• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Таным 21 Қыркүйек, 2020

Түркиядағы Фарабилер

1113 рет
көрсетілді

Түркиядағы түрлі қорларда сақ­таулы қазақ даласы перзент­терінің жазба дүние­лерін мерзіміне қарай сөз етер болсақ, әуелі, әрине, Оты­рар ұландары бірінші орында тұ­рады. Фарабтықтардың түрлі тақырыптарды сөз ететін араб, түрік, парсы, ағылшын тілдеріндегі еңбектері өз алдына бір төбе. Со­лардың ішінде энциклопедист-ға­лым Әбу Насыр әл-Фараби бас­таған отырарлық ойпаздардың орны бөлек.

Әбу Насыр әл-Фараби (87–950)

Түркия кітапханаларында Әбу Насыр әл-Фарабидің негізінен философия, логика, психология, филология, музыка, географияға және т.б. қа­тысты еңбектерінің қолжазбалары сақ­талған. Түрік ғалымдарының ХХ ғасырдың 50-жылдарынан бері  Отырар перзенті еңбектерін жиірек зерделеп, түрік тіліне де аударғаны байқалады. Солардың ішінде Әбу Насырдың «Китабу-л хуруф» («Әріптер жайлы кітап»), «Китабу-т тахлил» («Талдау кітабы») «Китабу-л ибда» («Жаратылған [жайлы] кітап»),  «Китабу-л қийас» («Силлогизм кітабы»), «Рисала танбиһ ала сабил-с сағада»  («Бақыт жолын сілтеу жайлы трактат»), «Мантиқ инда әл-Фараби»  («Әл-Фарабидің логикалық [еңбектері]»), «Рисала фи-л ақл» («Ақыл жайлы трактат»), «Фусулу-л мадани»  («Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері»), «Китаб ара аһл әл-ма­динату-л фадила»  («Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы кітап») атты еңбектері жиірек ұшырасады. Сондай-ақ оның «Ихса әл-улум»  («Ғылымдарды жіктеу»), «Ас-Сийасату-л маданийа»  («Азаматтық саясат») секілді шығармаларын да кездестіреміз.

Түркияда Әбу Насырдың Бейрутте, Каирде, Теһранда, Хайдарабадта (Үндіс­тан), Оксфордта араб, ағылшын, неміс тілдерінде басылған еңбектері де бар. Француз, ағылшын, неміс, парсы оқымыстыларын түрік ғалым­дары сияқты Отырар ғалымының фи­лосо­фиялық, логикалық, музыкалық шығар­малары көбірек қызықтырған.

Түркияның қолжазбалар қорында Әбу Насыр әл-Фарабидің Иранның түрлі кітапханалары мен қолжазба қорларында кездесетін  біраз дүниелері де бар. Олардың бірнешеуін өткен ғасырдың 90-жылдары, сол кездегі Ирандағы елші­міз Мырзатай Жолдасбеков Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетіне сыйлағаны есімізде.

Түркия қолжазба қорларында Әбу На­сыр әл-Фарабидің бізге бұрын-соңды бел­гісіз болып келген «Тарих бойынша йаһу­­­ди мәселелері» атты шығармасы да ұшы­расты.

«Ақыл (парасат) жайлы» атты 1971 жы­лы Бейрутта шыққан трактаты «Түрік тарихы ұйымы» кітапханасында, сондай-ақ оның «Риторика» жайлы еңбектері туралы француз тілінде жазылған зерттеу (1971) және «Китабу-л хуруф» («Әріп­тер жайлы кітап») атты еңбегі туралы Маһди Мухсинның Бейрутта 1970 жылы шық­қан монографиясын осы қордан көрдік.

