Іс-шараның мақсаты – Қазақстанның бейнелеу өнері түрлерінің саналуандығын көрсету, соның ішінде граффитиді насихаттауға негізделген.
Стрит-арт өнерінің жаңа мүмкіндіктері көрермендерге тарихи тұлғаларға байланысты қазіргі заман тақырыбын терең ашатын ең маңызды, құнды туындыларды ұсынуымен құнды.
Аталған перфомансқа еліміздің бірқатар республикалық және халықаралық байқауларының жеңімпаздары, мемлекеттік көрмелердің қатысушылары, суретші-безендірушілер Райымбек Сәкенов пен Айдос Шекер қатысты.
– Стрит-арт – көше стиліндегі сурет. Сондықтан музейдегі суреттерден айырмашылығы – суретшілер өздерінің ойларын кеңінен жеткізуге және өзінің ішіндегі ойды тоқтаусыз, шектеусіз жеткізуге мүмкіндік беретін стиль. Бұл өнер түрі негізінен батыстан келген. Кезінде суретшілерге шектеу қойып, қиын жағдай түскен кезде өздері көшеге шығып, көзқарастарын жеткізу барысында осы стиль пайда болған. Сол себепті еліміздегі біз сияқты жастарды қолдап отырғандарыңызға рахмет айтамыз, – дейді Қазақ Ұлттық университетінің 5-курс студенті А.Шекер.
Жоба аясында Ұлттық музей әлемдік пандемияның әсеріне қарамастан қалалық мәдениетті дамыту мақсатында көркемөнер құралдары арқылы көрермендерге Қазақстан бейнелеу өнерінің түрлерін ұсынды.
Мемлекеттік мәдени жобаларды кеңінен насихаттау және іске асыру аясында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай бейнелеу өнерінің заманауи құралдары перфоманс және граффити арқылы мәдениеттің, тарихтың және өнердің тұтастығын көрсету жоспарланды. Әрі суретшілер хакім Абайдың муралын салуды бастады.
Айта кетейік, музейлер – Қазақстан тарихы мен бүгінгі күннің әлеуметтік мәселелері көрініс тапқан суретшілердің жұмыстарын мәдени ортада насихаттайтын басты алаң. Бүгінгі күні граффитиді мемлекет пен қоғам арасындағы қалалық қатынас құралы ретінде қолданатын елдер саны артып келеді.