• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Абай 21 Қыркүйек, 2020

Олег Свет: «Абай тағылымын Құнанбай бейнесі арқылы ұғындырамын»

1047 рет
көрсетілді

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі Олег Григорьевич Свет өзі жұмыс істейтін Ақтөбедегі №9 орыс мектеп-гимназиясында «Абайтану» курсын жүргізеді. 35 жылдан астам орыстілділерге қазақ тілін ұғындырып келе жатқан тәжірибелі педагог Абайды түсіну үшін Құнанбай құбылысын зерттеу керек дейді.

Ол: «Абайдың әкесі Құнанбайдың ауқатты, ақылды адам болғанын жұрт­­тың бәрі біледі. Ел іші ол кісіні шү­ленгер атандырған. Шүленгер сол заманда шүлен берген адам, қа­зіргі тілмен айтқанда –меценат. Құнанбайдың ақыл­дылығы сол, заманның өзгеріп жат­қанын, елді қаталдықпен, бағы­ныштылықпен бағындырудың кетіп бара жатқанын, білімді жұрттың күні жарық болатынын ұғынып, түріктен, араб, парсыдан медресе мұғалімдерін, Ресейден оқытушылар шақыртып, бөлек үй салып беріп, бала оқытты. Ол көп баланың ішінен Абайдан көп үміт күтті. Бірақ Абай тым ақылды бо­­лып кетті де, орыс оқуын оқыды. Ма­ған ылғи да Абайдың артында Құ­нан­бай тұрған сияқты көрінеді. Биыл гим­назияның 11-сыныбында Абайдың қара сөздеріне негізделген «Абайтану» курсын бастадым. Оқушыларыма Абайдың әр қара сөзін жаттатып, оны сабақта талдаймыз» дейді әңгімені әріден қозғап.

Олег Георгиевич 1957 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданының Миялы ауылында мұнайшы отбасында дүниеге келген. Ата-анасы Кострома өлкесінің орыстары: әкесі – мұнайшы, анасы – мұғалім. Оларды жас маман ретінде осы жаққа жіберіп, содан Миялыда қалып қойған. Олегтің 2 жасқа толмаған кезінде әкесі қайтыс болған.

– Шешем Людмила Дмитриевна Поте­хина Миялының қазақ мектепте­рінде орыс тілінен сабақ берген, ол бүкіл Қызылқоғаның жұртына өте сыйлы болды. Менен сәл ересектеу апайым екеумізді жалғыз өзі өсіріп жеткізді. «Өзіміздің ауылдың қазақ мектебін бітірген балалары Мәскеу, Ташкентке барып оқып келіп жатыр. Сен де қазақша оқисың», деп жеті жасқа толмаған мені қазақ сыныбына жетектеп апарды», – дейді ұстаз ойын одан әрі жалғастырып.

 

Маманды жас кезінде бағалаған жөн

Мектеп бітірген соң Гурьев педаго­ги­ка­лық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, бітірген бойы Миялыға қазақ мектептеріндегі орыс тілі мұғалімі болып барған Олег Гри­горьевич осы саладан кеткен жоқ.

1986 жылы 29 жасында Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі атанған. Бұл – ол кездің мұғалімдері үшін зейнеткерлікке шыққанда ғана берілетін атақ. Олег Григорьевич сол кездегі Миялы қазақ орта мектебінің директоры Бәтима Бақтироваға әлі күнге дейін риза: «Бә­тима апай – нағыз қазіргі заманға лайық директор. Ол кісінің дұрыс баға­лауының арқасында жұмысқа деген құлшынысым артты, өзіме артылған сенім жүгін сезіне түсіп, барынша жақ­сы жұмыс істегім келді». Сол уақыт­та 40 жылдық еңбегі сіңген ұстаз­дарға «Оқу ағарту саласының үздігі» ата­ғын тамыз мәслихатында зейнетке шығып жатқанда берілетін. Олег Григорьевичтің ойынша, маманды жас кезінде бағалаған жөн. Сонда ғана жас педагогтің жұмысқа деген құлшынысы артып, бойында өзіне де, өзгеге де сенім пайда болады.

 2000 жылдары Ақтөбеге қоныс аударған Олег Свет қаладағы қазақ мектептеріне, колледждерде орыс тілі­нен сабақ бере бастады. 2004 жылы «Жыл адамы» атанып, сол кездегі облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың же­ңіл көлік сыйлауы оған үлкен қолдау бол­ды. Ол «Ақтөбе менің атағымды шы­ғарды», деп мақтанышпен айтады.

