Сенатор Ольга Перепечина Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында субвенциялар мен жоғары тұрған бюджеттерден берілетін нысаналы трансферттер ауыл әкімдіктерінің шығыстарын қаржыландырудың негізгі көзі болып қалатынын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутат Қазақстандағы ауыл тұрғындары өздерінің маңызды мәселелерін 4-ші деңгейдегі бюджет қаржысы есебінен шешуге мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Бұл сумен жабдықтауға, жолдарды жөндеуге және күтіп ұстауға, сондай-ақ басқа да мәселелерге қатысты. Дегенмен, іс жүзінде бұл салалар аудандық бюджеттен қаржыландырылады, кейде мүлде қаржыландырылмайды және жергілікті жұртшылық бұл шешімдердің қабылдануына ықпалы жоқ. Бюджеттегі тепе-теңсіздіктің негізгі себебі халық саны 2 мыңнан кем ауылдық бюджеттердің шығыстарын өз кірістерімен қамтамасыз етудің төмендігінде болып отыр. Ал біздің елімізде олардың саны 1301 немесе жұмыс істеп тұрған барлық округтердің 56%-ы болып табылады.
«2023 жылға дейін салықтың кейбір түрлерін төлеуден босату ауылдық округтер кірістерінің төмендеуіне әсер етеді, мұның бәрі жалпы бюджетке қатысты меншікті кірістер үлесінің азаюына ықпал етеді. Одан басқа, ауылдық округтердің салық салу базасының ұлғаюын тежеуші фактор жылжымайтын мүлікті, жерді және автокөлікті есепке алудың ақпараттық жүйелерінің жетілмегендігі болып табылады - бұл ескірген және сенімсіз деректер базасы», - деп мәлімдеді депутат Ольга Перепечина.
Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында «Мемлекеттік органдарға бюджеттік дербестік берген жөн. Бұл міндеттерді шұғыл шешуге және ұжымдық жауапсыздық пен әуре-сарсаңнан құтылуға мүмкіндік береді» деген болатын.
Сенатор сондай-ақ бүгінде ұлттық экономика және қаржы министрліктері жергілікті атқарушы органдардың республикалық бюджеттен берілетін бюджеттік субвенцияларды және республикалық бюджеттен субвенциялар есебінен қаржыландырылатын шығыстарды пайдалануына бақылауды енгізу мәселелерін пысықтап жатқанын хабарлады.
«Бюджет кодексінің ережелері Үкіметтің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың облыстардың дербес бюджет процесіне араласуына жол бермейді. Мемлекеттік органдар ұсынған ереже қабылданған жағдайда жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің дербестік қағидаты бұзылады, жеделдік азаяды және бюджеттің барлық деңгейлерінде – облыстық, аудандық, қалалық және ауылдық деңгейде құжат айналымының көлемі іс жүзінде он есе артады», - деді Ольга Перепечина.
Сонымен қатар, сенатордың айтуынша, Қазынашылық-Клиент ақпараттық жүйесі құжаттардың ауқымды көлеміне байланысты штаттық режимде жұмыс істеуге дайын болмады және 8 айдың қорытындысы бойынша қаржының 50%-дан астамын жергілікті бюджеттер игере алмады.
Депутат өзінің сөзін қорытындылай келіп, бір қызметкер бірнеше функцияны қатар орындайтын ауылдық округтердегі аппараттарды 25%-ға оңтайландыру олардың жұмыс сапасына теріс әсер ететінін атап өтті.