• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қыркүйек, 2020

Құмдағы тұрақ қазанда қазылады

1223 рет
көрсетілді

Биылғы шілденің басында Ойыл ауданы Қаратал елдімекенінің тұрғыны Ақынғали Бақтиярұлы ауылдың жанындағы құм ішінен ескі құмыра тауып алған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл – осы ауылдан үш шақырым, Ойыл өзенінен 500 метр жердегі Қаздыарал атанған ескі қоныс. Шілденің соңында  Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің  қызметкерлері  мен  облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологтары Қаздыаралда  қазба жұмыстарын жүргізгенде, Ақынғали Бақтиярұлы  кездейсоқ құмыра қазып алған жерге таяу  шұңқырлардан қатар-қатар жатқан үш жерлеу орны табылды. Үш шұңқырда ежелгі қола дәуірі, ерте темір дәуірі мен біздің заманымыздың 2-4 ғасырына тән жерлеу ғұрпы бөлек-бөлек көрініп тұрды. Бірінде екі адам бір-біріне қарата, тізелері бүгілген күйі қатар жерленген болса, жандарында ұсақ малдың сүйектері шашылып жатқан. Сәл әріректе  топырақ бетіне жақын қабатта жатқан ежелгі адамның сүйектері бастапқы жерлеу орны емес деп тұжырым жасады облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологтары. Өйткені, бұл орында бастапқы жерлеу орнына тән заттар табылмаған.  Үшінші шұңқырдан  бас сүйегі жоқ ер адамның жанында  құмыра, қола жапсырмалар мен  көлденең жатқан пышақ табылған. Ал,   ересек адамның  қасына жерленген баланың сопақша, жасанды түрде созылып, өзгертілген бас сүйегі қазба жұмыстарына қатысқандарды ерекше таң қалдырды.

Осылайша, Шығанақ Берсиев соғыс жылдары  тарыдан әлемдік рекорд жасаған қараша ауылдың маңынан   қола, ежелгі темір дәуірі, орта ғасырға дейінгі өркениет орындары бірге табылды. "2012 жылдан бастап  Қаратал ауылы тұрғындарының  мал бағып жүріп  ежелгі заманның  әшекейлерін,  жебе, найза ұштарын тауып алып жүргені туралы  жария бола бастаған еді. Біздер осы жолы  құмдағы тұрақтан  ерте қола дәуірі, темір дәуірі, ерте орта ғасыр заманының жерлеу орындарын қатар таптық. Билеуші тайпалардың  бас сүйектерін сопақшалау етіп бала жастан өзгертетін "сән үлгісіне" қарап, бұл жерде  ғұн-сармат дәуірінің адамы жерленген деп тұжырым жасаймыз. Алайда табылған жәдігерлерді тереңірек зерттеуге  біздің шамамыз жетпейді.  Ойыл өзенінің  жағасындағы осы тұрақ қола, темір, ежелгі орта ғасыр адамдары үшін қандай маңызды рөл атқарған? Бұл жерде сұрақ көп", дейді  Ш. Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің қызметкері Медет Құлмұқанов.

Бірнеше дәуірдің адамдарына жайлы қоныс болғанымен, қазір  құм көшкінінің ортасында қалған Қаздыаралдың тарих бүккен құпиясы неде? Бәлкім Ойыл өзені арнасынан тасып жатқан сол заманда Еуропа мен Азияға жорықпен, саудамен  қатынаған ежелгі адамдар  осы жерде аялдап, сауда-саттық жүргізді ме екен? Сұрақ көп, жауап жоқ. Әзірге белгілісі, осы жылдың қазан айының басында Қаздыаралда тағы да қазба жұмыстары жүргізілмекші.  

Ежелгі өркениет адамдары үшін стратегиялық маңызды нүкте болған осы мекенді жан-жақты зерттеуге жергілікті мамандардың шамасы да жетпейді, әзірге қаржыландыру көздері де жоқ. Қалай болғанда да, ежелгі өркениеттің елесі кезіп жүрген осы тұрақ  "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында кешенді түрде зерттелуі керек деп ойлаймыз.

 

Ақтөбе облысы