• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Қыркүйек, 2020

Берекенің кілтін бекіреден тапты

584 рет
көрсетілді

Қостанайда Қызыл кітапқа енген қызыл балық – бекіре өсіретін шағын ферма бар. Валентин Ищенко мен Владислав Бобылев осыдан екі жыл бұрын бекіре бизнесін бастамақ болып іске кірісіп кеткен. Содан бері екі жігіт талай сынақ-тәжірибе жасап көрді. Қателіктерге де ұрынған кездері болды. Бірақ қалауын тапса, киіз тоқпақ тас жарады, қазір жабық ғимаратта орналасқан екі бассейнде салмағы 3-5 келі болатын бекірелер жүзіп жүр.

– Бұл – Қазақстанның солтүс­тік облыстарындағы жалғыз ферма. Қазір бекірені шетінен сатып та жатырмыз, – дейді бекіре өсіру­шілер.

Шағын цехтың тұйық сумен қамтамасыз ету технологиясын пайдалануға мүмкіндік беретін дербес су тазартқыш жүйесі бар. Бекіре бассейніндегі су ауыс­тырылмайды, тек арнайы сүз­гінің көмегімен тазартылып, оған ультрасүзгі қосылып отыра­ды. Балық өсірушілердің айтуын­ша, бекіре су сапасына өте сезімтал балық екен. Табиғи ортада бірнеше ай ғана дамитын бұл балық мұндағы бассейнде жыл он екі ай бойы өсуін тоқтатпайды. Бастысы, су температурасын 20-22 градуста тұрақты ұстап, бекірені азықтан тарылтпай, жарық режімінің сақталуын қадағалап, қолайлы жағдай жасап отыру керек.

– Біз алдымен Ресейдің көп­теген бекіре фермасын аралап көріп, олардың технологияларын зерт­теп алдық. Одан кейін ғимарат тауып, құрылғыларды орнаттық. Шетелден қымбат бекіре шабақтарын әкеліп, бассейнге жібердік. Үш айдан соң шабақтар түгелдей қырылып қалды. Өте күрделі кезеңдерді бастан өткердік. Бірақ үміт үзбедік. Бұл кәсіпке, ең бастысы, табандылық керек. Біз, мінеки, дайын өнімге қол жеткізіп отырмыз. Мына бассейндегі бекірелер шамамен бір тонна болып қалар, – деді Валентин Ищенко.

Кәсіпкерлер бекіре азығын Ресейдің Белгород қаласынан алдыртады. Балық ұны, бидай, соя бұршағының ұнтағы, өсімдік майы сияқты тоғыз қоспадан тұратын бұл құрама азық пандемиядан кейін екі есе қымбаттап кеткен. Соған қарамастан балық фермерлері Қостанай ауданынан 1 гектар жер алып, өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.

 

Қостанай облысы