• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 18 Қыркүйек, 2020

Үш буынды модель: полиция, прокуратура және сот

1934 рет
көрсетілді

Жасыратын несі бар, бәріміз де әділетті мемлекетте өмір сүргіміз келеді. Заңда – үстемдік, сотта әділ төрелік болғанын қалаймыз. Орынсыз айыптау мен негізсіз жауапқа тарту үрдісі айылын жиса дейміз ғой, баяғы. Ол күнге де жетерміз. Адам заңға емес, заң адамға қызмет ететін күн қайтсе де орнайды. Алайда азаматтардың мүддесіне қызмет ететін мемлекетті бір күнде құра алмасымыз анық. Ол үшін ең алдымен құқық қорғау және сот жүйелеріне ауқымды реформа қажет.

Осы мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: іс-қи­мыл кезеңі» атты Қазақстан хал­қы­на Жолдауында да көтерді. «Заң үстемдігі орнықпаса жəне аза­маттардың қауіпсіздігіне ке­піл­дік берілмесе, əлеуметтік-эко­но­микалық дамудың бірде-бір мін­де­ті табысты жүзеге асырылмайды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мəнісінде, «Əділетті мемлекет» құру тұ­жы­рымдамасы. Азаматтардың мəсе­лелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұ­­рыс жəне əділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қыз­мет ететін мемлекеттің жаңа стан­­дарттарын əзірлеу үшін көп жұ­мыс атқаруымыз керек», деді Қ.Тоқаев. Мемлекет басшысының айтуын­ша, құқық қорғау жəне сот жүйе­ле­ріне негізгі рөл жүктеледі. Яғни Жолдаудың басты мәні модерниза­ция, соның ішінде құқық қо­р­ғау саласын жаңғырту деп айтуға бола­ды. Бұл қадам еліміздің заң­нама, құқық салаларында жасалып жат­қан өзгерістердің логи­ка­лық жал­ға­сы саналады.

Бүгінде Қазақстан халықаралық қылмыстық әділеттілік индексі бойынша 58-орынға тұрақтап тұр. Алайда құқық қорғау орган­да­рының жұмысында айыптау үрдісі әлі де басым. Яғни сот ісін жүргізудің тиімді моделінсіз қыл­­мыс мәселесіне қатысты сапа­лы саясат ұстану мүмкін емес. Сондықтан азаматтардың өмі­рін, құқығы мен бостандығын қор­ғауға бағытталған күрделі функ­­ционалдық өзгерістер қажет. Тәуел­­сіздік жылдары елімізде осы сала­­ның жұмысын түрлендіруге қа­тысты халықаралық тәжірибеде қол­данылатын бірқатар жекелеген өзгерістер енгізілді. Солай бола тұра, қылмыстық іс жүргізуімізде Кеңес өкіметінің құқық жүйесінен қалған сарқыншақ әлі де бар. Мемлекет басшысы атап өткен­дей, құқық қорғау жүйесінің жұ­мы­сында бұрынғы дағды бойынша айыптауға бейімділік басымдау болып тұр.

Қоғамдық пікір де осы ойды ұштайды. Азаматтар көп жағдайда қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тартылады. Тиісінше, құ­қықтары да бұзылады. Сон­дық­тан қозғалған істің көбісі сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде азаматтарды ақтау негіз­дері бойынша тоқтатылып келе­ді. «Себебі қылмысты ашумен айналысатын және іс бойынша негізгі шешімдер қабылдайтын қыз­меткерлер бір органда орна­лас­қан. Президенттің айтуынша, істің тоқтатылуына екінші себеп, прокурорлық қадағалау сала­сы­ның заңнамалық әлсіздігі», деп отыр Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы еуропалық мемлекеттердің үлгісі бойынша үш буынды жүйені енгізуге көшуді бастауды тапсырды. Президент Әкімшілігі жанынан арнайы комиссия құрылды. Үш буынды модельде полиция, прокурор және сот өкілеттіктері нақты бөлінген. Біріншісі – қыл­мыс­тарды анықтаумен, ашумен және дәлелдер жинаумен айна­лы­сады. Қудалау органдары қыл­мыс пен кінәні дәлелдегеннен кейін істі прокурорға жібереді. Ол өз кезегінде, объективті түрде қарайды, дәлелдемелер базасын, баптың дұрыс қолданылғанын тексереді. Түпкілікті үкімді сот шы­ғарады. Бұл азаматтардың құқық­та­рын сақтаудың өзіндік фильтрі және кепілдіктері. Мемлекет басшысының тапсырмасымен келесі жылы 1 қаңтардан бас­тап біз осы үлгіге көшуіміз керек. Бұл басты процессуалдық ше­шім­дерді, қыл­мысты анықтау мен оны тер­геу­­­ден тәуелсіз орган қабыл­дай­тын формат», дейді М.Ахмет­жанов.

Оның айтуынша, үш буынды модельге көшу мүмкіндігі сонау 2014 жылы қарастырылыпты. Алайда бұл бастама тек ұсыныс сатысында қалып қойған көрінеді. Бәлкім, осыдан алты жыл бұрын мұндай қадамға барудың реті де, уақыты да келмеген болар. Ендігі күні Жолдауды тиімді жүзеге асыру жұмысы жүйелі қолға алын­ған­ға ұқсайды. Мәселен, жуырда Бас прокурор Ғизат Нұр­дәу­летов Павлодар облысына барып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру саты­сын­да­ғы негізгі ше­шім­дер­ді келісу бойынша қанат­қақты жобаның іске асырылу барысымен танысты.