 

Светтің қағидалары

 Қазіргі жаңа білім жүйесі жаңа қағидаларға сүйенеді. Бұл – мұғалім мен оқушы, мұғалім мен ата-ана арасында басқаша қатынастарды да тудыруда. Ескі жүйеде жұмыс істеген мұғалімдер жаңа өлшемдерге сай келіп жатыр ма? Қиындық неде? Жетістігі ше? Бұ­ған тәжірибелі педагогтің ұстанымы мы­нандай: «Бұрынғы жүйеде бала өз­дігінен көп ізденбей, кітап көлемінде мұғалімнің түсіндіргенін оқып айтатын болса, жаңартылған білім жүйесінің жақсы жағы – баланың ой-қабілетін дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Баға қойылмағасын өз ойын ашық айтуға қорықпайды. Өз бетімен ізденеді, ойы шектелмейді».

Бүгінде орта білім мен колледж­дер­де негізгі салмақ зейнеткерлік жас­қа жетіп қалған мұғалімдерге түсіп тұр. Олег Георгиевич бұл салада жас ма­манның тұрақтамауының бір себебін мұғалімнің оқушылар мен ата-аналар тарапынан туындайтын кикілжіңге шыдай алмауынан деп түсіндіреді. «Бүгінгі бала мен кешегі бала басқа, кешегі ата-ана мен бүгінгі ата-ананың да айырмашылығы көп. Егер бұрынғы оқушы мұғаліммен іштей келіспей тұрса да, пікірін ашып айтпайды. Қазіргі оқушы көбіне тайсалмай, ойындағысын ашық айтады. Кикілжің осы жерден туады. Кемшілік – мұғалімдер даярлайтын көпшілік ЖОО студенттерге баламен қарым-қатынас тәсілдерін үйретпейді, оқыту процесі бірыңғай сабақ түсіндіру емес. Бұл орысша айтқанда, «обучая воспитываем» деген. Балаға құр ақыл жүрмейді, жақсы оқы, тәртіпті бол де­генмен, бала тыңдамайды. Мұндай кез­де ұстаз балаға басқаша әсер етуі керек. Мұғалімнің шын көңілмен, жа­нашырлықпен қарым-қатынасын бала сезеді, түсінеді. Рас, қазіргі уақытта отбасылар да әртүрлі, бала тәрбиесі де ала-құла. Бірақ өз үйінде айтарлықтай жақсы тәрбие алмаған, жақсы өнеге көрмеген оқушы мұғалімдерінің берген бағытымен, мектеп тәрбиесімен жақсы бағыт алып, қалыптасып кетіп жатады. «Бұған өз тәжірибемнен мысал көп, – дейді ол. – Бұзақылық жасаған балалармен жайлап сөйлесе отырып, көп жағдайдың басын ашып аламын. Бала мінезі әртүрлі ғой, біреуі – сабырлы, екіншісі – күйгелек, тым ашушаң. Қарсы шықса үндемеймін, айтқанына келісе отырып, жайлап түсіндіремін».

– Жас мұғалімдердің тұрақта­мауы­ның тағы бір себебі – жалақының азды­ғынан болар?

– Әрине, оқу бітіріп келген жас маманның еңбекақысы аздау. Бірақ жалақы жыл сайын өсіп келеді емес пе? Жақсы жұмыс істесе, бір жылдан кейін санаты жоғарылайды. Тек ол үшін оқушылары сапалы білім көрсетуі тиіс. Пәндік олимпиадаға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жатса, оны мектеп басшысы көріп, жұмысын қалалық білім бөліміне ұсынады.

Менің ағалық ақылым, асығатын ештеңе жоқ. Екі жыл ерінбей жұмыс істеп, жұмыс нәтижеңді көрсетсең, әрі қарай жалғасып кете береді. Кейбір жас­тар аздап шыдамсыздау. Сосын жас мамандар қазіргі білім беру жүйесін терең білмеу себебінен де кетіп жатады.

Олег Георгиевичтің ойынша, бала­ны тұлға ретінде, адам ретінде сый­лау керек. Баланың қателігін де сый­лау керек, ақылмен, сабырмен түсін­дірген жөн. Рас, бағынбайтын, ашулы, мұғалімге тіке қарсы шығатын бала­лар қай кезде де болады. Бірақ ол 37 жылдық тәжірибесінде тентектік жа­саған оқушыны бірде-бір рет дирек­торға апарып көрмепті. Не ата-анасын шақыртып, балаңызға дұрыс тәрбие берген жоқсыз деп кінә артпаған көрінеді. Себебі бір бала мұғалімге қатты айтса, кінә мұғалімнен. «Дәрежесі кіші бала мұғалімге дөрекі сөйлесе, неге мұндайға жол берілді?