Отырар ұланының Оксфордта 1895 жы­лы шыққан 85 беттік тағы бір еңбегі және «Фарабидің үш еңбегі» атты түрік тілін­дегі шығармасы, «Фусулу-л мада­ни» («Мемлекет қайраткерінің на­қыл сөз­дері жайлы»), «Китаб мусик ал-­ка­бир»­ («Музыка жайлы үлкен кі­тап»), 1961­ жылы Бейрутте басылған «Фалсафа ал-Фараби»  («Әл-Фарабидің философия­сы») атты ағылшын, «Китаб мусик ал-кабир»  («Әл-Фарабидің музыкасы») атты француз тілінде 1930-1932 жыл­дары Парижде шыққан трактат, «Мадинату-л фадыла» («Қайырымды қа­ла») Стамбұлда 1956 жылы түрік тілін­де шыққан кітаптар да осы қорда.

Ұлы бабаның «Мадинату-л фадыла»  («Қайырымды қала») атты трактаты да түрік тіліне аударылыпты. Оның Анкара уни­верситетінде бірталай көшірмелері тұр. Бұған қарап Әбу Насыр әл-Фараби мұ­расын жинау мен зерттеуде түрік бауырларымыздың бізден біраз ілгері кеткенін байқамау мүмкін емес.

Әбу Насыр әл-Фарабидің дүние жү­зіне шашырап кеткен туындылары қазір де ғалымдар назарынан тыс қалған емес. Бұл ретте түрік ғалымы аталмыш Ах­мет Әтештің еңбегі ересен. Ол Әбу Насыр шығармаларының библиографиясын жасап, Стамбұлда 1951 жылы жарияласа, ал 1973 жылы Исмет Бинарк пен Неджат Сефержиоглу Анкарада «Фараби библиографиясының»  біршама толық басылымымен таныстырды.

АҚШ-тың Питсбург университетінің профессоры Николас Решер де бұл іс­ке өз үлесін қосқан. Оның 1962 жы­­лы жарық көрген «әл-Фарабидің анно­тацияланған библиографиясында» Отырар перзентінің 100-ден астам ең­бегі, аудармалары аталады. Осы ретте қазақстандық белгілі психолог-ға­лым, педагогика ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің профессоры  Құбығұл Жарықбаевтың да еңбегін атап кетуге тиіспіз. Ол да Әбу Насыр шығар­ма­ла­рының библиографиясын көз майын тауысып жасағаны есімізде.

Бірақ Әбу Насырдың өмірі мен шы­ғар­маларына арналған әлемдік дең­гей­дегі бірізді, біртұтас, толыққанды биб­лио­графия әлі еш жерде, ешқандай елде жасалған емес.

Біздің соңғы жылдардағы ізденіс­теріміз бен зерттеулеріміз Отырардан шыққан дара тұлғалардың көп екенін көрсетіп отыр. Осы күнге дейін олардың 30-ға жуығы табылды. Солардың Түр­киядан табылғандарын мерзімдік тәр­тіп­пен қарасақ, атақты Әбу Насыр әл-Фарабиден кейінгі екіншісі Әбу Ибра­һим Исқақ бин Ибраһим әл-Фараби (т.ж.б.–961). Отырарлық бұл ғалымның да өмірі мен шығармашылығы туралы өткен ғасырдың 80-жылдары жаз­ғанмын. Ол Әбу Насыр әл-Фарабимен замандас секілді. Алғашқы білімді туған елінде алған соң, арман қуып Дамаск пен Бағдадқа аттанған. Сөйткен, Әбу Ибраһим Исхақ араб тіл білімі мәсе­ле­ле­рімен айналысып, еңбек жазған. Оның ХХ ғасырдың 70-жылдары Каирде шыққан шығармасы «Диуан әл-адаб фи-л луға» («Тіл жайлы адаб жинағы») деп ата­лады.

«Диуан» – араб тілінің қыр-сырын баян­дайтын өте күрделі де құнды  шы­ғарма. Осы дүниені өзіне үлгі ете отырып,­ Махмұт әл-Қашғари «Диуан лұғат ат-түркті» жазған деген мәлімет бар.

«Диуанды» Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары египеттік доктор Ахмад Мұхтар Умар мен Ибраһим Анис ат­ты ға­лымдар Александрия (Еги­пет) кітап­ханасы қолжазба қорынан кез­дейсоқ тауып, зерттеп, кейінірек 4 том етіп (1974–1979, 1984) шығарған, оған Сауд Арабия королі марқұм Фаһд бин Абд әл-Азиз ал­ғы сөз жазған.

