Менің атам «Алашордаға» мүше болған жан еді. Омбыда «Алашорда» қайраткерлері ашқан мұғалімдер даярлайтын мектепте оқыпты. Бейнетқор ауданындағы бесінші ауылда мұғалім болған екен. Кейін алашордалықтардың бәрі қуғындалғанда біреудің көрсетуімен атам да ұсталып, айдауға кеткен. Әжемнің айтуына қарағанда, 10 жылға айдалған, бірақ содан атам оралмаған.
Ал өзімнің әкем Қайнекей Әбілманапұлы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, жараланып келген. Соғыс кезінде партияға өткен. Ауылға келіп, қара жұмысқа жарамағандықтан мұғалім болып, Көкшетау педучилищесін сырттай бітірген. Аудандық партия комитетіне жұмысқа шақырғанда анкетасына қарап жұмысқа алмаған. Тіпті әкеңнің «халық жауы» болғанын жасырдың деп партиядан да шығарған. Осы әрекет әкемнің жанына қатты батты. Ол компартияның идеалдарына барынша сенген, адал коммунист еді. Үнемі уһілеп, күйзеліп жүретін. Мұғалімдік жұмыстан шығарғанымен, әйтеуір қуынып жүріп қайтадан кірген еді. Хрущевтің жылымық жылдарында ол Мәскеуге дейін хат жазып, өзінің партиялылығын қалпына келтіруге талаптанған. Бірақ тек жалтарма жауаптар келіп, оны қайтадан қалпына келтірмеген.
Ақыры соғыста алған тән жарасына жан жарасы қосылып, ол 1969 жылы 49 жасында өмірден өтті. Артында шырылдап бес баласы мен жары қалды.
Сөйтіп, менің атам «халық жауы» деген атпен өмірден өтті. Оны ақтауға әкем де ұмтылған жоқ. Өйткені ол мүшесі болған «Алашорданың» өзі де ақталмаған еді. Ұзақ жылдар біздің ішімізде атамның жазықсыз қудаланғаны, әкемнің қасірет шеккені ойымыздан кетпеді. Олар өмірден өтсе де, жарқын есімдерінің жазықсыз жапа шеккендігі бір мезгіл есімізден шықпайтын. Қазіргі қазақтың зиялы азаматтарының алашордалықтарды және басқа да саяси тұрғыда жапа шеккендерді ақтау жолында жасап жатқан істеріне қуанып отырамыз. ТМД-ның басқа елдерінде мұндай шаралар баяғыда жасалған еді. Бізде, қандай себеп екені белгісіз, осы іс үнемі кейінге қалдырылып келген болатын.
Енді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық саяси қуғынға ұшырағандарды ресми түрде ақтау туралы шешімі біздің отбасымыз бен туыстарымызды қуантып отыр. Бір кезде өзімізге «алашордалықтар» деп ойынды-шын кекететіндерге шекемізден қарайтын боламыз. Айта кететін жайт, менің де комсомолға өтердегі мәселем екі күн қаралған еді. Әйтсе де, біздің мектептің директоры адамгершілігі зор азамат болатын, сол кісінің күш салуымен ғана мен тең-құрбыларыммен бірдей жастар ұйымының қатарына өткен болатынмын.
Мен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына бастамасын қолдаймын және оған өзімнің рахметімді айтқым келеді. Осы мәселені қозғап, Мемлекет басшысының алдына шығарған азаматтарға да мың алғыс айтамын.
Жарас ӘБДІМАНАПОВ,
зейнеткер
Солтүстік Қазақстан облысы,
Уәлиханов ауданы