Бұл жоба Президенттің Жол­дауын­да айтылған аза­мат­тардың конституциялық құқықтарына әсер ететін шешімдерді 2021 жылдан бастап прокурорлармен келісу туралы тапсырманы орындау аясында енгізілуде. Қанатқақты бастама барысында келісу электронды форматта жүргізіледі. Бұл қадам өз кезегінде құқық бұ­зу­­­­шылықтардың дереу жолын кесу­­ді қамтамасыз етіп, жазықсыз азаматтарды қылмыстық процесс шеңберіне тартуға жол бермейді. Қазіргі уақытта мұндай меха­ни­зм Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында сынақтан өткізілуде. Осы жылдың 1 қаза­ны­нан бастап оған еліміздің барлық өңірлері қосылады. Осыған байланысты аумақтық прокуратуралар басшыларына заңдылықты бұзудың жолын кесу және кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту жөнінде толық шаралар қабылдау туралы міндет қойылды.

Иә, 1 қазаннан бастап елі­міз­де сотқа дейінгі тергеумен ай­на­лысатын барлық құқық қорғау органдары азаматтардың конституциялық құқықтарын қозғайтын істер бойынша негізгі іс жүргізу шешімдерін шығарудың электрондық форматына көшеді. Кез келген процессуалдық шешім шығарылғаннан кейін сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне түсіп, қадағалаушы прокурорға да, қылмыстық процестің басқа қатысушыларына да көрінетін болады. Бұл қадам прокурорларға қабыл­данған шешімдердің заң­ды­­лығын уақтылы бақылауға мүм­­­кіндік береді. Сондай-ақ осы электрондық форматта бұзу­шы­лық анықталған жағдайда олар шешімнің күшін жоя алады.

«Біздің міндетіміз – азаматтарды қылмыстық процесс орбитасына тартуды азайту. Президент атап өткендей, елімізде кешеуілдеп қадағалау үрдісі әлі бар. Себебі қылмыстық істердің басым көп­ші­лігі қағаз жүзінде жүргізіледі. Іс қағаз жүзінде жүргізілгендіктен құжатты қолдан жасауға, өзгертуге болады. Сондықтан қылмыстық процесті цифрландыру жұмысы – азаматтардың құқығын қорғау кезінде тиімді құралы болуға тиіс. Өздеріңіз білетіндей, 2018 жылдан бастап Бас прокуратура электрондық қылмыстық істі енгізуде. Қазірдің өзінде істердің 37%-ы цифрлық түрде тергеледі. Электрондық жүйеде манипуляция жасау және бұрмалау мүмкін емес», деп отыр М.Ахметжанов.

Оның айтуынша, электрондық материалдарды адвокаттар да қол­да­на алады. Жүйе полиция бас­шы­лығы мен қадағалаушы про­ку­рорға істің тергеу барысын онлайн режімде бақылауға мүмкіндік береді. Жолдауда көрсетілген мін­дет­терді орындау үшін 1 қазан­нан бас­тап республикадағы барлық сот­қа дейінгі тергеу органдары осын­дай режімге көшірілмек.

Жыл санап еліміздегі қыл­мыс­тық құқық бұзушылықтардың саны айтарлықтай азайып келеді. Өткен 8 айда тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтардың саны былтырмен салыстырғанда 35%-ға аз. Оған ең алдымен Мем­ле­кет басшысының өткен жыл­ғы тап­сырмалары негізінде заң­ның қа­таңдағаны себеп бол­ған сы­ңай­лы. Мәселен, мас күйін­де көлік жүргізгені үшін жауап­кер­шілікті қатаңдату шаралары арқылы мұн­дай бұзушылыққа баратын адам­дардың саны 30%-ға (17413-тен 12311-ге дейін) төмендеп отыр. Сонымен қатар жол апаты оқи­ға­лары 26%-ға (7 093-тен 5 260-қа дейін), соның ішінде өліммен аяқ­талған жағдайлар 16%-ға (850-ден 712-ге дейін) азайды. Яғни елімізде заң үстемдігі орнап келеді деуге болады. Адамдар бірте-бірте құқық бұзуға құлықсыздық танытып келеді. Ол да қуантарлық жағдай. Бұл ретте Мемлекет бас­шы­сының биылғы Жолдауда бел­гі­леп берген бастамалары да өз жемісін береді деп сенеміз.

 

P.S. Ең бастысы, отандастарымыз заң қатаңдайды, түрлі реформа жүргізіледі деп емес, осы қабылданған заңдар мен жүргізілген реформалардың жеме-жемге келгенде орындалу-орындалмауын ойлап алаңдайды. Қалтасы қалың қылмыскерлер құтылып, жазығы жоқ жарлы-жақыбайлар тұтылып қалмаса дейді. Педофилдер мен зорлық-зомбылық көрсетушілерді халықтық жазалауға беруді талап ететіні де – осыдан. Сондықтан қазақстандықтар Президент ұсынған үш буынды модельден үлкен үміт күтіп отыр.