Интернетке аңсар ауған мына заманда кітапқа деген көңіл суып бара жатқандай көрінетіні рас. Электронды кітаптарды, сайт материалдарын оқу, мерзімдік басылымдардың жаңалықтары мен салмақты материалдарын интернеттен іздеу күнделікті әрекетімізге айналып кеткелі қашан.
Алайда кітап – жанымыздың ажырамастай бір бөлшегіне айналған құндылық екенін ойымыздан шығармасақ керек. Бала күнімізден кітаппен дос болдық, сол бала досымызға деген адалдығымызды, тұрақтылығымызды сақтап келеміз, дұрысы – сақтауға тырысып-ақ келеміз.
Оқып жатқан кітаптардың барлығын тізбелеп айтып шығуға да болар. Дәріс оқуға дайындық барысында оқылатын еңбектер қатары да баршылық. Соңғы оқығандарым – Джозеф Кэмпбеллдің «Тысячеликий герой», Кристофер Воглердің «Путешествие писателя» атты еңбектері. Осы кітаптардың ара-арасынан жол тауып, өзімнің сүйікті мифологиямды, ертегілерімді қайталап оқимын. Менің сүйікті ертегілерімнің ішінде «Ер Төстік» пен «Керқұла атты Кендебай» көш бастайды. Бұл ертегілерді аз болса жылына үш-төрт қайтара оқимын. «Ер Төстіктің» татар, қырғыз нұсқаларын да қайталап оқудамын. Қырғыздарда сақталып қалған «Ер Төстік» эпосындағы перінің қызы Айсалқынның Кенжеке сұлуды тілдейтін жері жанымды түршіктіреді... Бұл ертегінің біздің қазақтарда да әу баста эпос түрінде жырланғанына күмәнім жоқ.
Әрине, ұлт әдебиетінің классикалық шығармалары да қайталай оқуыма сұранып тұрады, анығында, оларды қайталап оқуға өзімнің көңілім кетіп тұрады. Олар – Әбіш Кекілбайдың «Ханша-Дария хикаясы», Мұхтар Мағауиннің «Қыпшақ аруы» мен «Қосағашы», Төлен Әбдіктің «Тұғыр мен ғұмыры». Бұл тізімім біраз шығармаларды қамтиды. Қатыгез ғасырдың талайына түскен таңғұт ханымы Гүрбелжін сұлудың тағдыры, бүгінгі тіршілік пен бағзы тарихты тұтастырған Саржан мүсінші мен Айсұлу бегімнің болмысы, кешегі кеңестік жүйенің адамдардың жанын қасіретке бөктіріп, қан жылатқан қанқұйлы саясатының кесірінен тағдыры тәлкекке түскен Батыр – Бористің жан азасы... «Өзекті жанға – бір өлім емес, мың өлім» деген эпиграф алынған туындының кеңестік кезеңде ғұмыр кешкен әрқайсымыздың әлетімізге қатысы бары ақиқат...
Жанат Әскербекқызы,
ақын, филология ғылымдарының докторы