Түркияның Стамбұл университеті, Сүлеймания кітапханаларында «Диуан­ның» жарияланбаған  қолжазбалары да  бар. Сондай-ақ бұл ел кітапханаларында «Диуан­ның» аталмыш басылымдары да кездесті.

Біз Әбу Ибраһимнің біздің заманы­мызға аталмыш жалғыз-ақ еңбегі жеткен деп есептейтінбіз. Сөйтсек, оның күні бүгінге дейін бізге белгісіз болып келген «Ар-Рихлату-л Хиджазийа»  («Хиджаз сапары») атты шығармасы да бар екен. Ол қолжазба күйінде сақталған, көлемі – 395 бет. Харран университеті илаһийат факультетінде тұр. Бұл дүние ғалымның Мекке, Мединеге барған сапарының жай-жапсарын баяндаса керек деп ойлаймыз. Сондай-ақ ұлы данышпанның:

– «Рисалату-л зайтунийа»  («Зайтун трак­таты»). Қолжазба. Баязит кітапха­насы.

– «Диуан әл-адаб» («Адаб жинағы»). Қолжазба. Баязит, Сүлеймания кітап­хана­лары [секілді еңбектері бар].

Әбу Насыр Исмаил бин Хаммад әл-Жауһари әл-Фараби (т.ж.б. – 1002)

Араб тілінің көрнекті өкілі саналатын бұл жерлесіміз де Отырарда Х ға­сыр­дың­ шамамен екінші жартысында туған. Ал­ғашқы білімді де отанында алған. Сосын нағашысы Әбу Ибраһим Исхақ­тың шақыруымен Бағдад пен Дамаскіге аттанған.

Оның да еңбектері араб тілі мәселе­леріне арналған. Әбу Насырдың Исмаил­дың  негізгі еңбегі  «Тадж  әл-луға уа сихах әл-арабийа» («Тіл тәжі және дұрыс (нағыз, шынайы, ақиқат) араб тілі»)  деп аталады. Отырарлық бұл ғалымның да негізінен араб тілінің лексикографиясын зерттеумен аты шыққан. Еңбектің Түркия кітапханалары мен қолжазба қор­ларындағы нұсқалары түрліше аталады.

Швейцария шығыстанушысы Адам Мец (1869–1917) Отырардың бұл пер­зенті туралы: «Лексикограф әл-Жау­һаридің (300/1000 қ.б.) еңбегі [«ас-Сихахы»] басын айналдырды. Сөз­дігінің «дад» әрпіне жеткен кезде ол Ниша­пур­дағы [Ирандағы] ескі мешітке барды да, төбесіне шығып: «Ей, адамдар. Мен өз өмі­рімде бірде-бір адам жасай ал­маған істі атқардым. Енді о дүниеде де бірде-бір кісі жасай алмайтын істі істегім келеді», деді де, қолын жіппен және жіпті  есіктің жақ­тауына байлады. Сөйтті де, мешіттің ең биік жеріне көтерілді. Ол ұшқысы кел­ді. Бірақ жерге құлап, жан тапсырды», – деп жазады.

Бұл мәліметті ол Йақұт әл-Хамауи ар-Румидің (1179–1229) «Иршадынан» [Йақұт әл-Хамауи ар-Руми. Мұғжам әл-удаба. Бейрут (жылы көрсетілмеген). 20 том; 6-том 157-бет] алған.

Түркияның Баязит, Сүлеймания, Мармара, Селжұқ, Эрзурум университет­тері мен Түркия Діни істері басқармасы кітапханасында «Тіл тәжінің» бірнеше басылымдарымен қатар, қолжазбалары да бар.  Сондай-ақ Түркияда оның:

– «Китаб аруду-л уарақа»  («Өлең өлшемі»). Эрзурум, 1994 (Дайындап бастырған доктор М.Сади Шөгенлі);

– «Китабу-л қауафи»  («Ұйқас жайлы кітап») (Қолжазба. Атиф Эфенди кітап­ханасы) секілді өлең өлшемдерінің теориясына арналған шығармалары да бар.

