• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 16 Қыркүйек, 2020

Суретші қыздың сырлы әлемі

1016 рет
көрсетілді

Қай бір жылдары Шыбындыкөлдің жағасында еліміздің ең шебер суретшілері этюд жазған. Табиғаттың сан түрлі реңін кенепке түсірген қылқалам шеберлері жас суретшілерге де бағыт-бағдар берген болатын. Сондағы жастардың ішінен «білсем, үйренсем» деп ұмтылып тұрғандардың бірі – Ольга Чавкина еді. Білімі еш кетпеді. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды.

 

Өскемендік қыз өнер жолын­да аз тер төгіп жүрген жоқ. Ба­ла жасынан алдына мақсат қойды. Арманына жету жолын­да табанды еңбек етті, ізденді, оқыды. Белгілі суретші Николай Аш­те­маның студиясында өнер­дің қасиетін, бояудың сырын се­зініп барып колледжге оқу­ға тү­сті. Құмаш Нұр­ғалиев атын­да­ғы білім ордасында білікті ұс­таздардан тәлім алды.

– Ес білгелі суретші болуды армандадым. Өз студиям бол­­са дейтінмін. Теледидардан үл­кен суретшілерді көрсетіп жат­қанда көз алмай қарап отыратынмын. Қыш құмырада тұрған қылқаламдарына, керілген ке­­нептеріне қызығатынмын. Жал­пы шеберханаларының атмосферасын сезінгім келетін. Жа­қын­дарыма, ұстаздарыма ал­ғы­сым шексіз. Солардың қол­дау­ларының арқасында арманыма жеттім, дейді Ольга Чавкина.

Арманынан адаспаған суретші қыз оқу қабырғасында жүргенде Өскеменнің саябақтарында этюд жазып, шеберлігін шыңдайтын. Шындығында шеберлігін шың­дайын деп емес, майлы бояумен картина жазуды жаны қалаған соң қылқаламын қолға алатын. Сүйрік саусақтарымен туған қа­ла­сының көрікті көшелерін кенепке түсіретін. Картиналары қа­нық шыққан сайын шабыттана жазатын.

Бір ақиқаты, Ольга о бас­та өнер арқылы табыс табуды көздемеген. Өнердің қадірін, қа­сиетін қашырғысы келмесе керек, сату үшін жарқыраған сурет салған жоқ. Кейін ғана сти­­лі қалыптасып, тәжірибесі то­лысқан соң тапсырыспен портрет, пейзаж сала бастаған. Тап­сырыстың өзін тақырыбына, маңызына қарай қабылдайды. Сәтті шыққан авторлық тақырып­тық жұмыстарын алыс-жақыннан келген шетелдік коллекционерлер құда түсіп, құн төлеп сатып та алған.

Жалынды жасқа елдегі бағ­дарламалардың да зор пайдасы тиді. 2018 жылы әлеуметтік «Zhas Project» жобасында мем­лекеттік грант ұтып алып, шы­ғар­машылығын жаңа белеске көтерді. Аталмыш жоба аясында көпбалалы және әлеуметтік әл-ауқаты төмен отбасылардың балаларын жинап, бейнелеу өнерінен тегін үйірме өткізе бас­тады. Бір шаңырақ астына қылқалам ұстаған Өскеменнің өнерлі жастарын ұйыс­тырды. Осылайша облыс ор­талығында «Perfomance» арт-сту­диясын құрып, есігін айқара ашты.

Бастары өнерде тоғысқан жас ұжым волонтерлік жұмыс­тардан да шет қалып келе жатқан жоқ. Суретшілік, дизайнерлік маман­дықты таңдаған түлек­тер­ге шеберлік сабақтарын өт­кізеді. Ольга Ержанқызы Өскемен қалалық жастар мәсли­хатының депутаты болған соң мүмкіндігінше шаһардағы қо­ғам­дық жұмыстарға да араласып тұрады. Әсіресе жастар мәсе­лесіне келгенде өзінің ұстанымы, ой-пікірі бар.

