• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 15 Қыркүйек, 2020

Адамға ақыл қайдан келген?

1673 рет
көрсетілді

«Адам деген бір жалаңаш нәрсе. Мінез, ақыл, сөз оның киімі есепті. Осылар көркем болса, жұрт көзіне көрікті, сүйкімді көрінеді» деген екен Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Данышпан Лев Толстой «ақылыңа азықты көп беруге тырыс» десе, Федор Достоевский «адам бойындағы бағалауға лайық қасиет – ақыл емес. Қайта сол ақылды басқаратын қасиеттер: мінез, жүрек, мейірімділік, таза ой» депті.

Адамға ақыл қайдан келген? Мұның жалпыға ортақ жауабы түсінікті. Он екі мың ғаламды жаратқан Алла тағала адамды ерекше сүйіспеншілікпен ақылды, есті етіп, санасына сәуле құйды. Ақыл адамға нұрдан келеді деп айтуымыздың бір себебі осыдан болса керек.

Бүгінде адамзат білім мен ғылым ар­қылы ақылын көбейтіп, неше түрлі өнерді меңгеріп отыр. Дүниенің сырларын таныған үстіне тани түсуде. Алайда қаншама көп білем десе де, ол өз болмысын әлі толық тани алмай келеді. Кейде тіпті неше түрлі ақы­мақшылықтарға, ақылсыздықтарға бара­тындығын да көріп отырмыз. Демек, ақыл­ды адам баласының өзіне бірдеңе жетіспейді. Абай атамыздың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек. Жеке-жеке біреуі жарытпайды, Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек» деуінің бір себебі осыдан болса керек.

Қателессек, Құдай кешірсін, біздің қазақ халқы о баста ақылдың біраз бөлігін өзін қоршаған табиғаттан алғандай көрінеді.

Алты-жеті жасар бала кезімде екінші саусағымның бүгілер тұсына екі үлкен қара сүйел шықты. Оны көрген әжем жаңа ай туған кезде ме, жоқ әлде ескі ай әбден толған кезде ме, табалдырыққа тұрғызып қойып, «Ай-ау Ай, менің мына әй-әйімді ал» деп үш қайтара айтқызып, ұшықтады. Көп өтпей жаңағы екі сүйел жоқ болып кетті. Әжем молданың қызы еді. Бес уақыт намазын қаза қылған емес. Сөйте тұра сол кезде оның маған ем қолданғанда біздің тәңірлік танымымыздан келе жатқан ырымға жүгінгендігін енді шамалаймын.

Біздің тәңіршілдігіміздің ерте ғасырларда халқымыздың қоршаған табиғи ортамен қарым-қатынасын айқындаған, табиғаты мен ауа райы әркелкі байтақ өлкеде өмір сүруіміздің әдіс-тәсілдерін меңгерткен, сөйтіп әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді қалыптастырған аса ықпалды рухани күш болғаны анық. Негізінде салт-дәстүр деге­німіз халық болмысында ғасырлар бойы қалып­тасқан ақыл мен өмір сүру тәсілдерінің өзгермес жиынтығы секілді дүние. Көп адам өз білмегенін содан үйренеді және сол арқылы аға ұрпақтың қол жеткізген жетістіктері мен даналығын келесі ұрпақтарға беріп отырды. Біздің қазақ о баста біраз ақылды табиғаттан алған секілді деп шамалауымыздың бір себебі де осыдан.

Қоғам дамыған сайын адамда ақылдың пайда болуы туралы әртүрлі болжамдар айтылуда. Қазір мидың қай бөлігі қандай қызмет ететіндігі ғылымға анық. Бірақ ой мен қиялдың қалайша пайда болатындығы зерделей түсуді қажет ететіндей. Дегенмен ақылдың одан әрі дамуына жаңа жол ашылған секілді.

Әлемде үлкен сұранысқа ие болып отырған «Sapiens. Адамзаттың қысқаша тарихы», «Homo Deus. Болашақтың қысқаша тарихы» атты бестселлер кітаптардың авторы Юваль Ной Хараридің жазуынша, осыдан жетпіс мың жыл бұрынға когнитивтік революция (әртүрлі қызметтер әрекеттестігінен туған сана төңкерісі) ми қызметінің жаңа қырларын іске қосу арқылы сол тұста басқа жануарлардан көп айырмашылығы жоқ африкалық приматтардың бірте-бірте әлем қожайынына айналуына жол ашты. Қазіргі ғылымның анықтауынша, бұл ғажайып революция адам ДНК-сында пайда болған қос өзгерістің миды сәл-пәл қозғауынан бастау алған. Егер осы болжам рас болса, бүгінгі технологиялық жетістіктер мен жаңалықтар біздің генімізге қосымшалар енгізу арқылы ми қызметіне өзгерістер туындатып, осылайша екінші когнитивтік революцияны тұтандыруы әбден мүмкін. Оның біріншісі арқылы Homo Sapiens интерсубъективтік кеңістікке жол ашып, планетаның қожайынына айналса, екіншісі арқылы Homo Deus жаңа кеңістіктерге сапар шеге отырып, галактикалар билеушісіне айналуы ғажап емес.

Кезінде Гитлердің селекциялар мен этни­калық тазалау арқылы қазіргі адамдардан әлдеқайда қабілетті жаңа адамдар тұқымын шығаруды жоспарлағаны белгілі. Ал ХХІ ғасырдың технологиялық гуманизмі мұндай мақсатқа гендік инженерия, нанотехнологиялар және нейрокомпьютерлік интерфейс­тер көмегімен неғұрлым бейбіт түрде қол жеткізуге болады деп есептейді.