Биыл ерте көктемнен ел ішіне індет таралып, оған қарсы күрес барысында түрлі шектеулер енгізілгені белгілі. Көптеген мекеме жұмысын қашықтан, онлайн жүргізіп жатты. Жүріс-тұрыс азайып, барыс-келіске тыйым салынды. Біраз жұрттың зерігіп, жұмыс орнын аңсағанын әлеуметтік желіден-ақ аңғару қиын емес еді. Осындай өзгерісті байқаған туристік агенттіктер туристерді ел ішінде саяхаттатудың жолын қарастыра бастады. Бұдан бөлек агротуризмге қызығушылардың да қатары артқаны байқалды. Осы бағыттағы сапарлардың біріне біз де барып қайтқан едік.
Ақмола облысы Аршалы ауданына қарасты Константиновка ауылы агротуризм бағыты бойынша турист қабылдайтын елді мекеннің бірі. Мұнда ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар көп. Бірі омарта шаруашылығымен айналысса, енді бірі ет, сүт, ұн тағамдары сынды басқа да ауылшаруашылық өнімдерін өндіреді.
Уақыт өткен сайын жергілікті тұрғындар үшін ауылдағы еңбектің шығыны артып, табысы төмендеп барады. Оған әсер ететін фактор жетерлік. Осы тұста агротуризм аз да болсын ауыл ахуалына демеу бола алады. Бұл пікірді агротуризмді дамыту мақсатында табанды еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі Алмас Сетербаев та қуаттайды.
– Жиырма жылдың ішінде Беларусь елі Еуропа көлемінде ауылдық туризмді дамытып, пайда табуда көш бастады. Осындай мүмкіндікті біздің ел де пайдалана алады. Бұл – қала мен ауыл халқының арасын жақындата түсетін бағыт. Сол арқылы ауылдың экономикалық ахуалын көтеруге болады. Халықтың мәдени танымы да жетіле түседі. Сырттан келген адамдармен тіл табысқан ауыл баласының жаңа бір қызығушылығы пайда болуы да мүмкін. Агротуризмнің көзге көріне қоймайтын немесе бірден байқала бермейтін пайдалы жақтары осындай. Бұдан бөлек, ауыл адамдары қолындағы өнімін келген туристке ұсына алады, – дейді Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығының кеңесшісі Алмас Сетербаев.
Иә, бұл бағытта ізденіп, ұйымдастыра білген адамға табыс табуға да болады. Түрлі турларды ұйымдастырып жүрген азаматтар мұндай саяхаттың пайдасы мол екенін айтады. Бірақ бұл үшін кешенді жоспар құрып, тиімді шешім қабылдаған абзал. Себебі біздің елде агротуризм енді-енді қалыптасып келеді. Мәселен, жоғарыдағы Беларусь елінде туристерді қабылдауға машықтанған 2000-нан астам агроқожалық бар. Ал бізде шаруа қожалықтары көп болғанымен, олардың басым бөлігі туристерге қызмет көрсетуге дағдылана қойған жоқ. Алыс аймақтағы өндірісі ілгері ауылдарға апаратын жолдың жайы да өз алдына бір мәселе. Міне, осындай кедергілердің қолбайлау болары анық.
Біз барған Константиновка ауылына жақындай бергенде жолдың ой-шұқырға айналып, тоза бастағанын байқадық. Нұр-Сұлтан қаласынан аса алыс болмаса да жол жайы көңіл көншітпеді. Есесіне мұндағы ерекше кәсіппен айналысатын тұрғындардың жұмысын көргенде тәнті болмасқа амалың жоқ. Ауданға жеткен бетте-ақ темір ұстасы Александр Князевтің үйіне түстік. Темірдің иін қандырып, түрлендірген туындылары көздің жауын алады. Үйінің қақпасынан бастап, шарбақтарына дейін иілген темірден салған. Тіпті шағын бір бөлмеге әйгілі «Тақтар таласы» сериалында қолданылған таққа орындық қойыпты. Ұста 4-5 орындық пен үстелді істеп шығуға бос уақытының біразы кететінін айтады. Еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы тапсырыс берушілер келіп тұратын көрінеді. 30-дан енді асқан азамат ұсталықтан бөлек, саяхатшы да екен. Әлемнің біраз елін шарлап шығыпты.
Қызықтар мұнымен таусылған жоқ. Ұйымдастырушылар бір топ БАҚ өкілін бал арасының ордасына әкеліп топ еткізді. Ауылдан қашықтау жерде орналасқан омарташының жұмысын бақылап, тәтті балдың дәмін таттық. Омарташы Сергей Ерофеев аралардың ұясын ашып көрсетіп, бал жинау процесін түсіндірді.
Тағы бір кәсіппен айналысып отырған азаматтың есімі – Берік Кулдибаев. Ол ауылда ата кәсіпті жалғастырып отыр. Ұзақ жылдар бойы шекара қызметінде болған оның ауыл шаруашылығымен айналысуды қолға алғанына 10 жыл болыпты. Бүгінде төрт түлігін көбейтіп, берекелі шаруаның шырайын кіргізіп отыр. Бұл азаматтың да шаруашылығының жай-күйіне көзіміз тойып, көңіліміз толды.
Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығының президенті Халида Төлегенова мен Алмас Таңғытұлы Константиновка ауылынан туристерге арнап қонақүй де ашқан. Бір қызығы мұнда тұрақтау тегін.
Демалыс орнында арнайы ауыл балаларының қолөнер бұйымдары қойылған зал бар. Ұйымдастырушылар кез келген істі ауыл тұрғындарымен байланыстыра білген. Айтпақшы, қауымдастық өкілдерінің мұндай бастамаларын Kazakh Tourism ҰК АҚ қолдап отыр. Сондықтан да мұндай саяхаттардың да ауқымы кеңейе түспек.
– Агротуризм саласы бойынша Ақмола облысындағы Аршалы, Ерейментау, Ақкөл аудандарын таңдап алдық. Үш ауданнан бір-бір ауылды туристерімізді әкелетін орын ретінде белгіледік. Бұл жұмысты бастағанымызға көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан 200-ден астам туристі саяхатқа әкелдік. Агротуризмге арналған 5 жылдық жоспарымыз бар. Бұдан басқа қосымша 4 облысты қамтығымыз келеді. Әзірге дайындық жұмыстарын пысықтап жатырмыз, – дейді Алмас Таңғытұлы.
Сапар соңында ауыл әжелерінен құралған «Течет ручей» тобы ән салып, «Молодцы-удальцы» балалар тобы ағаш қасықты музыкалық аспап ретінде қолданып өнер көрсетті. Одан соң қонақ үйдің ауласына журналистер қауымы ағаш отырғызып, «Бал» бағын аштық. Басылымның өкілі ретінде ауылдағы саябаққа «Egemen Qazaqstan» газетінің атауы жазылған көшет отырғыздық.