Келіспеушілікті дау-жанжалсыз ше­шудің амалдары көп. Осындай тен­тектерді ақылмен, сабырмен түзеген Олег Георгиевичке сол тентектер мектеп бітіріп жатқанда, бетінен сүйіп, алғысын айтып қоштасып жатады. Жас мұғалімдер қазір Олег Георгиевичтен жиі ақыл сұрайды. Онымен бірге істейтін мұғалімдердің бірі бізге жа­қында Құлсарыдан көшіп келген ата-анамен арадағы түсініспеушілікті Свет­тің қалай шешкенін айтты. 1 сы­ныптың мұғалімі балаңыз дым біл­мейді дегесін, баланың анасы ашула­нып, директорға кірейін деп отыр екен. Мұны көрген Олег Георгиевич ба­ланың анасы мен мұғалімін өзі бі­тіс­­тірген. Сөйтсе, баланың ата-анасы са­бақ үлгерімін жоғарылату үшін, қо­сымша репетиторға бергенімен, нә­ти­же болмапты. «Сырттағы репетитор­лар ақшасын алғасын, балаңыз жақсы деп қоя береді. Одан да өз мұғалімінің қосымша оқытқаны дұрыс, деп тү­сіндіріп айтқан. Бастауыштың жас мұғаліміне: «Демалыс күні 1-2 сағатқа мектепке қосымшаға шақыртып оқытуға ата-анасы келісіп отыр. Баланың әлсіз жағын сырттағы репетитор емес, өзің білесің. Осы баланың білімін көтеріп жіберсең, өзіңе де жақсы, ата-анасы да риза болады емес пе?» деп бітістірген.

Олег Свет осындай келіспеушілік­терге жиі кірісіп кетіп, мектеп психо­логінің рөлін байқамай атқарып кете береді. Мұның өзі қазіргі уақыт­та орта білім орындарында Свет сияқ­ты тә­жірибелі, адамды сыйлауға, құр­мет­теуге әзір тұратын жандардың азай­ған­дығын білдіреді. Оқушыларын Абай тәлімдерімен тәрбиелеп жатқан Олег Светтің тәжірибесін №9 мектеп-гим­назияның бұрынғы директоры Людмила Гузилева да, қазіргі директоры – Салиха Қазыбаева да ерекше бағалап отыр.

Олег Светтің ең басты ақылы: «Мұ­ға­­лімдер ата-аналар жиналысында еш­қашан да баланы жамандамау керек. Өйткені балаң жаман деген соң ата-ана қысылады. Нашар оқитын балаларды жиналыс сайын көптің көзінше айта берсең, «менің баламнан жаман бала жоқ, соны есту үшін келем бе» деп ата-ананың көңілі қалады да, ендігәрі жиналысқа барғысы келмейді. Содан мектепке деген қарым-қатынас нашарлайды. Сынып жетекшісі ата-аналар жиналысын көңілді түрде өткізуі керек. Пікірлерін тыңдасын. Өнерлі ата-аналар ән айтсын, домбыра тартсын, тағы басқа да өнерін көрсетсін. Ал сабақ үлгерімі, тәртібі нашар оқушыларын жиналыс соңында жеке алып қалып, оңаша сөйлессін. Сонда мектеп пен ата-ана арасында байланыс нығаяды».

Олег Светтің ұстанымдарын, өмір­­лік тәжірибесін жас мұғалімдер жақ­сы меңгерсе, мектептерде ата-ана мен мұ­ғалім, мұғалім мен оқушылар ара­сын­да жанжал да болмаушы еді. Бір жа­ғы Макаренконың педагогикалық ұста­нымдарын, екінші жағынан Абай тәлімдерін өмірлік темірқазығына айнал­дырған 40 жылға жуық қазақ тілі мен әдебиетінің маржандарын орыстіл­ді оқу­шылардың зердесіне ұғынды­рып келе жатқан Светтің Ақтөбеде орны ерекше. Ұстаз- ұстамды, парасатты, байыпты болса ғана, мектепте қалыпты көңіл күй орнайды. Бұл, әсіресе қазіргі онлайн оқу кезінде керек-ақ қасиет.