• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Экономика 24 Қыркүйек, 2020

Астықты ауыспалы егісте өсіру ерекшеліктері

446 рет
көрсетілді

Тамыз айының соңында А.И.Бараев атындағы астық шаруа­шылығы ғылыми-өндіріс­тік орталығындағы ауыспалы егістерді зерттейтін көпжылдық далалық стационарында күздік қара бидай мен күздік бидай дақылдары аңыздық танапта Amazone компаниясының ДМС тұқымсепкішімен тікелей себілді.

Аңыздық танаптар күздік да­қылдарға жақсы алғы дақыл болып табылады. Таза сүрі жер танабының орнына аңыз­дық танапта көктемде бір жыл­дық дақылдар себіліп өсіріледі. Тамыз айының бірінші он күндігінде бір жылдық дақылдар (шөптер) гүлдену фазасында жасыл балаусаға шабылады. Шабылғаннан соң 4-5 күннен кейін кепкен соң пішенге жиналып алынады. Пішенді жинап болғаннан кейін аңыз­дық танаптағы арамшөптерге құрамында глифосат бар гербицидпен (Фараон Голд) әр гектарына 1,5 литр мөлшерінде бүркіледі. Осылай гербицидпен бүрку арқылы аңыздық танапта ыл­ғал қоры сақталып және арамшөптер жой­ы­лады. Себіл­ген күздік дақылдар танап­тарын­дағы топырақтың беткі жо­ғар­ғы қабаты толығымен біржылдық дақыл­дардың сабақтары мен қалдықтары арқылы жабылып, нәтижесінде егіс­тік танаптар су және жел эрозиясынан қорғалады.

Астықты ауыспалы егісте күз­дік да­қыл­дарды осылай сеуіп өсіру арқылы егіс алқап­тары тиімді пайдаланылады, мал шаруашылығы үшін қо­сым­ша пішен өнімі алынады және топырақ қаба­­ты эрозияға ұшы­рамайды. Осы атал­ған жұ­мыстар бәрі бір жылдың ішін­де атқары­лады, екінші жылы күздік дақыл­дардан өнім алынады.

Ауыл шаруашылық тауар өн­діруші­леріне ауыспалы егісте күздік дақыл­дарды өсірудің басқа да бірнеше баламалы нұс­қасы бар.

 

Алдаберген ҚИЯС,

ғылыми материалды дайындаған ауыспалы егіс тобының жетекші ғылыми қызметкері