Әлемді әбігерге салған індеттің қарқынын әзірге әлеуметтік арақашықтық сақтап қана әлсірете аламыз. Шарасыздан жасалып жатқан бұл қадамның кері әсері – оқшауланған жұрттың қарым-қатынасын онлайн байланыс қамтамасыз етіп, интернетке тәуелділік шамадан тыс асып кетті. Сондықтан гаджеттен қашықтық ұстаудың да маңызы арта түсті.
«Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, таяқ болған соң оның қай ұшы да оңай тимейтіні анық. Төтеннен келген індеттің ілмегіне түсіп қалмау үшін көпшіліктен іргемізді барынша аулақ ұстап баққанымызбен, бұрыннан бар «ауруды» одан сайын қоздырып жіберген сияқтымыз. Бұл жерде ауру дегенді бұдан былай тырнақшаға алып жазудың да қажеті жоқ. Өйткені өткен жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы компьютерге тәуелділікті ресми түрде аурулардың халықаралық статистикалық классификациясына қосты.
ДДҰ бұл жаңа ауруды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 72-сессиясында тіркеді. Аталған шешімді 194 қатысушы қолдаған. Адам компьютерлік ойындармен әсіре әуестеніп, өмірлік құндылықтарды құнттамай, отбасылық, әлеуметтік, білім, кәсіби тұрғыдан ауытқушылықтар байқалса, мұндай белгілер аурудың симптомдары ретінде танылады.
Осылайша онлайн тіршіліктің опа таптырмас ойын-сауығымен күрес күшейе бастағанда жаһанды жаһаннамға айналдырып жібере жаздаған жойқын вирус келіп, барлық дүнияуи мәселелерді бір шетке ысырып қойды. Тіпті ДДҰ басшысы Тедрос Аданом Гебрейесустің өзі қоғамның бүтіндігі үшін, коронавирусты жеңу үшін көпшілікті әлеуметтік арақашықтық сақтап, үйлерінде компьютерлік ойындар ойнауға шақырды.
Дегенмен дертіне дерт жамаған дімкәс қоғам кез келген дүниенің шегін, шамасын білген жөн. Себебі пандемиядан кейін де өмір бар, болашақты, ұрпақ саулығын ойлау керек. Онсыз да қазіргі онлайн оқу жүйесі балалардың виртуалды ойындарға көбірек көңіл бөлуіне жетелеп отыр. Қашықтан оқытып, қанша жерден қадағалағанмен, ойыны қанбаған баланың ойы басқа жаққа ауып тұрады. Оның үстіне қазір көпшіліктің қолынан гаджет түспейтіні ескеріліп, бірінен соң бірі түрлі ойын-сауық қосымшалары шығып жатыр. Карантин кезінде кеңінен танылып, таралған желілер қаншама? Әсіресе жастар жағы ТікТок желісінің желігіне түсіп кеткенін көз көріп отыр.
We Are Social және Hootsuite сараптамалық топтарының есебі бойынша жыл басында жер бетіндегі халықтың 60 пайызға жуығы онлайнда болған екен. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылдың басында 4,5 миллиардтан аса адам интернетті пайдаланса, әлеуметтік желілердің аудиториясы 3,8 миллиардқа жеткен. Ал мобильді телефонды 5,19 миллиард адам пайдаланады. Орташа есеп бойынша адам күн сайын 6 сағат 43 минутын интернетке арнайды екен, яғни бір адам жылына 100-ден аса күнін интернетте өткізеді. Егер адам шамамен 8 сағат ұйықтаса, қалған сергек уақытының 40 пайызында онлайн болады. Бұл – індет күшіне мінгенге дейінгі дерек. Одан бері жаһан жұрты түгелге жуық интернетке байланған болар.
Экранға телмірген қоғамның ауруы асқына түскені анық. Бұрын да телефоннан бас көтермейтін жұрттың қазір саналы уақыты онлайнда өтіп жатыр. Калифорния университетінің зерттеушілері адамның зейін қоюы аквариум балығының деңгейіне дейін төмендегенін, америкалықтар смартфонына күніне 150 рет, шамамен әр 5-10 минут сайын назар салатынын атап көрсетіпті. Ал ойын баласының гаджетке қанша уақытын жұмсайтынын бағамдай беріңіз. Мұның бәрі ақыл-ой энергиясын тиімсіз пайдаланудың, тіпті жоюдың тікелей жолы болып отыр.
Интернеттің иіріміне түсіп кеткен қоғамды виртуалды вирус меңдеп барады. Зорайып келе жатқан гаджетке тәуелділіктің зиянын айтып байбалам салған мамандар бұл дерттің де дауасын іздеп әлек. Қазір алпауыт ІТ компаниялары интернетке жұмсайтын уақытты қадағалайтын қызметтерін іске қосып жатыр. Сондай-ақ онлайн белсенділікті бақылауға көмектесетін Forest, Checky, Instant қосымшалары немесе Track Time, Rescue Time бағдарламалары бар. Бірақ мұның бәрі қалауымызға шектеу бола алмайды. Сондықтан әркім өзін, отбасын қолға алып, бір ауық интернеттен бойын аулақ ұстауға тәрбиелеу керек, контенттерді талғаммен тұтынып, цифрлы диетаға отыру қажет.