Ғалымның Түркия кітапханала­рын­дағы басты еңбегі жоғарыда айтыл­ғандай бірде «Сихах фи-л луға», «Сихах», кейбір нұсқалары «ас-Сихах тадж әл луға уа ас-сихах әл-арабийа» деп ата­латынын байқаймыз. Бұл еңбекті ХІV ғасырда жетісулық кемеңгер ойшыл Әбу-л Фазл ибн Мұхаммед Жамал Қарши (1230–1315) парсы тіліне аударған. Оны мен өт­кен ғасырдың 80-жылдары Дағыстан кітап­ханаларындағы қолжазбалар қоры­нан көрдім.

2000 жылы оның 700 беттік нұсқасын Каирдегі «Дар әл-кутуб әл-Мысриийадан» таптым. Қазір ол менің жеке қорымда.

«Сихах» 1729 жылы араб тілінен түрік тіліне де тәржімаланыпты. Оның бір нұсқасы Түркияның Республика университетінің илаһийат факультетінде сақтаулы.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, менің талант­ты шәкіртім Шынар Қалиева Әбу На­сыр Исмаил әл-Жауһаридің өмірі мен шы­ғар­машылығына арналған кан­дидат­тық диссертация жазып, Ташкентте 2002 жы­­лы қорғады, кейін ол кітап болып шықты.

Әбу-л Қасым әл-Фараби//әл-Фарйаби. Халисату-л хуласа. Қолжазба. Миллет кітапханасы, Түркия.

 

Мұхаммед бин Мұхаммед бин әл-Хұ­сейн Мадж ад-дин әл-Усрушани, Мұхам­­мед бин Хұсейн әл-Фараби (т.ж.б. – 1234)

Отырарлық бұл ғалым туралы мен «Қазақ даласының жұлдыздары» атты кітабымда (1995) жазғанмын. Мұхаммед – ХІІІ ғ. өмір сүрген парасат иесі. Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық еңбегіне түсіндірме жазыпты, бірақ ол еңбегі жа­рия­ланбаған. Бізге жеткен еңбектері:

– «Әл-Фусус»  («Афоризмдер»). Қол­жазба. Мармара, Баязит Сүлеймания кітапханасы.

– «Шарх «Фусус әл-хикам»  («Кемең­герлік меруертіне» түсіндірме»). Қол­жаз­ба. Мармара, Баязит, Сүлеймания уни­вер­ситеттері кітапханасындағы оның барлық нұсқаларында 116 бет және 1291 жыл деген мерзім көрсетілген. Тек Баязит кітапханасындағы нұсқасы – 78 бет, Сүлейманиядағысы – 106 бет. Соңғыда 1013 жыл деген мерзім тұр.

Абдуллаһ бин Мұхаммед бин Йусуф Насыр әл-Фараби әл-Азди.

Оның «Тариху-л улама әл-Андалус»  («Андалусия ғұламаларының тарихы») атты еңбегінің қолжазбасын Ататүрік университеті илаһийат факультеті кітапханасынан көрдім. Шығарманың тарих мәселесіне арналғанына қарағанда, авторы тарихшы сияқты. Отырарлық бұл ойшыл жайлы әзір қолымызда басқа  мағлұматтар жоқ.

Абд әл-Латиф ибн Ахмад әл-Фара­би. ­

Оның есімі Мароккода шыққан «әл-Харакату-л фикрийа уа әл-әдабийа фи-л алами-л араби ал-хадис»  («Жаңа араб әлеміндегі ой-пікір және әдеби қозғалыс»). Дар әл-Байда. (Касабланка), 1983 атты еңбекке байланысты аталады. Ол Ливанда да жарық көріпті (Бейрут, 1995).

Бұл кітап Жумһурият университеті илаһийат факультеті кітапханасында бар. Өкінішке орай Абд әл-Латифтің өмірі мен шығармашылығы туралы дерек кездеспеуде.

