Жерден өніп шыққан мұндай алып ағаштың әу баста әулие атанары әмбеге беймәлім еді. Әйтсе де аңыз-әпсанаға бай қасиетті қазақ даласының ішіне бүккен бір сыры уақыт бетіне қалқып шықты. Жеті ғасырды басынан аунатып, жеті адамның құшағына әрең сыйған қаранар қарағаштың кепиетін кейін ұқтық. Бүгінде туризм саласымен тамырласып, жергілікті тұрғындардың жәрдемшісіне айналған.
Әсілінде, мұндай алып ағаш әлемде үшеу-ақ. Алдымен Меккеде, содан соң Қытайда және жазиралы Жаркент өңірінде. Талай нәубетті басынан өткерген әмбе қаншама дәуірлердің куәгері киелі ағашқа сыйынып, тәу ететіндердің қатары көп. Күн сайын ағылып келіп жатқан адамдар табиғаттың таңғажайып сыйына қайран қалып жатады. Бірі арман-тілегін арқалап келсе, бірі аңыз әңгімелерін естіп, қыдырып келеді. Аңыз демекші, киелі ағаш хақында әртүрлі мифтік оқиғалар өте көп.
Ертеде Қоқан мен Хиуа хандықтарының дүркіреп тұрған уақытында Шойнақ атты батырдың жары бала көтере алмай жүреді де, қасиетті ағаштың түбіне түнеуге келеді екен. Алладан перзент сұраған бәйбішенің көзі ілініп кеткенде, түсіне ақ сақалды қария кіріп, үш ұлды болатынын, ол ұлдарының атын Жантас, Бектас, Ертас деп қою керектігін айтады. Расымен батырдың әйелі құрсақ көтеріп, бірінші ұлы дүниеге келеді. Оның атын Жантас қояды, артын іле Бектас өмірге келеді. Үшінші баласы туылғанда бәйбіше кім қою керегін ұмытып қалып, Ақпұшық деп атай салады. Осы түні баяғы ақ сақалды қария кіріп, «неге балаңның атын өзгерттің, саған қажет болмаса, біз алып кетеміз» дейді. Бұл түсінен шошынып оянған ана сәбиінің шетінеп кеткенін көреді. Осындай аңыздардың түр-түрі ел аузында жүр.
Шыны керек, Әулиеағашқа тек тәу етіп емес, тамашалау үшін де келіп жатқандар жеткілікті. Олардың ішінде тіпті алыс-жақын шетелдің адамдары да бар. Бірде Америкадан келген ғалым ағашты суретке түсіргісі келеді. Дәл сол сәт оның фотоаппараты жұмыс істемей, әбден әбігерге түседі. Осылайша ғалым әлемде сирек кездесетін ағаштан бірде-бір фото түсіре алмай, еліне аттанған екен. Тағы бір оқиғада қуаты таусылған суретке түсіретін құрылғы өзінен өзі қосылып кетіп, ал қайтар жолда қайтадан істен шыққаны айтылады. Міне, бұдан кейін аңызға сенбей көріңіз.
Ағаштың жанында бір тамырдан таралып тұрған жеті бірдей жас ағаш өсіп тұр. Халық оны «7 ағайынды» деп атап кеткен. Сол секілді «Бозбала мен бойжеткен» деп аталатын шынар бар. Осы ағаштың ортасынан өткен әйел адамдары көп ұзамай бала көтеріп, ана атанады екен. Ал киелі ағаштан тамшылап тұрған су бірнеше ауруға шипа. Сондай-ақ «Әулиеағаштың» айналасынан қаумалап өскен көрікті ағаштарды көресіз. Олар құдды адам қолынан отырғызылғандай тізіліп тұр. Бірақ ол табиғаттың өз шеберлігімен жасалған саябақ. Бір ғажабы мұндағы ағаштар құбылаға қарай иіліп тұрғаны. Жергілікті тұрғындар мұны да қасиетті жердің бір белгісі ретінде қарайды
Биыл Үлкенағаш ауылдық округінің тұрғындары осынау табиғаттың таңғажайып жаратылысының төңірегін, орман ішін көріктендіруге үлкен күш жұмсады. Бұл іске Үлкенағаш, Еңбекші ауылдарын жалғайтын жолдың асфальттанғаны да түрткі болды.
Дөңестен алып ағашқа беттейтін кіреберіс жолға жаңадан баспалдақ құйылып, темір қоршаулар жаңартылды. Жаяу жүргіншілер жолы төселіп, келушілердің демалуы үшін алаңқайға орындықтар жасалған. Орман ішін жарықтандыратын электр жарығы тартылған. Ақшамда жанған электр жарығы таң ата бір-ақ сөндіріледі.
– Әулиеағаш Қазақстанның тарихи орындарын насихаттайтын «Тарихи жол» бағдарламасына енді. Қазір кез келген қазақстандық ғаламтордан оның көркі мен келбетін, өзіндік ерекшеліктерін қиналмай тауып көре алады. Аудан әкімі Талғат Өмірәлиевтің тапсырмасымен өңірдегі белгілі сәулетші Қайрат Абаевпен бірлесіп, тарихи қасиетті орынды көркейтудің жоспарын жасап, бірқатар құрылыс жұмысын атқарып та үлгердік. «Максжолқұрылыссервис» ЖШС 4,5 миллион теңгеге жаңа жол төсеп берсе, өңірдегі белгілі меценат С.Ақсубаев, ауыл жанындағы кірпіш зауытының қожайыны Т.Бағаев және ауыл ақсақалдары мен тұрғындардың қолғабысымен сәнді темір қоршаулар қойылып, тоғай ішіндегі үйсін руының батыры Мыңбатыр Қойшыбекұлының зиратының айналасына мрамор плиталары төселді. Мұның барлығы өскелең ұрпақ үшін мол мұра екені анық, – дейді Үлкенағаш ауылдық округінің әкімі Ермек Нұрахметов.
Табиғи ескерткіштің жаңа құрылыс жобасы толық аяқталып, ресми ашылуы болғанша мұнда басқа да жұмыстар жасалмақшы. Әулиеағаш өзінің емдік қасиеттерімен де көпшілікке танымал. Ағаш шырыны көз, құлақ, тамақ, мұрын ауруларына таптырмас ем екенін де көпшілік жақсы біледі.
Жоспарланған жұмыс толық аяқталғанда Әулиеағаш жаңа көркімен бұрынғыдан да көп саяхатшыларды құшағына тартар қасиетті мәдени орынға айналатыны даусыз.