• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 15 Қыркүйек, 2020

Үйеңкі діңіне өскен саңырауқұлақ

534 рет
көрсетілді

Бір нәрсенің аяқастынан күрт көбейіп кеткеніне теңеу іздегенде «жаңбырдан кейінгі қаптап өскен саңырауқұлақтай» деп жазып жататын кездеріміз бар. Шынтуайтына келгенде дұрысы да осы екені анық. Өйткені жаңбыр қатарынан екі-үш күн үзбей жауғаннан кейін дымқылы мол далалық және жартылай орманды алқаптарда оның қас пен көздің арасына өсіп шыға келетініне талай мәрте куә болғанбыз.

Ал енді өсімдіктер дүниесінің бір түрі санатындағы осы саңы­рау­құлақтың кәдімгі үйеңкі-теректің діңіне өскенін көріп пе едіңіз? Бұл табиғаттағы өте сирек кезде­сетін құбылыстардың бірі болса керек. Біз таяу­да осындай бір көрініске куә болып, таң-тамаша қалға­­нымыз бар. Облыстық газетте қызмет жасайтын әріптесіміздің Шаған өзеніне таяу орналасқан үйінің ауласында кәрі үйеңкі ағашының бар екенін байқағанбыз. Оның ерекше бір жуан бұтасы жирафтың мойны секілді көкке бой созып, ұзарып, созылып өскенін де аңғарғанбыз. Мына сорайған бұта қайда ке­тіп барады, әлде өзі бір автономия құрғысы келе ме екен деп оғаштау көрінетін өскінді сөзбен бір түйреп таста­ғанбыз.

Таяуда осы үйеңкі ағашының діңінде пайда болған үлкенді-кішілі саңырауқұлақтарды көріп оған тағы да таңғалдық. Артық-кемі жоқ түрі де, түсі де және былқ-былқ еткен жұмсақтығы да кәдімгі саңырауқұлақ. Иісі де дәл сондай. – Соңғы үш жылдан бері осылай өсіп келеді. Бір жақсысы оған үлкен де, кіші де тиіскен емес. Бәрі де тамашалап қызық көріп қарап өтеді. Табиғаттың біз білмейтін тосын құбылысы көп қой. Бұл да соның бірі деп ойлаймын, – дейді әріптесіміз облыстық «Орал өңірі» газеті редакторының орынбасары Сырымбек Тұяқов.

 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»

 

ОРАЛ