Әбу-л Фадл Таһир бин Мұхаммед әл-Фараби Заһирдің еңбегінің аты «Диуан»  («Жинақ»). Қолжазба. Ол Бая­зит кітапханасында. Өмірі жайлы мәлі­мет жоқ.

Аға Хасан әл-Фарабидің еңбегінің қолжаз­басы «Һидая» тәржімасы» деп аталады. Ол Бұрһан ад-дин әл-Марғина­нидің (т.ж.б. – 1197) «әл-Һидая» атты Әбу Ханифа мазһабы бойынша жазылған еңбе­гінің тәржімасы секілді. Қолжазба. Автор жайлы мағлұмат жоқ.

Бұрһан ад-дин Ахмед бин Әбу Хафс бин Йусуф әл-Фараби (т.ж.б. –1174)

«Манзума фи-л муаннасати-с самаийа»  («Тіл ережелеріне бағынбайтын әйел тегіне (женский род) қолданылатын қалыптар»). Қолжазба. Нури Османия кітапханасы. Араб тілі мәселелеріне арналған.

Тағы бір еңбегі «Заллат әл-қари»  («[Намазда] Құран оқушының шатасуы») деп аталады. Қолжазба. 121–214-беттер. Сүлеймания кітапханасы.

Еңбектің бір нұсқасы Санкт-Петер­бург­тегі Шығыстану институты­ның қолжазба қорында тұр. Шығарма қа­сиетті Құранды дұрыс оқу жайлы сөз етеді. Отырарлық бұл ғалым ХІІ ғасырда өмір сүрген.

Әбу-л Қасым Махмуд бин Ахмед әл-Фараби [әл-Фариаби] (1130–1210)

Әбу-л Қасым Махмуд бин Ахмед әл-Фараби (Фариаби) – энциклопедист Әбу Насыр және тілші екі әл-Фарабиден кейін Түркия кітапханаларында еңбектері жиі­рек ұшырасатын ғалым. Оның шығар­малары көбінесе дін мәселелеріне ар­налған. Әбу-л Қасым әл-Фараби//Әл-Фариаби  туралы «Қазақ даласының жұл­дыз­дарынан»  (1995) оқуға болады.

Енді оның Түркияның кітапханалары мен қорларындағы жазба дүниелерін атап кетейік.

«Халисату-л хақаиқ»  («Таза шын­дық»).  Қолжазба. Хұсейн паша қоры.

«Халисату-л хақаиқ ли-ма фиһи мин асалиб ад-дақаиқ»  («Ғылым түрлері жай­лы нәзік тәсілмен (стильмен) жазыл­ған «Таза шындық»). Қолжазба. Ан­талия. Текелиоглу қоры, Сүлеймания кітап­ханасы.

«Әл-Муджаллад әл-аууал мин китаб хашйату-л хақаиқ ли-т тасаууф»  («Суфизм туралы «Шындықтың» жол шетіне жазылған түсіндірмелер. Бірінші том»). Қолжазба. Ая-София қолжазба қоры.

«Халисату-л хақаиқ фи-л фиқһ»  («Фиқһ туралы «Таза шындық»). Қол­жаз­ба. Қажы Махмуд Эфенди қоры.

«Халисату-л хақаиқ ала иьтиқади аһли-с сунна уа-л джамаға»  («Аһлу-с сунна уа-л джамаға» [сеніміне] сүйеніп жазылған таза шындық»). Қолжазба. Нафис паша қоры.

«Халисату-л хақаиқ уа минһаджу-л абидин»  («Таза шындық» және мәңгілік жол»). Қолжазба. Рашид Эфенди қоры.

Әбу-л Қасым еңбектері ішінде Түркия кітапханаларында жиі ұшырасатыны жоғарыда айтылғандай «Халисату-л хақаиқ» («Таза шындық»). Қолжазба. Ол бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған. Оның бір-бір нұсқалары Атиф Эфенди, Анталия Текелі облысы халық кітап­ха­насы, Бурса аймақтық жазба кітапха­насында сақтаулы. Қысқартылған 60 бет­тік нұсқасын Санкт-Петербургтегі Шығыс­тану институтының қорынан таптым. Қазанда ХІХ ғ. басылған.