– Менің ойымша таланттар тасада қалмауы тиіс. Жұмыстарын көрсетуіміз керек. Осы уақытқа дейін жас суретшілердің туын­дыларынан бірнеше көрме ұйым­д­астырдық. Көпшілікке ұнады. Әсіресе «My Self» жобасы ая­сын­дағы көрме қалалықтарды қызықтырды, – дейді «100 есім» жобасының жеңімпазы.

Сонымен қатар арт-студия шеберлерінің көрмесі былтыр Семейдегі Невзоровтар отба­сы­ның музейінде «Рухты Шы­ғыс» арт-фестивалі аясында өтті. Қандай көрме болсын, Оль­га Чавкина портреттермен қатар табиғатта жазған полот­нола­рын ұсынады. Өйткені та­биғатта жазылған кенептен шы­ғар­машылықтың иісі аңқып, дала сарыны сезіліп тұрады дейді. Сондықтан да Ольга ара-тұра Шы­ғыс­тың көрікті жер­лерін аралайды. Табиғат аясына этюднигін құрып қойып, ай­на­ласынан кенепке түсіретін түстердің үйлесімін іздейді. Осын­­дайда суретші жаны таби­ғатпен үндесіп, шынайы туынды дүниеге келеді. Мәселен, өт­кен жылдары Мұзтаудың ете­гіне арнайы барып, Көккөлді кенепке түсірген. Бас салып түсіре салған жоқ, алдымен кө­ру нүктесін із­деген. Әр тұстан қағазға ноба­йын сызып көрген. Әбден үйле­сім тапқан соң барып майлы бояу­мен жазған. Кейін ол шығармасы өнертанушылардың, кәсіби су­ретшілердің жоғары бағасына ие болды. «Алтай – Қазақстанның інжу-маржаны» атты халықаралық пленэрге ең жас суретші ретінде қатысып, сәт­ті-сәтті полотнолар жазғаны тағы бар.

Ольга Ержанқызы пейзаждың ғана емес, портрет салудың да шебері. Кімнің портретін салса да жан-дүниесіне терең үңі­ліп барып қолына қарындаш ала­ды. Шынайылыққа жақын қыз портретті де натурадан қарап са­луды жөн деп санайды. Яғни кейіпкері қарама-қарсы отыр­ғанда ғана мінез-құлқы, бар болмысы портретте толық ашылатын көрінеді.

Суретші қыздың айтуынша, шеберхана қабырғасынан шықпай картина жазу мүмкін емес. Сту­дияда шебердің па­литрасы жаттанды, бірізді болып кетеді. Ал Ольга шетелдер­ге де барып тұратын. Биыл ғана елдегі жағ­дайға байланысты шеберхана шаңырағынан көп шықпады. Оның өзінде онлайн түрде еліміздің, шетелдің танымал суретшілерімен тә­жірибе алмасып отырды. Оқу­шыларға онлайн түрде үйірме өткізді.

– Қазір көрме ұйымдастыруға шектеу қойылғанымен, онлайн форматта шеберлік сабақтары жүреді. Суретшілікке қызығып, ниет білдіріп жатқан оқушылар көп. Сурет өнері – баладан міндетті түрде суретші шығару үшін емес, ой-өрісін дамытып, қиялын ұштауға пайдасы мол. Бәлкім ертең ол бала инженер, сәулетші, дизайнер болып елі­міздің гүлденуіне үлес қосар, – дейді суретші қыз.

Рас, бейнелеу өнері – сонау заманнан өз құндылығын, қоғамға қажеттілігін жоғалтпай келе жатқан өнер. Ал шығарма­шылыққа шын берілген Ольгадай жастар барда бейнелеу өнері қа­натын кеңге жайып, жас та­лант­тардың талабын ұштай береді.

 

ӨСКЕМЕН