер көр­сетті. Бастапқы бәсекелерде си­риялық Юсуф Массас пен венесуэлалық Хели Янесті үшінші раундтарда ұрып жықты. Ширек финалда Барселона мен Атланта Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің төрт дүркін чемпионы Хуан Эрнандестің жақсылап тұрып сазайын берді. Бұл тартыс 16:9 есебімен қазақтың өр мінезді өренінің пайдасына шешілді.

Атағынан ат үркетін Хуан Эр­нандесті жеңгеннен кейін Ер­ма­ханның иығынан ауыр жүк түскендей болды. Жартылай финалда ол 22 жастағы Джермен Тэйлормен жұдырықтасты. АҚШ-тың өкілін төртінші раундта сұлатып салды. Уақыт оза Ыбырайымовтан оңбай таяқ жеген америкалық жігіт кәсіпқой бокстың шоқжұлдызына айналды. Тэйлор белді нұсқалардың алтын белбеулерін иеленумен қатар, орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атанды.

Финалдық сайыста Ыбы­ра­йы­мовтың жолы Мариан Сим­ионмен қиысты. Жалындап тұрған 25 жастағы Румыния бокс­­шысы ол кездері нағыз бабында еді. 1996 жылы Симион Атланта Олимпиадасында қола медальды иеленсе, 1997 жылғы дүниежүзілік додада да дәл сол межеге жетті. Еуропа біріншілігінде екі рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. 1999 жылы Хьюстонда әлем чемпионы атанды. Қос қыранның жекпе-жегінде кімнің ұтып, кімнің ұтылатыны соңғы секундтарға дейін белгісіз болды. «Жан алысып, жан беріскен» айқас 25:23 есебімен Ермаханның пайдасына шешілді. Осылайша қандасымыз Олимпиада чемпио­ны атанды!

Жасыл құрлықтан оралған бетте еліміздің спорттық делега­циясымен бірге Ермахан да Мем­лекет басшысының қабыл­дауында болды. Елбасы сертінде тұрған саңлақты құшағына қысып, І дәрежелі «Барыс» орденін кеу­десіне тақты. Кейіпкеріміз көп ұзамай былғары қолғабын шегеге ілді. Десек те ол үлкен спорт­­тан еш алыстаған жоқ. 2002-2004 жылдары Қазақстанның ұлт­тық құрамасының бас бап­кері болған Ермахан Сағиұлы Ыбы­райымов бұл күндері Алматы қала­сында орналасқан Бокстан республикалық олимпиадалық даярлау орталығының директоры қызметін абыройлы атқаруда.