Ал Сүлеймания кітапханасындағысы  «Халисату-л хақаиқ лима фиһи мин асалиб ал-д-дақаиқ»  («Ғылым түрлері жайлы нәзік стильмен жазылған таза шындық») деп толығырақ көрсетіліпті. Бұл да қолжазба. Сүлеймания кітапха­на­сындағы нұсқасы 524 беттен тұрады. Сүлейманиядағы нұсқасында, сондай-ақ һижри  997 жыл көрсетілген.

Сүлейманиядағы қолжазбада оның аты-жөні әл-Фараби Имад ад-дин Мах­мұд бин Ахмед әл-Фараби деп жазылса, еңбектің осы кітапханадағы тағы бір ­нұсқасында Имад ад-дин Әбу-л Қа­­сым Махмұд бин Ахмед әл-Фараби делініпті. Түркия кітапханаларындағы қол­жазбалар нұсқаларының бет саны әртүрлі.

Түркия кітапханаларында Имад ад-­дин­­нің тағы басқа да трактаттары­ бар. Олар: 1.«Мұнтахабат мина-л аси­ла­ти-л ламма уа-л ажуиуата-л жамиа» («Таңдамалы терең сұрақтар мен тұ­шымды жауаптар»). Қолжазба. 63–70-бет. Сүлеймания кітапханасы. 2.«Мұн­тахаб мин халисату-л хақаиқ» («Таза шын­дықтан таңдамалы»). Қолжазба. Сүлеймания кітапханасы.

Қауам ад-Дин әл-Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани (1286–1356)

Қауам ад-Дин Түркістанның шығы­сын­дағы 30 шақырымдай жердегі, орта ғасырларда Итқан, қазір Иқан деп аталатын кентте 1286 жылы туған. 31 жа­сына дейін Отырарда имам болған. Со­­нан соң білім іздеп әуелі Самарқан мен Бұхараға, сонан соң Дамаскіге са­пар шеккен. Бағдадта 25 жыл қазы болған. Сонда үйленіп, ұл-қыз көрген. Кейі­нірек Каирге қоныс аударып, сонда бір­жола тұрақтап қалған. Египеттің орта­ғасырлық Ибн Тагриберди, Әл-Мак­ризи, Ибн Касир, ас-Суйути секілді және т.б. қаламгерлері ол жайлы қалам тербеген. Өз дүниелерінде олар Қауам ад-Динді: «Каирге қала әкімі Саргатмиш (Сыргатмиш) шақырған. Онда Қауам ад-Дин медреседе ұстаздық еткен», – дейді. Каирге барған бір сапарымда мен сол медресені таптым. Қазірге дейін ол дін аман тұр.

Иқан перзенті 73 жыл жасап, 1356 жы­лы дүниеден өткен. Оның Каир, Дамаск, Кувейт, Түркия, Нидерланды, Өзбек­стан, Ресей кітапханалары мен қол­жазба қорларында оннан астам трактаты бар. Біразы менің де жеке қорымда сақтаулы. Ол туралы «Егемен Қазақстан» газетінде үлкен мақала жариялағанмын. Иқан жұрты сол дүниені оқып, риза болып, отандас ғалымына арнап Иқанда мешіт салдырды. Оны 2007 жылдың 27 желтоқсанында арнайы барып ашып, алыста қалған отандас бабаға арнап дұға бағыштадым. Қауам ад-Диннің Түркияда бірнеше еңбектері сақтаулы тұр.

Әмір Исмаил әл-Хусайни  әл-Фараби.

  – «Шарх әл-фусус фи-л хикма»  («Кемеңгерлік меруертіне түсіндірме»). Қолжазба. Сүлеймания кітапханасы.

Әбу Насыр әл-Фарабидің белгілі трактатына түсіндірме сияқты.

 

Әбсаттар қажы Дербісәлі

ҰҒА академигі,

филология ғылымдарының докторы, профессор